Хамелеон бола алмаған қайран ақын
12.06.2019
148
0

(Басы өткен санда)

Ал, енді «Карменге» құлақ түрейік:
Деп жүрген кез: «Биыл соғыс бітеді»,
Ел әскердің оралуын күтеді…
Есте қапты иіссудың, сабынның,
Иісі аңқыған Біздің Колхоз Дүкені.

Тығып жүрген қолхатындай Елшінің,
Я болмаса, дәрісіндей емшінің,
Әсіресе «Кармен» дейтін иіссу
Болды менің көптен бергі жеңсігім.

Тыныш қана… өкшемді де көтермей,
Я қасынбай, жөткірінбей, жөтелмей,
Ұзақ-ұзақ тартатынмын иісін
Танауымен жел иіскеген бөкендей.

Дүкенге де барам ылғи сол үшін,
Дүкеншіге берем ылғи қол ұшын.
Кірсем болды одеколон иісімен
Кеңіп жүре беруші еді тынысым.

Сол дүкенге ылғи барып тұрдым мен,
Уақыт өтіп, бір күн озып бір күннен.
Сүйіншіге Шоқат берген бір сомға,
Сол «Карменді» сатып алып тындым мен.

Алдым дағы… Алғаш жауған қар қалың,
Алға қарай жалғыз ұшып самғадым.
Әтір шашып мынау аппақ дүниеге
Жан қалтамда жатты менің Арманым…

Үстіне ілінгенін сәндемек түгіл, жау талағандай боп жүретін бозымдардың иіссу іздеп не жыны бар? Сонау жоқшылық кезеңнің өзінде әлгі шәрдәрідей жұпарды тек Өтекеңдей серілер ғана аңқытып жүргеніне таң қалмасқа болмайды.
Міне, аяулы ақынды бала кезінен сұлулыққа ұмтылған мұнтаз, бекзат деуімнің мәнісі осы еді.
Кейде өз таланты, өз мінезі өзіне қырсық, қара талақ боп жабысатын жандар болады.
Соның бірі – тағы да Өтекең еді. Бұл өзі көп бұрыла бермейтін теміржол сияқты тік мінез адам-ды. Шытынап тұрған ана екі көз – тек қайрат қана емес, қыңырлықтың да белгісі. Оның көз жасы мен жүрек қанын сорғалата отырып жазған асқақ та тәккаппар жырларын оқыған топыраштар күпке түсіп, кролин жұтқан қойлардай пысқырып, бас шайқасатын.
Ол тыныш жүрмейтін дүрбелеңнің, әрекеттің адамы екенін жоғарыда айттық қой. Мәрттікті ту еткен Өтежан ақын біреудің залымдығын, аярлығын сезіп қалса, запыран сөздерімен тұншықтырып, қапысыз суарылған Салахаддиннің қара көк семсеріндей бетін тіліп жіберетін. Оның бұл «тарпаңдығын» бұл дүниеде бақсылар да, бай-манаптар да қаға алған жоқ. Ол кешегі кеңестік қоғамда қашып жүрген қоңыраулы кісідей өмір сүрді.
Бөрімен ұялас, жыланмен ордалас, мыстанмен сиқырлас әккі-жырындылар аңғал ақынды талай жерде оңдырмай омақастырды.
«Қарақшылар керуенді қайқаңда күтіп алып, ойпаңда тонайды» дегендей, кешегі бықсыған әдеби орта Өтекеңді де құрбандыққа шалып жіберді, партия қатарынан шығарды, бірде-бір шығармасы басылмайтын болды.
Қанға батып қалды қылыш опасыздың
мойынында,
Ойнап өттім сұм дүниеде –
бір жалған жоқ ойынымда.
Өмір деген шахматтың фигурасын жара
тескен –
Мен ойнадым «Чемпионмен» ылғи ғана
қара таспен!
Ақ таспенен ойнаған қу ұтып алды
қара атымды,
Айқыш-ұйқыш оқтар кесті менің ұшқыр
қанатымды.
Қанатыма тиген оқтар қасқыр болып
ұлып түсті,
85-те атқан оғы «Королімді» жұлып түсті!

Иә, Өтекеңнің жанына балаған «Королін» мерт қылды! Әкесіне істеген озбырлыққа жаны күйіп, қарсы жасар қайраны болмай, жалғыз ұлы Саят атылып өлді!
Жас кезінде қатарынан қалмай дүние-мүлік жинасам, үй болсам деген Өтекең жалғыз ұлы Саятынан айрылғасын, теперіш көргесін жалған өмірдің бүкіл жылтырағынан саналы түрде безді. Қуықтай баспанасындағы біраз жиһазын, әйелі Күләш екеуінің жататын диван-төсегін 1989 жылы Әуезхан Қодарға сыйлады. Үйдің төрт бұрышын кітапқа толтырып, жалғыз текемет төсеп, спартандық тұрмыс кешті…

Жұмабай Құлиев

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір