Жүрегіме өлең деген шоқ түсті
12.06.2019
1351
0

Темірхан Медетбек
(студент кезі)

(«Қайран, өмір» атты ғұмырнамалық кітабынан үзінді)

Газет- журналдардан оқып-білуім бойынша, шашы дуда-дуда ақын ағамыз Әбу Сәрсенбаев өте бір мейірімді жан көрінеді. Кейбір журналдар ол кісі туралы шарждар салса, қасына құжынаған балаларды салып қояды. Ол балалардың ішінде Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қанипа Бұғыбаевалардың бейнелерін болжаймын. Оларды «Әбудің балабақшасы» деп атайды екен. Менің де сол балабақшаның ішіне кіргім келеді.

Сондықтан, сол кісінің адресін алу үшін Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына бардым. Ырымшыл елде өскен мен, ішімнен: «Бисмилла раһман раһим», – деп қасиетті табалдырығын оң аяғыммен аттап кірдім. Бүкіл жазушылар бір ауылдың адамдары секілді бір-бірінің үйлерін біледі деп ойлайтын болуым керек. Қарсы жолыққан егделеу бір кісіден, алдымен: «Ассалаумағалейкүм», – деп, қолын алып сәлемдесіп, ақсақалдың үйінің адресін сұрадым. Ол кісі «Үйін итім біле ме» деп өте шықты. Сөзі құлағыма түрпідей тиді. Етектері салтақ-салтақ боп жапа басып жүретін аузы бейпіл әйелдердің айтатын сөзі… Имене-имене екінші бір адамнан тағы сұрадым. Ол кісі қасымнан өте шықпай: «Екінші қабаттағы шеткі бөлмеде қыздар отыр, солардан сұра», – деді. Шынында да екі-үш әйел отыр екен. Олар жаяу барсам, қалай баратынымды тәптіштеп түсіндіріп, адресін қағазға жазып берді. Соның өзінде сұрастыра жүріп үйіне жеттім. Жүрексіне тұрып, торғайдың көзіндей жылтыраған түймені бастым. Есікті толқынды шашы дудырап, Әбу ақсақалдың өзі ашты. Суреттерден талай көрген таныс бейне.
– Кім керек еді, балам? – деді әлгі кісі жұмсақ үнмен.
– Cіз керексіз…
– Мен кіммін? – жүзінде лып еткен қызығушылық нышаны пайда болды.
– Сіз Әбу Сәрсенбаевсыз ғой…
– Е, онда танып тұр екенсің, кіре ғой.
Дәл түскі астың үстіне келген екенмін. Дастархан басында екі-үш адам отыр.
– Мына бала мені іздеп келіпті, – деді Әбекең айналасына қарап. – Шай құйып отырған Ләзиза апайың. Мына кісіні танитын шығарсың.
– Иә, танып тұрмын.
Ғабдол Сланов күлімсіреп қана отыратын, ашаң денелі, көзілдірікті көзі мейірімге толы, инабатты кісі екен. Жайлап қана басын изеді. Мен сәлем беріп, қолын алдым.
– Ал шаруаңды айт, – деді Әбекең мен жайғасып алғаннан кейін.
– Оқуға түсейін деп келіп ем… Cізге өлеңдерімді көрсетейін деп… Сөзімнің доғалдау, икемсіздеу шыққанын біліп отырмын. Оның үстіне дауысым қарлығып, бұрынғыдан да қысыла түстім.
– Қайдан келдің?
– Түркістаннан.

Әбу Сәрсенбаев

– Түркістаннан?! Қасиетті жерден келген екенсің ғой, – деді шай құйып отырған Ләзиза апай. – Шай іш, палау ал. Түркістаннан болсаң, палауды жақсы көретін шығарсың.
Мұндайда қалай шай ішіп, қалай палау аласың. Тұла бойымды темір құрсап алғандай сірескем де қалғам.
– Атың кім?
– Темірхан.
– Ал, балам, былай болсын. Өзің Түркістаннан екенсің. Атың Темірхан екен. Олай болса, мына отырысың не? Егер жөндеп тамақ жеп, шай ішпесең, өлеңіңді тыңдамаймыз, соны біліп ал. Ғабдол, солай ма? – деп Әбекең маған тіктеп, қарсы қарап алды да, Ғабдол Слановқа бұрылып, қуақы күлімдеп, көзін қысқандай болды. Ләзиза апай да «ал, іштің» астына алып барады. Мынау алғаусыз көл-көсір қонақжайлылық пен мейірімнен менің де сіресіп қалған қол-аяғым босап, тағамға қол созып, шай ұрттай бастадым…
Сәлден кейін дастархан жиналды. Әбекең мен Ғабекең мені кабинетке бастады. Кабинеттің екі қабырғасы түгелдей кітап екен. Осыншалықты кітабы көп үйді тұңғыш рет көруім. Аузымды ашып тұрып қалыппын.
– Ал, Темірхан балам, өлең оқы, – деген Әбекеңнің жұмсақ үнінен бойымды жинап алдым.
Орындыққа жайғасып, қалтамдағы дәптерлерді қолыма алдым.
– Өлеңдер оқиын ба, әлде поэмалар оқиын ба?
Ғабекең мен Әбекең бір-біріне жалт қарады.
– Поэмалар? – деді Ғабдол аға, осы үйге келгелі бері маған тұңғыш тіл қатып.
– Поэмаларың көп пе? – деді Әбекең де қызыға қарап.
– Екеу.
– Сен алдымен өлеңдеріңді оқып көрші, поэмаларыңды соңынан көре жатармыз. Қане, балам, бастай ғой.
Дәптерлерімді ашып жіберіп, оқуға кірістім. Бірінен соң бірін түйдектетіп, төрт-бес өлеңді лезде-ақ оқып тастадым. Жүздеріне қарап отырмын, өлеңдерім ұнаған сияқты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір