КӨСЕМНІҢ КӨРКЕМДІК КЕҢІСТІГІ
05.06.2019
1314
0

Ауылдың тай-құлындай жарасып ойнаған балаларының бір буыны біз едік. Ортамызда Көсемәлінің ағасы марқұм Аманәлі бар – бәріміз бір ауылда, бір өзеннің бойында өстік. Аманәлі гитарамен ән айтады. Әнінің сазын да, сөзін де өзі шығарады. Біздер жігіт жасына жеткенде, Көсемәлі жүгіріп жүрген бала болатын. Көсем деп еркелететінбіз. Көсем, Көсемәлі Сәттібайұлы – бүгінде елдің бетке ұстар азаматы. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы. Есімі елге белгілі жазушы-журналист.

Көсемәлі Сәттібайұлы шығармашы­лығының жанрлық құрамы бай: әңгіме, хикаят, новелла, ертегі, мысал, эссе, т.б. Оларда өмірдің әлеуметтік маңызы зор шындық құбылыстары көрініс тапқан. Бірінің өзегі назға, бірінің өзегі сазға негізделеді, енді бірі юморлық, сатиралық астармен әдіптеледі. Өкініш, сағыныш лебі есіп тұратындары да бар. Бәрі де өлшемді, мөлшерлі.
Автордың «Елгезек бағдаршам, тоқ-қуат және басқалар» (2000), «Күнге ғашық өлке» (2001), «Тараздан тәбәрік» (2002), «Аран» (2012) және басқа кітаптарына мазмұны мен пішіні жарасқан, көркемдік-эстетикалық мәні зор, танымдық және тағылымдық нәрі мол шығармалары енген.
Жазушының көркемдік әлемі – ықтимал әлем. Өмір шындығының, болмыстағы шындық құбылыстардың әлемін шартты түрде «шынайы әлем» дер болсақ, «ықтимал әлем» – ойдағы әлем, жазушының шығармашылық ойлау қызметінен туған әлем. Ықтимал әлемдегі құбылыстар дүние-әлемде болмауы ғажап емес, дүние-әлемдегі құбылыстар ықтимал әлемде болмауы мүмкін.
Көсемәлінің көркемдік әлемінің өзіне тән кеңістігі, өрісі және өзіне тән мезгілдік шақтары мен мекендік шектері бар. Жазушының көркемдік әлемінің кеңістігі, өрісі, шектері мен шақтары аясында әр кейіпкер өзінің затты, нақты әлемінде әрекет етеді. Ол болмыстағы ақиқат шындық әлемнің бейнесімен жанама немесе салалас, не болмаса ыңғайлас қатынаста болатын ықтимал әлем түрінде бейнеленеді. Жазушының шығармашылық еңбегі нәтижесінде жасалған мұндай кеңістік пен уақыт өрісіндегі ықтимал әлем мағыналы, мәнді болып келеді. Мұндай бай мағынаға, терең мәнге жазушының пайымы мен парасатының, таланты мен танымының шынайы шеберлікпен ұштасқан жасампаз қызметі жеткізеді. Жазушының көркемдік әлемінің келісті болуы – осындай мағына байлығы мен мән тереңдігінен.
Көсемнің көркемдік әлемі – келісті әлем. Қаламгердің «Аран» атты бір әңгімесінің ішінде бірнеше мөлтек әңгіме бар. Әңгіме ішіндегі сондай әңгімелердің бірі – «Мылқау бауыр». Кейіпкер оқу оқып, білім алып, жылдар бойы қызмет етіп жетіледі, жетіседі, жолы түсіп, ауылына келеді. Кейіпкер ауылда ешкімнің сөзін түсінбейді, мұның сөзін ауылдағылар түсінбейді, тіпті, ата-анасымен, бауырларымен сөйлесіп, ұғыса алмайды. Екі тарапта да тіл бар, құлақ бар. Екі тарап та сөйлейді, естиді. Бірақ екі тарап бірін-бірі түсінбейді. Әр тарап екінші тарапты мылқау деп біледі және сол білгенінің ақиқат екеніне қалтқысыз сенеді.
Жазушы суреттеген ахуал негізінде мынадай екі пікірдің жүйесі бар:
а) егер кейіпкердің ауылдастары, бауырлары, ата-анасы мылқау болмаса, онда оларды мылқау деген сөз шындыққа сай емес;
ә) егер кейіпкердің ауылдастары, бауырлары, ата-анасы мылқау деген сөз олардың мылқау екендігі туралы ұғымды білдірмесе, онда кейіпкердің ауылдастары, бауырлары, ата-анасы мылқау деген сөз дұрыс емес.
Бірінші жағдай болмыстағы шындыққа сәйкес келеді. Екінші жағдай болмыстағы шындыққа сай болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Екі жағдай аясында бірнеше ахуал көрініс тапқан. Олардың әрқайсысы – өз алдына бір-бір ықтимал әлемнің көрінісі. Жазушы шығармасының көркемдік әлемінің жүйесі осындай бірнеше ықтимал әлемнен түзіледі. Ықтимал әлем аясында сипатталған ахуал шегінде орын алған іс (оқиға) тиісті бірліктерден тұрады: баяны, иесі, мекені, мезгілі, себебі, салдары, құралы, амалы. «Аран» әңгімесінде осы құрамдастардың әрқайсысы ықтимал пішінде және ықтимал мазмұнда көрініс тапқан. Мысалы, себепке көңіл бөлетін болсақ, жазушы әңгімесінің көркемдік әлеміндегі мылқаулықтың түптөркіні, түпкі себебі өзінше бір ықтимал әлем болып ашылады. Сол ықтимал әлем құрамдастарының өзара байланысынан, олардың өзге ықтимал әлем құрамдастарымен өзара шендесуі мен шектесуінен өмір шындығының, болмыстағы ақиқат құбылыстардың нақ­ты және ықтимал белгілері елес береді, одан жазушының шығармашылық ой өзегінің мәні аңғарылады. Жазушының шығармашылық ой өзегінің мәнін лайықты пайымдау нәтижесінде ғана аңғаруға болады. Автордың суреттеп отыр­ған құбылыстарының тура және астар­лы, сондай-ақ, жасырын мағыналық қатпарлары, қолға ұстап, көз алдымызға алып келгендей болмыс пен болуы мүмкін, болуы ықтимал әлем – осылардың өзара бірі-біріне түсірген жарығы мен көлеңкесінің тоғысуынан туатын мән қабылдаушының дүниетанымы деңгейіне қарай ашылады.
«Аранға» енген әңгімелердің бірі «Қырандар мен құзғындар» да іштей бірнеше мөлтек әңгімелерден тұрады. Алғашқы мөлтек әңгіме – «Жасасын құзғындар!» Ол былай басталады:
«Бөктердегі бір ағаштың саясына тоқтадық. Бұтақтарында Құзғындар қарауытады… Діңі мен жапырақтарына саңғырық жұғып, әбден айғызданған. Саясындағы өлекседен жағымсыз иіс шығады»…

Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу
институтының директоры

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір