Ахмет Байтұрсынұлы: «Жерді жалдаудан тартынбағандар – сатудан да тартынбайды»
12.06.2019
968
0

Кешегі империяға қарсы иінтіресе күрескен Алаш партиясын алаң еткен екі мәселе болса, соның бірі – жер мәселесі еді. Жерге иелік етуден қалған халықтың ел болмайтынын ойға түйген Алаш боздақтары біртұтас ұлт болудың қамына кірісті. Әне, содан бері «ұлтым» деп, от болып жанған кеуделер, намысы ояу жүректер қазақ жерін жат қолына бермеудің жолында күресіп бақты. Ақыры қазақтың тең жартысы мен Алаш арыстарының басын беріп жүріп, Тәуелсіздік кезеңіне жеттік. Өкініштісі: «Өз тізгініміз өзімізге тиді», – деп қуанып жүргенімізде билік басындағылар «Жерді сату мен жалға беру» дейтін аурумен ауыра бастаған сияқты. Жуырда «Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қытайға 15 мың гектар жерді сатқанын мойындады» деген хабарды естіп, абдырап қалдық.

Мұндайда Жапонияның фантаст жазушысы Сакио Комацудың «Жапония сатылады» атты шағын әңгімесі еске түседі екен. Шығарма кейіпкері Кома атты алаяқ мәлім бір қалада дәмханада отырып, өз мекендерін мақтан етіп, кеу-кеулеген топтың үстінен түседі де, ол да жапон жерінің кереметтігін айтып, бөсе жөнеледі. Кенет, сол топтың арасынан құбыжық кейіптегі біреу Команың мақтауына елігіп: «Жапония сен айтқандай ғажап ел болса, менің оны сатып алуыма бола ма?» – деп сұрайды. Алаяқ Кома оған көмек қолын созатын болып, екеуі келіседі. Көп өтпей әлгі құбыжық кейіптегі адам Жапониядағы көп жерлерді өз иелігіне алады. Белгісіз сиқырға еліткен билік басындағылар Комамен бірге күллі Жапон жерін әлгі құбыжыққа сатып жібереді. Ең соңында құбыжық кейіптегі адамның өзге планеталық екені мәлім болады. Аяқ астынан алып кемелер келіп, алаяқ Команың көзінше бүкіл Жапонияны тік көтеріп, басқа планетаға алып кетеді. Дәл сол сәтте ғана өзінің қандай қылмыс жасағаны туралы ойланған алаяқ Кома: «Мен сүйікті Жапониямнан айырылдым ғой», – деп есі ауысып, жындыханадан бір-ақ шығады. Ол жақтан шыққан соң, кездескен адамдардың бәріне: «Осыдан пәлен жыл бұрын осында Жапония де­ген ел болған, сол елді, жерді мен сатып жібергем», – деп қайғырады. Бұл фантастикалық әңгіме біздің елдің қазіргі жағдайына сай келетіндей… Қазір біздің елде де, билік басындағылар арасында да Кома секілді алаяқтар өріп жүр.
«Жер дауы – бес миллион қазақтың дауы», «Жер десе, дірілдемей болмайды: жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры» деген Әлихан Бөкейханұлы жер тағдыры – ел тағдыры екенін қатаң ес­кертеді. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы: «Жер мәселесі – қазақтың тірі иә өлі болуы­ның мәселесі», «Жерді жалдаудан тар­тынбағандар – сатудан да тартынбайды», – деп ашығын айтып кетті емес пе? «Елім» деп от кешкен осы ерлердің жоғарыдағы нақылдарын әрбір әкімдік пен билік басында отырғандардың кабинетінің төріне іліп қойсақ, қайтер еді? Әй, бірақ, олардың жүрегінде туған жерге деген махаббат, иман, құрмет, намыс болмаса, бәрі бекер-ау…

БІЗДІҢ СӨЗ: Ашығын айтқанда, жер әкімдердікі емес, «қазақ» дейтін елдікі. Осыған дейін шу болып, енді-енді басыла бергенде қайта қозғалған бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Себебі, бір сүйем жерде қазақтың тағдыры, тарихы, діні мен ділі, салты мен дәстүрі, тұлпарының ізі жатыр.

Дереккөзі не дейді?

«40 мың гектар жер қытайларға берілді деген ақпарат жалған» дей келіп, «Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахме­тов облыста 15 мың гектар жерге қытай компаниясының жалдық сипатта иелік етіп отырғанын мойындады» деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, Бесқарағай ау­данын­дағы бұл телім бұған дейін заң аясында берілген. Әкім: «Бұдан басқа жерді шетелдік бірде-бір кәсіпорынға сатпадық та, жалға да бермедік», – дейді.
«Бұл – өте маңызды. Мораторий жария­­ланбай тұрып, 2015 жылдың 20 қаза­нында Бесқарағай ауданында байқау нәтижесі бойынша бір шетелдік компания 14 890 гектар жерді 10 жылға уақытша жалға алған. Бұл – қытайлық «Лонфин» компаниясы, біздің облыстағы жалғыз факт – осы», – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
«Компания өкілдері 400 миллион теңге инвестиция құйыпты. «Бұл ақпаратты бұған дейін де жасырған емеспіз», – де­ген облыс әкімі қазіргі мораторий жа­рия­ланған уақытта ешқандай да жер шет­елдікке берілмейтінін айтып сендірді.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір