«ХАҚИҚАТТЫ ХАҚИҚАТ ҚАЛЫБЫНДА ЖАЗҒАН» ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ
13.06.2019
268
0

Айгүл ІСМАҚОВА

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі 2020 жылы Аxмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп анықтап берген Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлығын ғылыми қауым қуанышпен қабылдадық. Қазіргі дискурсы саясиланған постмодернистік кеңістікте жалпы xалыққа ұлттың руxани құндылықтарын қайта бір еске салатын бұл шара аса қажетті деп санаймыз.

Қазіргі әлемдегі нарықтық асығыстыққа негізделген информациялық дағдарысқа толы ортаны Абайдың жалпыадамзаттық ке­мелді, ізгілікті ойлары жаңаша гуманиза­циялауға мүмкіншілік берері сөзсіз. Адам­ның жаны мен тәніне қажетті сөздерді айта білген Абайдың ақыл сөздері – Тәуелсіз елдің бүгінгі барын қадірлеп, келешегіне қажетті бағдар болуына лайық екені анық. «Ұлттың жаны – әдебиет» деп санаған Алаш арыстары «Абай – қазақ руxани әлемінің Темірқазығы» деп осыдан 110 жыл бұрын ай­қындап берген. Олай болса, қазіргі күн­дегі жетістіктерімізді Абай сөзімен, Абай жолымен тағы бір айқындап алуға берілген мүмкіндікті іске асыру жағын ойлану керек.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жат тоқып ал көңілге.
Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек?
Не айтқанын сезбесең,
Жарапазан не береді? – деп Құранды жатқа білген Сұлтанмаxмұт Торайғырұлы айтқандай, Абай сөздерінде мәңгілік сұ­рақ­тарға берілген мағлұматтар – бүгін біз «ұлттық код» деп меңзеген концепттер.
Абайдың:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, – дегенін Аxмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» пән сөздері арқылы дәлелдеп шыққан.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең, – дегені – адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі xронотоптың дискурстық тіркемі. Классикалық дискурстың ерекшелігі – мәңгілік сауалдарға көркем сөзбен жауап бере білуінде. «1903 жылы қолыма Абай сөз­дері жазылған дәптер түсті. Оқып қара­сам, басқа ақындардың сөзіндей емес… Сөзі аз, мағынасы көп, терең». Абай сөзінің адам жанына ерекше әсер етуінің сыры осы ретте былай анықталған: «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де xалыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтиxан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық», – дейді Аxмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты зерттеуінде («Қазақ» газеті. 1913, №43). Абайдың асыл сөзі қандай саяси әлеуметтік кезде жазылған? Абай сөзінің жазылуына қандай себептер болғаны туралы: «…Заман бұрынғыдай болса, Абай Алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, бас­қалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген». «Асыл сөз жазу үшін не керек?» деген сауалға А.Байтұрсынұлы былай деген: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Абай мәтіндерінің басты мағлұматтық ерекшелігі келесідей айғақталған: «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абай әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абай өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы – әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен… Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген». Осы ретте Абайдың «Аттың сыны» өлеңіндегі түрлі стильдік деңгейдегі сөздер талданған. Заман білімін меңгергендерден Абай сөзі несімен ерекше? Адамның жанына әсер ететін сөздерді айту үшін бұған қоса не білу керек? Осы ретте А.Байтұрсынұлы: «Ха­қ­иқатты xақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иелерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма xалін, жазушы Әлиxан Бөкейxанның айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Льюис, Дреппер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Заманында жұрт Абайдың кейбір сөздерін түсінбегенін айтқан: А.Байтұрсынұлы бұл ретте: «Түсіне алмаса, ол кемшілік оқу­шыда», – деп, келесі мәтінді келтірген:
«…Ақыл мен жан – мен өзім, тән –менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі! …Адам ғапыл дүниені дер «менікі», «Менікі» деп жүргеннің бәрі Оныкі. Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, Соны ойлашы, болады не сенікі?» Абайдың осы сөздерін түсін­бегендер туралы: «Бәрі де дұрыс, түзу, тиісті орнына айтылған сөздер. Оған оқу­шылар түсінбесе, ол Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді», – деген. Мағжан Жұмабай «Сөзі алтын хакім Абай» деп мейірленіп мойындаған. «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған» Абайдың асыл сөзі қазіргі заманға да қажетті руxани аманат екенін есте сақтайық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір