Болашақ президентке бес аманат
07.06.2019
191
0

Президент сайлауы жақындаған сайын түрлі пікір, ұсыныс, ой-талас үдеп барады. Бұл халық­тың болашаққа бейжай қарамай, сайлаудан зор өзгеріс күтіп отырғанына дәлел. Газетіміздің өткен санында бір топ танымал ағайын «Болашақ президентке қандай бес аманат жүктер едіңіз?» деген сауалымызға жауап берген. Сол үрдісті үзбей, тағы бір шоғыр жауапты назарларыңызға ұсынамыз.

Серік Жанболат, журналист:

1. Әділетті болу. Қоғамдағы барлық қайшылықтарды тудыратын – мық­ты­лардың озбыр­лығы, қал­тасы қа­лың­дардың кесапаттығы, заңның әлсіздігі мен бұрмалануы, биліктің жалтақтығы, тамыр-таныстықтың тереңдеуі. Оны тоқтатудың жолы – дұшпанға қатал, досқа мейірімді, қара қылды қақ жарған әділетті болуы. Әділет – Президенттің өзі заң талаптарын бұлжытпай орындауынан басталады.
2. Ұлтжанды болу. Мемлекеттің басты және жалғыз тірегі армия мен полиция емес, халықтың ұлттық рухы екенін тарих әбден дәлелдеген ақиқат. Қазақстанның басты тірегі қазақ ұлты екенін санадан да, жадыдан да шығаруға болмайды. Ал, унитарлы мемлекеттің көрші елдің мемлекеттік тілінде сөйлеуі – ұлттық рухты өшіретін бас­ты фактор, масқара жағдай. Өмірдің сырын да, нәрін де көрші елдің тілінде емген ұлан ешқашан өз елінің жанқияры, патриоты болмайтыны анық.
3. Мемлекетшіл болу. Қазақ елінің досы қанша болса, дұшпаны да тура сонша! Ал, мемлекеттік мүдде – біреу-ақ! Тең атаның баласы теңге көнсе де, кемге көнбейді. Ел мүддесін өзгенің алдына жығып беруден абай болу, ұстаған жерде қолы кететін табанды болу. Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау – басты міндеті.
4. Елдің өзіндік даму жолын іздеу. Әр ел мен жердің өзіндік табиғи, жағырапиялық, тарихи, діни, философиялық, экономикалық, сая­си, ұлттық ерекшеліктері бар. Осыған арқа сүйеу, соны негізге алу. Алдымен экономика, сосын саясат деген сияқты басқа да жаттанды постулаттарға, тұжырымдарға алданбау. Халықтың басты қажеттеріне басымдық бере отырып, өзіндік даму жолдарын іздеу. «Самұрық-Қазына» сияқты экономикалық монополизмді тоқтатып, компаниялардың еркін дамуына, диверсификациясына жол ашу.
5. Идеялар нарығын дамыту. Бұл демократияны тереңдетпей жүзеге аспайды. Азаматтардың белсендігі бәсең қоғамда даму болмайды. Позиция бар жерде оппозицияның болуы заңдылық. Бұл құстың қос қанаты тәрізді. Сын мен пікірталастан қашқан адам дарақылық пен құр мақтанның құрсауына түсетіні анық. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым – ұлы Абайдың осы бес ұлағатын ұстанған жан тура жолдан адаспайтыны анық.

Ерлан Төлеутай,
өнертанушы, әнші, кинодраматург:

1. Жемқор­лық­ты жою. Себебі соңғы отыз жылда біз әлемдегі ең жемқор жұрттың біріне айнал­дық. Елімізде мемлекет қазынасын тонауға «маманданған», машықтанған шенеуніктердің тұтас армиясы жасақталды. Олар отыз жылдан бері ел қазынасын сүліктей соруда. Жемқорлық – мемлекеттің ең басты проблемасына, айықпас дертіне, жазылмас жарасына айналды. Жемқорлықты жоюға бағытталған қаншама кешенді шаралар қолға алынды. Өкініштісі, еш нәтиже жоқ. Жемқорлық – ең төменгі сананың көрінісі. Жемқорлық – ұзақ жылдар отаршылдық қамытын киген, құлдық езгіде болған, тәуелсіздік алғаннан кейін отарсыздандыру үрдісі жүргізілмеген, қоғамдық институттары жетілмеген, трайбалистік сана шеңберінен шыға алмаған, ұлттық санасы қалыптаспаған, мемлекеттік санаға көтеріле алмаған жұрттардың дерті. Қазіргі Қазақстанды әлем жұртшылығы дәл осындай коррупцияға былыққан ел ретінде таниды. Сондықтан жемқорлықпен күресті отарсыздандыру саясатын жүргізуден бастау керек. Ол үшін болашақ президент жоғарғы билікті шырғалап алған сыртқы күштердің ықпалын жою керек. Шетелдік алаяқ кеңесшілерден, жатжұрттық «қамқоршылардан» арылуы керек. Ол үшін күресті Парламентке пәрменді заңдар шығартудан бастау қажет. Парламент таратылып, сыртқы күштердің сойылын соқпайтын, олигархтардың мүддесін қорғамайтын мемлекетшіл, халықшыл депутаттар Парламентке келуі керек. Ал ішкі жемқорлықпен күресу үшін өте радикалды қатал шараларға бару керек. Тіпті, өлім жазасын қолдануға дейін…

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір