Академиктің аштық туралы естелігі
07.06.2019
1074
0

Досмұхамед Кішібеков,
ҚР ҰҒА академигі

Мен Қызылорда облысы Шиелі поселкасында өстім. Бұл қыстаққа 1861 жылы Ресейде «Басы байлық құқығы» жойылғаннан кейін, бостандық алған шаруалар келіп орналасқан. Суы, табиғи байлығы мол жер болатын. Қоныстанған Ресей шаруалары поселкада «Свобода», «Хохлядская» (кейін «Первомайская» болып өзгерген) екі кең, ұзын көше болып орналасты. Олар тез байып, үлкен шіркеу, қызыл кірпіштен кең аурухана, төрт кластық орыс мектебін ашып, тұрғызды.

Олардан басқа татарлар, өзбектер, бірен-саран қазақтар тұрды. Ауылда екі үлкен сауда базары, бірнеше дүкен, мешіт болды. Кеңес жылдарында да олар бұрынғыдай тұрып жатты. 1932 жылы әкем мені мектепке берді. Жасым жетіде болса да, алыста «Арқа елінде аштық басталыпты», – деген суық хабарды құлағым шалып қалатын. Бірақ, «аштық» деген не, ел неге ашығады, ол жағын білмеймін. Біз тоқпыз, тоғай толған қырғауыл, қоян, жабайы шошқа. Дарияда – жәйін балық.
Сол жылдың ноябрь айы аяғында біздің поселкаға аштардың алды келді. Күн суық, киім-кешегі жоқ, қалты­раған кілең аш адамдар. Жергілікті халық оларға жылы киім, тамақ бере бастады. Бірақ көп ұзамай олардың саны мыңға жетті. Өңшең ересек адамдар (адамдар емес-ау, тірі сүлделер). Кемпір-шал, бала-шаға жоқ. Сөйтсе, жүре алмай, жолда қалған екен. Олар өздерін «қарсақпайлықпыз» дейтін.
Енді ашыққандарға жұрт жәрдем беруден қалды. Өлердей жалынып, қолын созып сұрайтыны: бір шайнам нан. Сонда ел тағамның ең қадірлісі, құдіреттісі нан екенін білді. Әркім есігін жауып, мал-мүлкін күзете бастады. Мектепке ата-анасы балаларын қолынан ұстап ертіп апарып, ертіп қайтатын. Өйткені, ел баладан айырылып қаламыз деп қорқатын. Келгендерді бос үй, сарайларға жылыту үшін қамыс жағып, сабан төсеп орналастырды. Бірақ, олар жатпайтын, төсек жоқ, тек теңселіп жүретін. Егер құласа, тұрмайтын. Үкімет келгендерге үлкен қазанға су қайнатып, үстіне бір кесе ұн тастап, шалап (затеруха) жасап, әркімге бір шөміштен құйып беретін. Бірақ, оның еш қуат, дәрмені жоқ, ішсе де, ішпесе де өліп жатты. Түнде өлгендерді ертеңгісін жинап, арбаға тиеп, поселка сыртындағы далаға апарып, орға көметін. Сонда Шиелі станциясында «Заготзерно» болатын. Онда бидай, күріш, арпа сақталатын. Оны ұрламасын деп, уландырған дейтін. Өйткені, бұл келер жылы егуге тұқымдық деп қатаң қорғалды. Бұл – қасірет, әрі ақыл еді.
1933 жылы сұрапыл аштық бұдан әрі созылды. Сол 1932-1933 жылдары қазақ халқының тең жартысы қырылды. Аштыққа себеп болған – табиғи көшпелі өмір сүрген елді отырықшы етіп қауымдастыру, колхоздастыру үшін, олардың малын тартып алған болатын. Малы барда олар отырықшы болмайды, көше береді деген шолақ саясат нәтижесі. Малмен күн көрген ел малсыз қалған соң, жаппай аштыққа ұшырады. Бұл – бірінші трагедия.
Арқада тартып алған жүз мыңдаған төрт түлік мал жемсіз, шөпсіз қалып, қырылды. Алғашқыда көбін етке сойғанмен, оны сақтайтын құрылыс болмай, шіріді. Содан бұзылған мал етін жинап, ауру тарамасын деп үстіне бензин құйып, өртеп жатты. Бұл – екінші трагедия. Адам басына келмесін!
Сонымен, Кеңес жылдарында қазақ елінде екі рет аштық болды. Біріншісі, 1921 жылы. Ол табиғи жағдайдан еді. Қыстың айында жаңбыр жауып, артынша қатты суық болып, бүкіл дала ақ қар, көк мұзға айналып, мұз астында қалған шөпті теуіп жей алмай, мал қырылды. Оны ел «Жұт» деп атады. Екіншісі, 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған аштық. Оны «Ашаршылық» деп атады. Бұл – ең ауыры еді. «Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын!» деген соқыр саясаттың сұмдық нәтижесі. Өлімнің бәрі жаман, ең ауыры, сірә, аштан өлу дейтін ел.
Кеңес үкіметі қырға экспедиция шығарып, айдалада сүйенері жоқ, тентіреп, тірі қалған балаларды жинап, Балалар үйін ашты. Сол Балалар үйінің бірі біздің поселкада құрылды, содан бізде ең алғаш жетіжылдық қазақ мектебі жұмыс істей бас­тады. Поселкадағы қазақ балаларын орыс мектебінен сол қазақ мектебіне көшірді. Солардың бірі мен болдым. Жетімдерден Отан қорғайтын патриоттар өсіп шықты, қоғамға еңбек етіп, өз үлестерін қосты.
Поселка маңында «Бидай көл» деген қоғалы шалқар көл болатын. Ауланбаған соң іші балыққа сыймай жатыр екен. Оны ұстап берсе, аштар аман қалар еді. Ол ешкімнің ойына да келмепті. 1934 жылы тоқтық кезі басталып, аштан аман қалғандар ісіп, кеуіп кетті. Оларға ем − балық майы екен. Сол балықтарды қазанға қайнатып, майын қалқып ішіп, етін жеп, қиналғандар аман қалды. Міне, бұл тағы бір аштықтың ауыр салдары. Жергілікті бастықтар соны да білмеді. Сұрапыл аштықтың себебін ашып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов еді. Ол РСФСР Халық Комиссариатының бірінші орынбасары болатын. Жағдайды білу үшін Мәскеуден поезбен Ақтөбеге жетіп, одан машинамен Қызылордаға дейін жүріп, жолда көрген сұмдықтарын жазған. Онда ол адам өліктерінен басқа бір де бір ит, не мысық көрмегенін баяндаған. Әрине, бұл ашық пікір Сталинге ұнамайды. Көп ұзамай Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп айыпталды. Бұл – соңғы, тағы бір трагедия.
Бүгінгі күнді бағалау үшін өткенді білген жөн. Қазақ – рахымшыл халық. Мұндайда: «Өткенге – салауат, болашаққа – шарапат», – дейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір