Астанада әлемнің 5 мемлекетінің басшылары шақырылып, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғаны мәлім. Дегенмен, мемлекеттігіміздің тарихы мен елдік идеясының Алматыда зерттелетіндігі, оны кездесуге қатысып отырған қазақтың зиялы қауым өкілдерінің жасағандығы ақиқат.
– Қазақ руханиятының қайнары – әсем Алматының күні тек қалалықтардың ғана емес, барша қазақстандықтардың мейрамы деген, – қала басшысы кездесуге қатысып отырған зиялы қауым өкілдерін қос мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Алматы әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатына және ол басқарып отырған «Нұр Отан» партиясының ұстанымдарына сай елдің мәдениетін, тілін, ұлттық спортты қолдау. Өйткені, бұлар – Мәңгілік ел болуымыздың басты шарттары.
Қазіргі кезде өте күрделі, сонымен қатар, ел ертеңі үшін өте жауапты кезең басталды. Қаржылық дағдарыс белең алып, үлкен мемлекеттер арасында текетірес күшейді. Соның салдарынан тұтас елдердің экономикасы шайқалуда. Ал оның кері әсері Қазақстанға, соның ішінде Алматыға да тиіп отыр». Қала әкімі басы артық шығындарды қысқартып, ең қажетті, қарапайым халыққа керек деген нәрселерге оңтайландырып жатқандығын айтты. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, бұл саясаттың мәні – «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» әрі тыныштығымызды сақтау», – деп атап өтті әкім.
Емен-жарқын әңгіме барысында қала басшысы Елбасы бастамасымен Мәдени мұрамыздың түгенделгенін, халқымыздың арғы-бергі тарихының, ұлттық өнер жауһарларының жүйеленгенін жеткізді. Президенттің сындарлы саясатының арқасында мемлекеттік тіл дамуда. Кезінде Алматыда үш-ақ қазақ мектебі болса, қазір 202 мектептің 63-і қазақ, 70-і аралас. Соңғы 5 жылда 12 мектеп салынса, оның 10-ы қазақ, қалған екеуі аралас.
Қазақстанның бұрынғы Кеңес елдері арасында бюджеттен миллиардтан астам қаржы бөліп, көркем әдебиетті қаржыландырушы жалғыз мемлекет болғанын әкім залда отырған жазушылардың есіне салды. Үкімет осыны «қысқартайық» деп бірнеше рет барғанда, Елбасының оған қарсы болғандығын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының пәрменімен мәдени ошақтар жөнделді, жаңа театрлар, концерт залдары, мұражайлар ашылды. Бұған ел бірлігі мен ынтымағының арқасында қол жетті». Қала басшысы бірлік пен татулыққа негізделген Қазақстан жолының баламасы жоқтығын, оны дамытуда зиялы қауым өкілдерінің үлесі зор екендігін қадап тұрып айтты.
Алматыда соңғы жылдары мәдениет саласында қыруар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2012 жыл «Мәдениет жылы» деп жарияланды. Еліміздің басты сахнасының бірі Республика сарайы қайта жөндеуден өтті, «Алатау» мәдениет орталығы бой көтерді. Еліміздің ең ірі партиясы «Нұр Отанның» Доктринасында төл мәдениетті дамыту, ұлттық құндылықтарды нығайту мәселесіне үлкен басымдық берілген. Әкім партияның қалалық филиалының Төрағасы ретінде оны мүлтіксіз орындау өзінің басты міндеті екенін атап өтті.
Айтыс – халқымыздың көне өнері. «Нұр Отан» партиясы оны жүйелі түрде қолға алған. Осыған орай, Алматы қаласының әкімдігі Республика сарайында қыркүйектің 20, 21-і күндері өтетін «Азаттықтың алтын бесігі» атты ақындар айтысының ұйтқысы әрі ұйымдастырушыларының бірі болды.
Әкім Қала күніне орай 25-тен аса мәдени шараның,сонымен қатар «Отырар» оркестрінің концерті, арнайы қойылымдар, «Ғасырлар сазы» ән-күй фестивалі, «Еуразия» және «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалдерінің өтетінін айтты. Ал Қала күнінің басты шарасы – Тұңғыш Президент саябағында өтетін «APLLE FEST» думанды мерекесі. Алматы әкімдігі Мәдениет министрлігімен келісіп, «Алтын домбыра» Республикалық ақтық ақындар айтысын және жыл аяғында Республикалық термешілер мен жыршылар фестивалін, Жазушылар одағымен бірлесіп мүшәйра өткізуді де жоспарлауда. Қала басшысы 2017 жылғы қысқы Универсиаданың Алматыда өтетінін, оның қаланың имиджіне, студенттердің болашағына қызмет ететін ірі жоба екенін, әрі оны ойдағыдай өткізу елге сын екенін айтты.
24-ші қыркүйекте барша Мұсылман жамағаты ең басты мереке – Құрбан айт мейрамын атап өтеді. Қала басшысы ата-бабамыздан келе жатқан діни дәстүрге сай Құрбан айт мейрамының қалада кеңінен аталып өтетінін айтты. Ерекше бір жайт, биыл Алматы әкімдігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет Құрбан айттың қарсаңында, 23 қыркүйекте Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Мұндағы өнімдер базар бағасынан 15-20 пайызға төмен болады. Көпшіліктің айт дастарханы үшін бұл едәуір көмек екені белгілі.
Алматы әкімінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында ұтымды ұсыныс-пікірлер, игі тілектер де айтылды. Мысалы, бас қосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақ ССР-інің Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбеков: «Жас келсе – іске» демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыға Сізді әкім етіп тағайындағанын құптаймыз әрі құттықтаймыз. Мен Сіздің музыкаға қатысыңыз бар екенін естідім. Сондықтан қазақ өнерінің екі тарланы – қазақ кәсіби би өнерінің падишасы – Шара Жиенқұлова мен қазақ эстрада өнерінің білгірі – Гүлжаһан Ғалиева туралы ойымды ортаға салсам деймін. Өйткені, бұлардың есімдері жыл өткен сайын көмескіленіп барады.
Шара Жиенқұлованың атын өзі құрған «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне, ал Гүлжаһан Ғалиевның есімін қазақ циркі мен «Гүлдер» ансамбліне беру керек. Мен бұл ұсынысты мәдениеттің тізгінін ұстаған талай басшыға айтқан едім. Бірақ еш нәтиже жоқ. Алматы қаласының әкімі ретінде осы іске ықпал етсеңіз, екі жақұтты мәңгілік есте қалдырар едік», – деді.
КСРО және ҚР-ның халық әртісі Бибігүл Төлегенова: «Құрметті Бауыржан балам, бүгін бәріміздің басымызды қосып, кездесуді ұйымдастырғаныңа мың да бір рахмет. Құдайға шүкір, сен жас та болсаң, үлкен қаланың әкімісің. Білімің де терең, түрлі лауазымдарды атқардың, «Нұр Отан» партиясында болдың. Алматыда білегіңді сыбанып тастап жұмыс істейтініңе сенімдімін. Біз, мына отырған ата, апаларың саған көмектесуге дайынбыз. Менен үлкен жоқ шығар бұл залда. Мен қазір 85 жасқа толып 86-ға бара жатырмын. Талай қиыншылықты бастан өткердік, сонда да мойымадық. Елбасымыздың арқасында аспанымыз ашық, еліміз аман. Жекең өте дұрыс айтады. Шара апамыз бен Гүлжаһан Ғалиева кез келген құрметке әбден лайық. Олар – қазақ өнерінің іргетасын қалаған жандар», – деді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы әкімді жаңа қызметімен құттықтап, Алматыда тілдік ахуалға ерекше көңіл бөлу керектігін алға тартты. Сонымен қатар, ол 2017 жылғы Универсиада кезінде әлемнің әр елінен келгендер «Алматыдан қазақ елінің қаласына келгендей әсер алып қайтулары үшін түрлі бұйымдарда ұлттық бейнеміз көрініс табуы тиіс», – дегенді айтып, өзінің бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Ал КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов зиялы қауымның басын қосып, ақылдаса білудің өзі тәлім-тәрбие екенін айтты. «Өнер қашан да алда жүреді, анау Американы бүкіл әлемге танытқан оның мәдениеті, әсіресе, киносы», – деді. Қазақ киносының бүгінгі күні Ресейден кейін екінші орында тұрғанын, Шәкен Айманов атындағы кинофестивальдің мәртебесін көтеру жайлы және жалпы кинофестивальдер өткізу туралы өз ойын айтты. Кино мен театр тарланы ұлттық театр құру туралы мәселенің Елбасының алдына қойылғандығы туралы хабардар етті. Мұхтар Әуезов атындағы театр қара шаңырақ әрі ұлттық театр болуға әбден лайық екенін айтты. «Жекеңнің сөзіне қосарым, Сәбира Майқанова мен Қадиша Бөкеева де ұмыт бола бастағандай. Екеуі де Кеңес Одағының халық артистері, бұлардың атында көше де, мемориалды тақта да жоқ. Бұлар – біздің өнердегі мәңгі ұмытылмас асылдарымыз», – деп аяқтады сөзін кино мен театр тарланы.
Бұл күнгі кездесуде халық жазушылары мен ақындары М.Айтхожина, С.Досанов, И.Оразбаев, С.Сматаев, М.Шаханов, Е.Смағұл, Ш.Сариев, А.Қоразбаев, Б.Нұржекеев сөз алып, ел мәдениеті мен өнерін, мемлекеттік тіл мен жалпы рухани дүниені дамыту жолындағы келелі ой-пікірлерімен, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.