Текті ұрпақ тағылымы
18.06.2019
1035
0

Маусым айының соңғы жексенбісі – медицина саласы қызметкерлерінің күні. Бейресми күнге орай, күллі ғұмырын халықты сауықтыру ісіне арнаған ақ халатты абзал жан – Рахымбай Көшенов туралы аз-кем сөз қозғадық.

Асыл қан – қасиетті түрік қаны,
Сол қаннан – Ибн-Сина Әбуғали.
Молдығы білімінің сиқыр дерлік,
Дүниеге мұндай адам туды ма әлі?

«Түркістан». Мағжан Жұмабаев

Бұл қадірлі сөз­дер күнделікті мил­лиондаған адам­ның өмірін құтқаратын әлемнің барлық дәрі­геріне арналған.
Осындай аза­мат­тың бірі – ҚР Еңбек сіңірген қай­раткері, КСРО және Тәуелсіз Қазақ­стан­ның денсаулық сақтау саласының үздігі Рахымбай Көшенов. Есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кіта­бына енген.
28 маусымда 80 жасқа толатын ардагер дәрігер – Орбұлақ шайқасына қатысқан Тоқболат батырдың, Жалаңтөс Баһадүр мен Жәңгір ханның тікелей ұрпағы. Өз әкесі халық жауы ретінде репрессияға ұшыраған. Соған қарамастан, жары Мәрия екеуі алты баланы бағып-қағып өсірді.
Рахымбай Көшенұлы отбасының кенжесі, мектепке бес жасында барды. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Ташкент медициналық институтына оқуға түсті. Үздік студент Қазақстанға оралып, дәрігерлік қызметін бастады.
Қажырлы еңбегі мен терең білімі арқылы ол аудандық бас дәрігердің орынбасары болып тағайындалды. Халық оны жақсы көрді және талантты дәрігердің қызметіне үлкен құрметпен қарады. Ол туралы аудандық, облыстық газеттер жаза бастады. Әлі күнге аудан ақсақалдары оның кәсібилігі мен жауапкершілігі туралы айтып отырады.
1968 жылы Киевте геронтология институтына аспирантураға түседі. 1971 жылы кандидаттығын қорғап, еліне оралды. Алматыда, медициналық институттың госпитальдық терапия кафедрасында ассистент болып, академик Қаныш Сәтбаевтың немересі, профессор Райхан Әбікеқызы Сәтбаева сынды отандық медицина корифейінің қамқорлығымен ғылыми-оқытушылық жолын бастады. 1973 жылы Алматы облыстық денсаулық сақтау бөліміне облыстың бас ретінде шақырылды.
47 жылдық дәрігерлік-ұйымдастырушылық қызметі, оның ішінде 36 жылдан астам Алматы облысында жұмыс істеген Рахымбай Көшенов өңірдің де, елдің де емдеу-алдын алу көмегі мен терапевтік қызмет жүйесін қалыптастыруға және дамытуға елеулі үлес қосты. Мінсіз жұмысы үшін 1981 жылы «КСРО Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Екі онжылдықта облыстық терапевтер қоғамының төрағасы, республикалық терапевтер қоғамының және бүкілодақтық геронтологтар мен педиатрлар қоғамының Басқарма мүшесі болды. Терапевтердің 15-тен астам бүкілодақтық және республикалық съездерінің делегаты, сондай-ақ, геронтологтар мен педиатрлардың дүниежүзілік съезінің жұмысына қатысқан.
Осылайша, 1986 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудегі жоғары нәтижелері үшін ҚазКСР Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының және ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулы­сымен Рахымбай Көшеновтің есімі Қазақ КСР Құрмет Алтын кітабына енгізілді.
Рахымбай Көшенұлы – «КСРО Денсаулық сақтау үздігі» (1977 жыл) және «ҚР Денсаулық сақтау үздігі» (1999 жыл). Екі бірдей мемлекеттік наградаға ие болған еліміздегі алғашқы дәрігерлердің бірі.
Қазақстанда орыс медицинасының классигі С.Боткиннің Естелік медалімен санаулы ғана дәрігер марапатталған, соның бірі – Көшенов Рахымбай.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ол облыстың денсаулық сақтау жүйесінде жұмысын жалғастырды. 1998 жылы ең қиын кезеңдерде Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов Рахымбай Көшенұлына халыққа әлеуметтік және медициналық көмек көрсету жүйесін сеніп тапсырды. Ол зейнеткерлікке шыққан соң да еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің өркендеуі үшін аянбай жұмыс істеді. ЖИТС — пен күрестің тиімді және мобильді жүйесін ұйымдастырды.
2011 жылы еліміздің әлеуметтік-экономика­лық дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Қазір Рахымбай Көшенов жоғары санатты дәрігер ретінде өзінің ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының жетекші клиникаларының дәрігер мамандарына үнемі кеңес беріп отырады.

Әлия Бөкей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір