Ғұлама ғалым
Қазақ фольклортануы мен әдебиеті туралы ғылым әңгіме өзегіне айналғанда есімі алғашқылардың қатарында айтылатын көрнекті тұлғаның бірі – Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Ғылымға фольклорист ретінде танылып, бірте-бірте тұтас әдебиет ғылымының корифейлері қатарынан ойып өз орнын алды. Бағзы архив мұраларын ақтарудан бір сәт те қол үзбеген, зерттеулерін он ақтарып, жүз төңкеріп барып оқырманға ұсынуды ғадетіне айналдырған, көп оқитын, тереңнен қопара қазатын ізденімпаз жан еңбексүйгіштігінің арқасында мұратына жетті. Ол – бүгінде Ұлы Даланың – Қазақ елі таныған қайраткер, ғұлама ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Қазақтың маңдайына біткен қайталанбас тұлғалардың бірегейі, академик Зәки Ахметов: «Тереңдік теңізге жарасады» дегендей, С.Қасқабасовтың лашындай алғыр ғалым екенін мойындаймын», – деп ағынан жарыла ақтарылуы көп жағдайды аңғартса керек. Студенттік шақтан ғылыми ізденістерге именбей араласқан ізденімпаз жас өмірінің мақсаты үлкен ғылымда екендігін бойлай түсінді. Фольклористика, текстология, әдебиет тарихының қилы мәселелері, тыңғылықты теориялық толғамдар Сейіт Асқарұлының зерделеуінде жаңа интерпретациядағы тұтас рухани әлемге ұласты. С.Қасқабасов көзауласына ілінген құбылыстар тиянақты шешімін тапты. С.Қасқабасовтың қаламынан туған іргелі зерттеулердің қомақты саласы ұлы Абай шығармашылығын зерделеуге бағытталған.
Ғалымның қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын зерттеуі де белгілі жүйеге негізделген. Ізденістерінің басты бағыты қазақ ертегілері жөніндегі кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығып, ендігі жерде фольклор мен Абай төңірегіне қарай ойысады. «Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Ескендір» поэмасы», «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі [3], «Абай және қазақ фольклоры» мақалаларының ғылыми айналымға шығуында ішкі логикалық сабақтастықтың бар екендігіне ден қоясыз.
1968 жылы баспа көрген мақаласы «Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Ескендір» поэмасы» жас ғалымның батыл ізденістермен көрінгеніне айғақ. Шығыстық сюжеттердің қазақ ертегілеріне енуі, Фирдоусидің «Шахнамасы», Низамидің «Ескендірнамесі», Рабғузидің «Қисас-ал-анбиясы» Орта Азия халықтары әдебиетіндегі Ескендір тақырыбының жырлануына ықпал етті. Ал Абай бұл сюжетті қайдан алды? Сарыла іздену өз жемісін бермей қойған жоқ. Ақырында төмендегі қорытынды ұсынылды: «Біз іздеу үстінде «Ескендір» сюжетін А.С.Пушкиннің ұстазы атақты В.А.Жуковскийдің «Екі повесть» атты шығармасынан кездестірдік», – деп жазады ғалым. – Сөз жоқ, Абай өз поэмасын Жуковскийді оқи отырып жазған». «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі» аталатын келесі мақаласында: «Шығыста Фирдоуси, Низами, Жәми, Науаи, батыста Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо, ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған. Сөйтіп, ол «Ескендір» поэмасын жазып әлемдік «Ескендірнамаға» өзіндік үлес қосқан», – деп ойларын дамыта, тиянақтай түседі.
Зерттеу жұмысында жүйелілікті жаны сүйетін, асығыс ой қорытуды, лепірме бос сөзділікті ұнатпайтын кірпияз ғалым принципшілдігінен ешқашан ауытқыған емес. Қиыншылықты айналып өтіп, ұрандатып ойқастау оның табиғатына жат. Сөз Абай шығармашылығына ойысқанда мәселенің маңыздылығына алабөтен көңіл бөлетін. Ұлы ақын жөніндегі зерттеулердің байсалды, парасатты шығуын құнттай қадағалайтындығы көзге бірден шалынып қалады. Сондықтан да шығар, автор қаламынан әр жылдары шыққан «Абай және фольклор», «Веха в абаеведении», «Абай поэзиясының ренессанстық сипаты», «Абай және ұлттық идея», «Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Абай поэзиясының табиғаты туралы тезистер» зерттеулері – қазақ әдебиеттануына қосылған аса маңызды ғылыми еңбектер.
Абайтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, оның жаңаша бет алуына өлшеусіз үлес болып қосылған шымыр зерттеулер теориялық, әдіснамалық сипаттарымен бірден оқшауланды. Абайтанушыларға бағыт сілтеп, жол көрсетерлік сипаттағы кесек дүниелер екендігіне бүгін көзіміз жетіп отыр.
Сейіт Асқарұлы Абай поэзиясының ренессанстық сипатын оның адамтануға арналған туындыларынан көреді. Абай өлеңінің басты нысанасы адамның бойындағы қасиеттер – ізгілік, адалдық, имандылық болса, адамзатқа қажеттісі де рухани байлық. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп кеткен ұлы ақынның өсиет, үрдістері «оның поэзиясында Адам – Алланың махаббатпен жаратқан ең ұлы, ең сүйікті туындысы. Сол себепті, бүкіл әлемнің, қауымның, болмыстың темірқазығы – Адам. Адам – өмірдің өлшеуіші, қозғаушы күші, тірлікті дамытушы, қоғамды түзеуші. Міне, осы Адамды түсіну мен осы Адамды тану міндетін алға қойып, Адамды – дүниенің биік мұраты деп түсінуі – Абайды Ренессанстық тұлға, ал оның поэзиясын қазақ Ренессансының басы екенін айғақтайды», – деген тұжырымы мәселені жаңаша қоюымен дараланады. Басында құлаққа тосындау естілгенімен, дәлелді түйінге иланбасқа әддіңіз жоқ.
Абай жөніндегі қордаланған ойлары мақала көлеміне сыймайтындығын ескере отырып, ғалым көтерген бірер мәселеге тоқталайық. Әдебиеттегі дәстүр, Абайдың ақындық дәстүрі жөнінде зерттеушілер ой толғамдар айтып, жазып келеді. Академик С.Қасқабасов Абай дәстүрі деген не, ол қазіргі әдебиетте бар ма деп сауалды төтесінен қояды. Жауапты да өзі қайтарады. Фольклордағы, әдебиеттегі, жеке тұлғалар шығармашылығындағы дәстүр сипатын салыстыра келіп, «фольклордағы дәстүр бұрынғы тәжірибені өзгеріссіз қабылдау, әрі жалғастыру. Әдебиеттегі дәстүр – бұрынғыны сол қалпында ала салу емес, оны игеріп, өзгерте дамыту» деп қорытындылайды. Тікелей Абай шығармашылығына қатысты «әдебиетте жаңашылдық, поэзияда – әдемілік, қоғамда – әділеттілік» екендігін ескертеді. Бұл жолда Абайды адастырмас ұстанымға айналған сыншылдық, шыншылдық еді.
Абайдың әдебиет тарихындағы алатын орнын белгілеуде де өзіндік ұстанымын білдіреді. «Өмір жаңа әдісті, жаңа стильді, жаңа түрді, жаңа тақырыптарды талап етті, ал мұның өзі түптеп келгенде, жаңа әдебиетті туғызды. Бұл тарихи миссия Абайға бұйырды». Иә, Абайдың әлемдік руханиятқа қосқан үлесі болашақта да зерттеушісін табар. Дей тұрсақ та, Сейіт Қасқабасовтың ұлан-ғайыр еңбектерінің бір тармағы ұлы ақынның қадір-қасиетін, шығармаларының көркемдік сипатын, ұлттық болмысын, жасампаздық табиғатын саралауға сіңірген еңбегін үнемі басшылыққа алары сөзсіз.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары әдебиет табалдырығын аттаған Сейіт Асқарұлы темірдей берік төзіммен талмай ізденді, тау-тау томдарды қопарды, шаң басқан мұрағат қойнауын армансыз ақтарды. Маңдай терді сылып тастап еңбек ету, қиындықтан еш қорықпай, өзін-өзі аямай тыңнан жол табу оның өмір жолындағы адастырмас Темірқазыққа айналды. Сондықтан да болар, аға буын ғалымдар С.Қасқабасов қолтаңбасынан ескен жаңа лепті, басқаны қайталамайтын ұзақ сонарды бірден таныды.
Талайды тамсандырған ұлттық сөз өнерінің шыңыраудан сыр ақтарар қадір-қасиеті десек, сол бір таңғажайып көркем әлемді зерттеуді мойнына алған қазақ әдебиеттану ғылымы да биік асқарларға иек артуы заңдылық. Бүгінде кемеліне жеткен қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі – ірі фольклортанушы ғалым, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов.
Қазақ ғылымының қиын түйіндерін шешуге белсене араласып, жемісті шығармашылық қызметіңіз ұлттық құндылықтарды жарқыратып көрсетуге арналсын.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
Шәкәрім атындағы
Семей мемлекеттік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы.
ПІКІРЛЕР2