Хамелеон бола алмаған қайран ақын
18.06.2019
945
0

(Басы газеттің 22, 23-сандарында)

Өтекең бір сұхбатында: «Өмір бойы өзімді сынаумен өттім, бір ісіме де көңілім толмады, яғни өзімді іздедім. Мен біреудің қалтарысына, құпиясына үңілуге құмартып тұрамын. Бұл жерде мен тыйым салынған алмаға әуестігі ауа беретін Хауа -Ана
сияқтымын», – деген еді.

Иманды болғыр, осы қасиетінен өле-өлгенше таймай кетті.
Талай темірқанат балаң ақындар осы бір шындықтың шалқар мұхитында қалтырамай, жеке-дара қасқая жүзген қайсар желкенді қара тұтып, қуалай жүзуші еді-ау!
Жарықтықтың қиқарлығы да бір басына жетіп-артылатын. Кейде: «Осылар менің «қалжың бомбыма» сенер ме екен, сенбес пе екен, байқап көрейінші», – деп, сөздің парқын түсінбейтіндерді әрі итеріп, бері жығып, жорта сөйлеп, мазақ қылып ойнайтын. Бүгінде не көп, өсек-аяң жазатын газет көп, өзіндік ойы, алып-қосары жоқ таяз тілшілер көп, оларға бұралқы сөз, арзан сенсация керек. Солардың бірі ақынға келіп, қазақ қаламгерлері арасындағы бақастық, көреалмаушылық сияқты көрдемше қылықтарды сөз ете отырып: «Кезінде қазақ жазушылары Мәскеуге домалақ арыз жазып, Лениндік сыйлықты алайын деп тұрған жерінен Есенберлинді мұрттай ұшырыпты ғой, ол туралы не білесіз?» – деп Өтекеңе аяр түлкідей дәм ете қарайды.
Мұндай аса сирек кездесетін «ғажап қан­со­нарды» іші пысып, ытырынып отырған Өтекең тегін жіберсін бе? Алақанын ысқылап, күлмең етіп: «Е, соны да білмейсің бе, оны жазған біз ғой, Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, мен, төртеуміз жаздық», – деп ананың сөз ләміне қарай соғып жібереді.
Алла сақтасын, сол, сол-ақ екен, жылдар бойы жасырынып жүрген адамжегіш жалмауыздардың қапияда дәл төбесінен түскендей, Өтекеңнің осы «сайқымазақ сценарийін» бәленбай газет, бәленбай сайт «сүйіншілеп», қарық болды да қалды.
Осынау қауесеттен құлағы сарсылған, телефонға жауап беруден шаршаған Әбіш Кекілбайұлы Нұрғалиевке хабарласып:
– Өтеке, бар болғыр-ау, мынадай адам сенбес пәлекетті қайдан қоқытып жүрсің?
– Е, мен не істеппін?
– «Мәскеуге арыз жазған – біз, төртеуміз» депсің ғой!
– Үй-бой, соны да жазып қойып па? Мен ойнап айтып едім ғой!
– Бала-шаға сенің ойнағаныңды қайдан білсін!
Міне, Өтекең осылай, анда-санда көптен хабарласпай кеткен замандастарын қазанның қара желіндей ұйқы-тұйқы етіп, иманын ұшыра бөрліктіріп, аяқ астынан, тұтқиылдан өздері телефон шалуға мәжбүрлейді.
Ал, осыған күлесің бе, жылайсың ба?!
«Нар баласын қарпып сүйеді» деген нақыл бар қазақта. Кейбір адам мінезінің құпиясына бойлай алмайтын шала сауатты сыншылар: «Өтежан деген ақын Абайды, Әбішті, Мұқағалиды былай деп күстаналайды», – деп күңкілдейді. Оу, шындап келгенде, Өтекеңнің осылардан артық кімі бар?!
«Сабылып іздеу рақаты болады, талып табу рақаты болады, есің кетіп тану рақаты болады, мәңгілік табыну рақаты болады», – деп Роллан аға Сейсенбаев айтқандай, Өтекең де өмір бойы іздеген аңсарлы, жеңсік затын ғұмырының соңына қарай тапқандай болды. Ол әлемдік философия мұхитына құлаш ұрды, оның айғағы – «Афина мектебі».
Осы орайда, «Мамонттарға баратын жол» поэмасын тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұл, бір қарағанда, ақын өнернамасының түйіні іспеттес.
Бұл не сонда?
Пәлсапа ма? Айтам бәрін. Асықпа.
Мен барамын жырымменен көз жетпейтін
Қашыққа.
Тіл жеткеннің бәрін айтам –
адамдардың ғұмырын,
Тірі ағаштың тамырларын,
өлі ағаштың түбірін.
Мұның бәрі – керек Тарих.
Оралмаса болмайды,
Бір жоғалған шежіренің орны қайта
толмайды.
Сәл кешеңдеу туып қалып, кеш жетілген
ұрпақпыз,
Қырық бесте суық шалып, көптен бері
сырқатпыз.
Аспандағы жұлдыз шаңы…
Темірқазық тұсында…
Талай сұмдық бара жатыр тіліміздің ұшында.
Қалыңдайды жүрегіңе жауып қойған жабағы,
Өткен күннен алғанымыз өкінбеудің сабағы.
Нағыз Ұстаз керектерге – өмір ғана ғұлама,
Өткен күнге өкініш жоқ.
Еркексің ғой, жылама.
Тарихы бар Туған жерде теректің де,
талдың да,
Аппақ болып қол жаярда ақиқаттың алдында!
Не десең де… жартасымды жарып шығып
жатыр ән –
Көптен бергі тереңдегі сыймай жүрген
запыран…
Жердің жүзі – Стадион. Төбесінен гүл ұшыр,
Ешуақытта ескірмейді күрес жолы – ұлы сыр!
Кел, қозғайық көкіректен кеткен күйді ескіріп,
Патефонның табағынан әрең-әрең естіліп.
Өмір бойы өлеңімде Жасадым мен Бай мүсін,
Кіп-кішкентай адамдардың жержүзілік
қайғысын.
Басыңды и, – деп, ат мінгізді, иер жерде
Халқыңа…
Адал бол! – деп хат білгізді, адал бол деп
антыңа!
Бас игенім – құлдық емес, емес я соқырлық,
Кітап көрсем деп армандау –
мың жылдан соң оқырлық.
Өлілермен Бұл дүниеде кездесе де алмаспыз,
Өйткені біз Ерлік дейтін екіжүзді Алмаспыз…
Бәрін айтам… Жоғалмайтын ұлылықтың
мұратын.
Темірқазық жасап кетем мәңгі
жанып тұратын.
Әзір бірақ… Уақыт жеңіп, жол үстінде
шаң жеңіп,
Жатқан жай бар витаминнің
ұйқысымен емделіп.
Елге деген сағынышпен, үйге деген базарлық,
Жатсын менің жан-дүниемді
таусылмайтын базар ғып…
Сол базардан тапсын әркім
Абай айтқан керегін,
Іздеп жүрген қуанышын, таппай
жүрген дерегін.
Талай досым талай жерде жылан болып
зәр төкті,
Талай досым талай жерде ақ шашымен
ар төкті…
Сан доспенен кездестім мен.
Сан тағдырды Ұқтым мен,
Ең соңында ақ сақалды Тағдыр болып
шықтым мен…
Менің басым – қатыгездеу, иілмейтін
Сараң Бас,
Ескерткіштің қарсы алдында тұратұғын
жалаңбас…
Аурудан әбден қалжыраған Генрих Гейне 1848 жылғы көктемнің бір құлпырған әдемі күні Париждің жасыл көшесін жағалап шығады. Ол ақырғы әлін жиып, Луврға келіп, Венера Милосскаяның мрамор мүсінінің алдына келіп тоқтайды. Ақын өлер алдында қоштасу үшін өнер қазынасына тағзым етеді. Иә, сұлулық кеткеннен кейін кеудең иесіз үйдің азынаған пешіндей құлазып қалмай ма?
Өтекең де жан берер алдында Желтоқсан көшесімен әрлі-берлі жүріп, содан соң үйіне келіп, кітаптарын аялай сипап отырып, дүниеден өтіпті.
2011 жылдың 7 қаңтары күні Өтежан Нұрғалиұлының арыстай денесі Жазушылар одағының фойесіндегі табытта жатты. Жұрт әйгілі шайырмен қоштасуда. Бір кезде төменгі қабаттан жүрегіңді жұлып ала жаздайтын аса зарлы, озандаған жоқтау естілді. Талай жақсы мен жайсаңды ақырет сапарына аттандырған қасиетті орда мұндай жоқтауды бұрын-соңды естімесе керек, жамағат сілтідей тынып қалды. Жоқтаудың ұзын-ырғасы мынадай: «Құлыным-ау, осы Алматыда нең бар еді, жалғызыңнан айырылдың, өзің де оңбадың, одан да Байғанинде қасымда жүрсең, мұндай күйге ұшырамас едің-ау!» – деген азалы үн төбе құйқаңды шымырлатады. Жоқтау айтқан туған інісінің қазасына пойызбен әрең жеткен жалғыз апасы екен. Әлгі кейуана «аһ» ұрып келіп, табытта жатқан інісінің кеудесіне туған жерінің топырағын қойып, мәйітті құшақтап солқылдап жылағанда, біраз адамның дәті шыдамай, теріс айналды.
1010 жылы Фердоуси әйгілі «Шаһ­намасын» жазып, Сұлтан Мах­мұт Газ­невиге сыйға тартады. Бірақ, Сұл­тан уәделескен алтын динарын бермей, харамдық жасайды. Ақыры түңілген Фердоуси әміршіге мысқыл өлең шығарып, ша­һар­дан қашады. Кейіннен Сұлтан Махмұт шайырды ренжіткеніне өкініп, алпыс мың алтын динарды Тус шаһарындағы Фердоусиге жібереді. Барған керуен шаһардың бір дарбазасынан енгенде, Фердоуси сол күні дүние салып, мүрдесін екінші дарбазадан шығарып бара жатыпты. О, баянсыз қу жалған!
Міне, Өтекеңнің де өлеңдері өрге шыққан кезде, амал не, оның өзі бұ дүниеде жоқ еді…
Ақын қазасынан жарты жыл өткеннен кейін қыздары – Маргарита, Бэла, Тахмина Светқали Нұржанды шақырып, әкелерінің мұрасын жүйелеу жөнінде ақылдасады. Свет­қалидың айтуынша, жарияланбаған жырлармен қатар, біраз уақыт өтуін қажет ететін өттей улы жазбалар да жетерлік екен. Бәрі мұқият реттеліпті.
Айналайын, Өтекем-ай, тірімде қан-жоса қылған, иттер өлгенде мұрамды ту-талақайға салмасын деп, күллісін текшелеп, буып-түйіп кетіпті-ау! Бәсе, көзі жұмылғанша қиянаттың неше атасын көрген, өмірдің өзі сақтыққа үйреткен кәрі тарлан, мұрасына мұқият адам бақиға кетіп бара жатып, артын қалай тиянақтамасын?! Бұған да шүкір, тасбиықтай тартылған жетпіс екі жасының өн бойында моншақтай тізіліп, жақұттай жарқырап, дауылпаз дарынның он екі жыр кітабы тұр.
Өтекеңнің бойындағы мәрт қасиеттерді тап басып таныған ақын інісі Светқали Нұржан осыдан жиырма сегіз жыл бұрын былайша толғанған болатын:
Көшпендінің ең ақырғы серісін,
Өркениет тұра ала ма басқа ұрмай.
Қып-қызыл боп келе жатад, терісін
Сыпырып ап қоя берген қасқырдай…

Ащы да болса, шындық осы!
Қош, алдиярым! Қош, алдын кестірмеген ақбөкенім!

Жұмабай Құлиев

(Соңы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір