Болашақ президентке бес аманат
Осы аптада елімізде Президенттік сайлау өтеді. Еліміздің болашақ Президентіне зиялы қауым өкілдері қандай аманат жүктейді? Осы ой арнасын қаузап, бұған дейін газетімізге қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін бергенбіз. Ел мен жер мүддесін ойлайтын азаматтардың тағы бір шоғырының ұсыныстарын жинақ беріп отырмыз.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық артисі
Мәдениетке көп көңіл бөлу керек
1. Мемлекеттің басты құндылығы – адам, оның халқы. Сол себепті, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын көтеруге күш салу керек. Қазір елімізде тұрмыс жағдайы төмен отбасылар көбейіп кетті. Көпбалалы отбасылар баспанасыз көшіп-қонып жүр. Қазақтың қаншама отбасылы азаматы екі қолға бір жұмыс таба алмай, бала-шағасын әрең асырап отыр. Қазақтың қаншама орда бұзар жасқа жеткен жігіті басында үйі болмағандықтан, жеке отау құра алмай жүр. Осының салдарынан қазақтың саны көбеймей тұр. Жалпы, елімізде баспанасыздық және жұмыссыздық мәселесі болмауы тиіс. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мен зейнетақыны көбейту керек. Мемлекет ана мен балаға жағдай жасауды басты назарда ұстауы қажет. Ана мен балаға тегін дәрігерлік қызмет көрсетілсін. Халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін қай салада да айлық жалақыны көбейту керек.
2. Медицина және білім беру саласы мамандарына жағдай жасалсын. Қай елдің де болашағы – дені сау және білімді ұрпақ. Тәніміз ауырса, дәрігерге жүгіреміз. Ал, бүкіл өміріңе азық болар білімді мұғалімнен аламыз. Алайда бүгінде, әсіресе мұғалімдердің мәртебесі төмендеп кетті. Қағазбастылық екі саланың да адымына тұсау болып тұр. Сондықтан дәрігерлер мен мұғалімдердің айлық жалақыларын көбейтіп, артық-ауыс жұмыстан босату керек. Олар тек өз істерімен айналыссын. Сонда ғана жас ұрпақ мектептен сапалы білім алып шығады. Сонда ғана елімізде өлім-жітім, ауру-сырқау деңгейі төмендейді.
3. Мәдениет және өнер саласының деңгейін көтеруге күш салсын. Жасыратыны жоқ, бүгінде театрларда еңбек етіп жүрген артистер қауымының ақшасы мәз емес. Содан да олар отбасын асырау үшін амалсыздан тойда асабалық етеді, бір көре сала ұмытылып қалатын, тіпті, көруге тұрмайтын жеңіл-желпі киноларға түсуге мәжбүр болады. Сол себепті артистерге жағдай жасап, айлық жалақыларын көбейтіп, баспанамен қамтамасыз етуге назар аудару керек. Сосын қазір экранды сайқымазақтар мен әншілер жаулап алды. Қаптаған әзіл-сықақ бағдарламалар мен таусылмайтын концерттер. Көрерменнің талғамын өсіру үшін рухани, ойлы, терең дүниелерді көбейту керек. Болмашыға күле беретін, селкілдеп билегенді ғана білетін ұрпақтан ел қамын ойлайтын, парасат-пайымы жоғары, ойлы азаматтар шықпайды.
4. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру керек. Қазақ пен қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін. Қазақ қазаққа сөзін қазақша айтсын. Бұған, ең алдымен, үкімет басында отырғандардың өздері үлгі болуы керек. Қазақтың білімі де, ғылымы да, мәдениеті де, өнері де қазақ тілінде болуы керек. Сонда ғана бүгінгі жас ұрпақтан кімге де болсын «мен – қазақпын» деп мақтанатын, ұлтын сүйген азаматтар өсіп шығады. Ал, елін, жерін, ұлтын сүйетін азамат үшін халқына қызмет ету бірінші орында тұрмақ.
5. Қазақтың жері қазағына ғана бұйырсын. Болашақ президент қазақтың жерін келер ұрпаққа шашау шығармай, сол қалпында түгел жеткізуді өзіне азаматтық парыз һәм ар ісі санасын.
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның Халық артисі
Жас ұрпақ үшін бәрін жасау керек
1. Қай халықтың да жаны – тілінде. Ана тілінде. Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Сондықтан, ең алдымен, Қазақ мемлекетінде Мемлекеттік тілі –Қазақ тілі үстемдік етуіне баса мән беру керек. Біз тіл арқылы ғана ұлтымыздың болмысын, мінезін, ерекшеліктерін, тінін, ділін сақтап қала аламыз. Мәдениетіміз бен өнеріміз де, әдебиетіміз де – тілімізде. Жас ұрпақ мектепте, ең алдымен, ана тілінің қайнар бұлағынан сусындасын, мейірін қандырсын. Ана тілінде ұлттық құндылықтарын танысын, көкейіне тоқысын, бағыт-бағдар алсын. Өйткені уызға жарымаған бала ертең ішіндегі бос орынды толтыру үшін әрнеге бір еліктейтін болады. Өз ұлтына мұрын шүйіре қараушылық осыдан келіп шығады. Ал, өз ұлтын менсінбейтін адам өз елін, жерін қайдан сүйсін?! Бабалар аманатына адалдық дегеніміз де өзіңді сүюден келіп шығады. Өзіңді сүю деген – өсіп-өнген топырағыңды, ана сүтімен бойыңа дарыған тіліңді сүю. Өзін сүйген елдің еңсесі биік, мәртебесі асқақ, мерейі үстем болмақ.
2. Қай елдің де болашағы – жас ұрпақ. Өсіп келе жатқан жас жеткіншектер. Баласы бақытты ел – қуатты ел, келешегі кемел ел. Алайда бүгінде балаларымыз бақытты ма? Неге балалар үлкендер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауда? Неге балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау жиілеп барады? Неге балалар кешкі, түнгі уақыттарда әке-шешесіне еркелеп, үйінде отырудың орнына тойда өнер көрсетіп, ақша табуға мәжбүр? Неге ата-анасы балалардың түнгі ұйқысын күзетіп үйінде отырмайды? Неге түнде де жұмыс істейді? Жалпы, балаларға қатысты осындай жайттар менің жанымды ауыртады. Сол себепті, балаларға бақытты балалық шақ сыйлап, жарқын болашақтарына жол ашуға бар жағдайды жасауымыз қажет…
(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)