Өзегіме өлең деген шоқ түсті…
07.06.2019
678
0

Темірхан Медетбек

Жақында «Қайран, өмір» атты ғұмырнамалық кітабымды жазып бітірдім. Қазір сол кітаптың артық жерін жонып, кем жерін толтырып, електен өткізу үстіндемін. Кітап өмірде көргендерім жайлы. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған бұл үзіндіде өлең әлеміне қалай келгенім туралы баян етіледі.

Автор

…Түркістандағы теміржол станциясының дәл жанындағы мектептің тоғызыншы класына барғаннан кейін, көп ұзамай-ақ кластағы балалармен тез тіл табысып, тез ұғысып кеттім. Ол балалардың көбісінің аты-жөндерін, олардың мінездері мен қылықтарын әлі күнге көз алдыма елестете аламын. Өкінішке қарай, біразы о дүниелік болып кетті… Бұл мектептегі мұғалімдер талап қойғыш, қатал екен. Олардың көбісінің атын атап, түсін түстеп бере алам. Біразы соғысқа қатысқан. Бір көзі шыны, балаларға ашуланған кезде шыны көзін жұлып ап сермеп қалатын, ал, жалғыз көзі қадалса, өңменіңнен өтетін химия пәнінің мұғалімі Ыдырысовты, әдебиет сабағынан беретін Асанбаевты, тарихшы Мәмбетов ағайларды қалай ұмытарсың…

Сонымен не керек, күндердің бір күнін­де Жұмағалидың аудандық газетке мектеп оқушыларының металл сынықтарын жинағаны туралы мақаласы шығыпты. Шағын мақала мектепті дүр сілкіндіргендей болды. Әсіресе, мұғалімдер жағы Жұмағалиға кәдімгідей ықылас білдіріп жатты. Мен де әсерлендім. Оған еліктеп шағын ма­қа­ла­лар жаза бастадым. Жұмағали сол кезде-ақ қазақ әдебиетінің жарық көрген дүниелерінің біразын оқып тастаған. Мен де кітапқұмармын. Әңгімелескенде бір-бірімізге оқыған кітаптарымызды айтып, ақырында айтысып, біраз жерге барып қалатынбыз. Обалы не керек, сабаққа кел­генде екеуміз де әдебиет пен тарихтан қамшы салдырмаймыз. Шығарма жазуға да жүйрікпіз. Тіпті, ағайымыз Асанбаевтың мемлекеттік емтиханнан кейін біздерге шындықты жайып салғаны бар. «Балалар, нағыз шындықты айтсам, шығармаларын беске жазған Медетбеков Темірхан мен Әбуов Жұмағали. Ал, қалған екі бестік – өтірік бестіктер. Олардың біреуі алтын, біреуі күміс медальға ұсынылғандықтан, мектептің абыройы үшін оларға бағаны көтеріп қойғаным рас».
Шамалы алға озып кеттік. Қайтадан Жұ­мағали екеумізге оралайық. Асанбаев ағайымыз біздерді әдебиетшілікке шын ниетімен тәрбиеледі. Сол кездегі атақты деген жазушылардың шығармалары туралы біздерге баяндамалар жасататын. Баяндама жасауда Жұмағали тіпті жүйрік еді. Баян­даманың кейбір тұстарына келгенде, жазғандарын былай қойып, импровизациямен сөйлеп кететін. Асанбаев ағамыз шамалы қылқаулау еді. Риза болғаннан, сөзін айта алмай, қылғынып-қылғынып қалатын. Жұмағалидың басқа мамандық таңдағанына әлі күнге түсінбеймін. Сөз жоқ, ол қазақтың маңдайалды әдебиетшілерінің бірі болар еді.
Сонымен Жұмағали екеуміздің мақалал­а­рымыз аудандық газетке анда-санда болса да шығып тұрды. Ал республикалық газеттерге жіберген хаттарымызға тек жауап хаттар келеді. Тағы да бәрі бірінен-бірі кө­шірілгендей бір мәтін. Соған да мәзбіз. Оны анаған-мынаған көрсетсек, олар кәдімгідей қызығып қарайды. Ол да бізге едәуір демеу.
Бірде Жұмағали жаңадан бір жорға ашты. Енді ол өлең жаза бастады. «Сен де жаз», – деп үгіттеп қояды. Мен жүрексініп жүрдім. Өте бір күрделі, қиын сияқты. Бір­ақ ойымнан шығар емес. Ақырында «нар тәуекел» деп қолыма қағаз бен қалам алып отырдым. Бірден екі өлең жазып тастадым. Әлі есімде, біреуі – өмір туралы, екіншісі – Отан туралы. Сонан кейін асығып-аптығып Жұмағалиға жеттім. Тұратын үйі жап-жақын. Ол оқып шығып: «Тәп-тәуір ғой», – дегені. Өзі­нің де жазғандарын көрсетті. Оныкі де жақсы сияқты. Сонымен не керек, ертеңгі сабақтан кейін аудандық газетке алып баруға уағдаластық. Солай еттік те. Баруын барып, редакцияның алдында тосылып тұ­рып қалып ек, іштен бір кісі шығып: «Не­ғып тұрған балаларсыңдар?» – деді. Біз жарыса: «Өлең әкеліп едік», – дедік, әлгі кісінің: «Ой, мен сендерді ұзақ жылдардан бері күтіп жүрмін ғой», – дегені. Жұмағали екеуміз «бұл кісі бізді қайдан біледі?» дегендей бір-бірімізге қарап қойдық. Сөйтсек, кейіннен білдік, ол кісінің осылай құбылтып сөйлейтін әдеті екен. Сонымен ішке кірдік. Алдымен өзін Қаныбек Сарыбаев, – деп таныстырды. КазГУ-де сырттай оқитынын айтты. Өзі де өлең жазады екен. Баспаға кітап тапсырып қойғанын да айтып жіберді. Сонан кейін барып, біз аты-жөнімізді, қайда оқитынымызды айттық. Біздің тоғызыншы класта оқитынымызды білгенде үлкен таңданыс білдірді. Қарсы алдындағы үстелде отырған кісіге қарап: «Жүке, мына балалар тоғызыншы класта оқимыз», – дейді, сенер-сенбесімді білмей отырмын. Нағыз ақырзаманның балалары ғой. Бойлары біртұтам. Қазақ байғұс осылай ұсақталып, біржола құрып бітетін шығар. Ақын деген көрікті болу керек қой. Мәселен, мен сияқты», – деп бетімізге қарады. Біз болсақ, әбден әбіржіп, жер болып тұрмыз. Содан соң:
– Ал, ақындарымыздың өлеңдерін оқиық, – деп, әкелген қағазымызға үңілді. Үңілгені бар болсын, өлеңдерімізге өрттей тиді. Бір жерін сызып, бір жерін олай сүй­реп, бір жерін былай сүйреп, әп-сәтте көкала қойдай етті. Бір кезде барып: «Әлі ши­кісіңдер», – деді. «Көп жазу керек, ал жазғандарыңды көрсетіп тұруларыңа болады. Ең бастысы, көп оқыңдар, көп үйреніңдер. Басқа айтарым жоқ. Осымен әңгіме бітті», – деп шимай-шимай болған өлеңдерімізді қолымызға ұстатты…

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір