Тумысынан аңыз-ғұмырлы Хан-Бибім!
26.06.2019
1279
0

Әу бастағы азан шақырып қойған аты – Ханбөбек. Сол Хан-Бөбектен қазақтың хан қызындай Хан-Бибісі… Хан-Апасына айналып, атан тарта алмас қыруар рухани қазына-байлық жиған қанаттас дос Ханбибі Есенқарақызы жетпістің жотасына шыққалы отыр екен. Ой, жалған-ай! Бұрымы тірсегін соққан сол ақ көйлекті бойжеткенді көруім кеше ғана сияқты еді-ау!.. Десек те, ақын-ғұмыры жап-жасыл жырларымен жасарып, жаңғыра берері сөзсіз. Алаштың ақыны атанған Ханбибінің небір аңыз-әфсанаға бергісіз ғұмырнамасынан сыр суыртпақтап көрсек, талай нәрсеге қанығар едік. Оның шексіз бай жан-дүниесінің ішкі иірімдеріне түсіп, «жүз қырлы, бір сырлы Ханбибі әлемін» таныр едік. Оның есігін ашпас бұрын анау алты қырдың астында қалған жастығымызға сәл-пәл ат шалдырып алайық. Сонымен, әлқисса!

«Әдебиеттің алтын ғасыры» атанған ғасырдың сонау бір 1960-70 жылдары Фариза, Ақұштаптардың өкшесін басып, тағы бір жас таланттар шоғыры шықты. Сол үркердей шоғырдың ішінде Шымқаланың шоқтығы биік шайыр қызы Ханбибі Есенқарақызы да бар-тұғын. Бір қызығы, сол тұстағы «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейтін тәмсілдің әсері болар, жер-жердегі ақындардың біразы Алматыда өлуге… Қой, бетін әрі етсін оның, өмір сүруге асығып, көш басын бұрғанда, осы Ханбибі ғана орнынан қозғалған жоқ. Өзінің шырайлы Шымқаласында қалды. Содан шығар, маған оның өзінен бұрын сөзі жеткен-ді.
…ҚазМУ-де оқып, «Махаббат, қызық мол жылдардың» құшағында шалқып-тасып жүрген шақ. Қолыма жұқалтаң бір кітап түссін. Ханбибінің «Қанат қақтысы». Курстастар боп жабыла оқып, тамаша жырларына таңдай қағыстық. Әсіресе, «Балдыз назы» өлеңіндегі «Дей көрмеші сен маған баласың ғой, бақытыңды әйтеуір табасың ғой. Ертелі-кеш отырсам үйде жезде, бұл өмірде бажасыз қаласың ғой» дейтін әзіл-шыны аралас шумақтар сұмдық әсерлі еді! Әйтсе де, көпке ұзамай жолымыз тоғысып, «поэзия аспанында» қанаттаса ұшарымызды ол тұста кім болжап біліпті?
Хош. Біздің жүзбе-жүз танысуымыз – 70-жылдардың бас кезінде Кентау қаласындағы «Жас ақындардың аймақтық Кеңесіне» барғанымызда. Университет бітіріп, Қазақ радиосында қызметте жүрген кезім. Алматыдан біраз ақындар оңтүстікте өткен сол шараға қатыстық. Ханбибі облыстық халық шығармашылығында істейді екен. Үш күн бойы осы шаралардың басы-қасында жүрген онымен бұ жолы жақынырақ танысып-білісудің сәті түспеді. Тек сол тоқпақтай бұрымы бар, ақ көйлекті бойжеткеннің көркем бейнесін қарашығыма сыйғызып әкеткенім болмаса…
Жылдар өз ағысымен жылжып, арада біршама уақыт өткен соң қайта қауыштық. Жазушылар одағының кезекті бір Пленумында… Жиынға кешігіңкіреп жеткен қызыл көйлекті, топ-толық әйел менің қасымдағы бос орындыққа сылқ етіп отыра кетсін. Көз қиығын салсам, шырамытқандай болдым. Ол да таныған сыңайлы. Бас изестік. «Жыр жазатын жігіттер теңеп керім, қолаң шашым иықтан құламайсың» деп өзі жазғандай, баяғы мен көрген ұзын бұрым жоқ. Қып-қысқа шашын үстіндегі киіміне сәйкес қызғылт түске бояп қойыпты. Дөңгелек жүзіне жарасып-ақ тұр. Сонда да сол баяғы бұрымды (менікі емес, әрине) жоқтап, әжептәуір көңілім ортайсын… Себебін сұрауға оқталғанымда асығыс орнынан тұрып, әлдеқайда шығып кетті. Ал, мен болсам, мінберде тұрып алып, бір-бірімен «қызыл кеңірдек боп» айтысып-тартысып жатқан жазушыларға назар аударғам. Біраздан соң бұрылып қарасам, Ханбибім қасымда отыр… Сыбырласа бастадық.
– Ау, сен осы аяқ астынан қайда жоғалып кеттің?
– Өзіммен ала келген екі айлық сәбиім бар еді ғой. Қарыны ашып қалмасын деп, тамақтандырып келдім. Бір танысқа қолқа сап, қасына отырғызып кеткем.
– Ойбай-ау, далада аптап соғып тұр ғой қазір… Өлтіріп алмайсың ба ол шақалақты?..
– Көрер жарығы болса, өлмейді. Бәрі Құдайдың қолында! Қара аспанды төндірмей, тыныш отырсай сен қыз…
Ал, керек болса!.. Бала оныкі емес, тап менікі сықылды басу айтады-ей, маған… Оның қорқыныш-үрейге бой алдырмайтын жаужүрек, мықтылығына сонда еріксіз тәнті болғам. Бертін келе, ой-пікірін бетке айтып, жайпап тастайтын тарпаң мінезін тағы көрдім. Жазушылар одағының қасындағы «Қаламгер» кафесінде үш қыз түскілік ішіп отырғанбыз. Біреуі – Ханбибі. Сөйлесіп отырып, мен жаққа қарай сойылын сілтесін.
– Сен қыз, баяғыда еліктеп-солықтаудан көз ашпай, біресе Күләш, біресе Фариза боп жатушы ең. Әлек-шәлегің шығып, сорың қайнап… Соңғы кездері шын ақынға айнала бастадың. Өз жолыңды тауып…
Осылайша алдымен ащылап, сосын сәл-пәл шекер қосып тұщылап дұрыстағандай болды. Әрі-сәрі күй кешіп, сілейіп отырған мені жайыма қалдырып, енді ол қасымдағы құрбыма дүрсе қоя берсін:
– Әй, сен осы тәп-тәуір жазып жүр едің. Кейінгі кездері неғып былжырап кеттің? Ойыңды шиырып, ширатып бермейсің бе, шашыратпай?..
Мәссаған! Мынау қайтеді-ей, шетімізден қырып?… Өзіміз «тентек» дейтін Фариза апамен жылап көрісердей болдық-ау деймін сол сәтте. Ханбибінің онда шаруасы жоқ. Қос құрбысын сөзбен сілейте сойып тастап, әңгіме әуенін басқаға бұрды. Небір қызық хикаяттар айтып, соған ал кеп күлейік, ішегіміз қатқанша. Әлгіндегі реніш-өкпенің тіпті ізі де қалмағандай… Десек те бет-жүзімізге қарамай, осып айтқан сол сыни пікірлерінде өзіміз іштей мойындаған шындық бар еді.
Хош. Сөзіміздің басын бір қайырып қойып, беріге ойысайық. Осы арада тағы бір қызық жәйттің құлағы қылтисын…
Жазушы Мархабат Байғұт ағамыз ақын қарындасы жайлы керемет естелік жазыпты. Ханбибінің «Егіз лебіз» дейтін кітабында Махаңның өз аузымен айтқызсақ, әңгіме былайша өрбиді:
– «Ханбибі елу беске толғанда ғой… Алматыда жыр кешін өткізгенде, сол кешті мен жүргізгенім. Қазір қазағы жоқтап-сағынып үлгерген Фариза әпкеміз құттықтау сөзі алдында бұрынғы өз стиліне басып, ұрсыңқырап алды.
– Мына Ханбибі «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты мен жайлы. Сол шығармасында кіл нашар, көлеңкелі жағымды көрсетіпті, – деп бір қойды. Сосын жүргізіп отырған маған сұқ саусағын шошайтып: – Мархабат, сен де барсың оның ішінде. Сені де мәз қылмаған екен Ханбибің. Бірақ, бұның жазғаны түп-түгел шындық. Шындыққа қарай шын жүзген. Ханбибі – нағыз ақын! Бұ қыз менен озды! – деп барып тоқтасын Поэзия патшайымы. Демін ішіне тартып отырған жұрт ду қол шапалақтап, әділ бағасын берген ақынға қолпаштау жасады сол сәтте…»
Міне, осы естеліктің өзі көп жайдан хабар берсе керек. Мықтыларды мықтылар ғана мойындай алатындығын… Шынында да Фариза апасымен өресі тең, тек өрісі бөлек ақын ғой, Ханбибі дос!..

Қатира ЖӘЛЕНОВА,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері,
ақын

(Толық нұсқасын газеттің №25 (3659) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір