Экспериментке жүрек жұтқандар ғана бара ма?
24.10.2015
1680
0
Әлібек БАЙБОЛ
57872_259274876_kartinki-knigi-8
Жалпы, орнынан оңайшылықпен қозғала қоймайтын, жайбасарлау, асықпайтын, ең бастысы өміріндегі өзгеріске аса қуана қоймайтын грек, румын, венгр, болгар секілді пассивті ұлттар болады. Сол топқа біз де кіреміз. Енді сол елдердің әдебиетін қараңыз. Тарихи жадымен, бай фольклорымен мақтана алғанымен, жазба әдебиетінде әп дегенде-ақ есіңізге ешкім түсе қоймайтынына кепілдік береміз. Яғни мінез, тұқымға жазылған «құпия жазу» мен сөз өнері арасындағы алтын көпірдің ролі өте жоғары екенін кім ескерген?! Бұл феномен бір қарағанда елеусіздеу көрінгенімен қалам ұстағанның қаперінде жүретін нәрсе.

Атомдар сияқты әрдайым ізденіс пен қозғалыста жүретін жапон, ис­пан һәм испантілділер, неміс, француз, қытай, ағылшын және американдықтар жаңашылдыққа жаны құмар келеді. Енді сол елдің әдебиетіне көз жүгіртіңіз. Қалың нөпірдің ішінде қазақ әдебиеті, қазақ жазушылары тәжірибеге, экспериментке қаншалықты дайын? Адам баласы ішкі қалауынсыз ешнәрсе істегісі келмейтінін ескерсек, ұлт ретінде экспериментке баруды құп көреміз бе? Сыни еңбектерде сірес­кен «соны соқпақ», «даңғыл жол» сияқты жаттанды сөздердің тереңіне үңі­ліп, ортақ шаңырақтан оңаша отау тігіп, еншісін бөліп, бөлек шы­ға­тындар азды-көпті табылса да, ұлт деңгейіндегі, ұлттық сана дәре­же­сіндегі өзгерістерге әлі де дәрменсіз екеніміз қынжылтады. Расында солай ма? Мүмкін бізді пендеуи ойдың жетегінде кетті деп жазғы­рар­сыздар. Ойымыз осы. Және бүгінгі мақаламыз да экспериментке арналып отыр…

Алғашқы шығарма мен соңғы туындының арасы – ұзақ шығармашылық жолдың қорытындысы іспеттес дүние. Бұл аралықта жазарман қаншалықты өскенін, түрленгенін, өзгергенін, кей жағдайда құлдырап, құлдилаған тұсын бағамдай алады. Уақыт, таным, орта, қарым-қабілет, ізденіс, ұстаным – қаламгердің достары. Бұл «достардың» шешуші шығарма жазарда аса қажет. Ұят пен Құдай алдындағы пенденің сезімін тақырып етіп алған Толстой адамзат алдында барынша арлы болуға тырысты. Ол әр күнін қағазға түртіп, жазбалары өмірбаяндық дастанға айналды. Күнделігінің соңында: «Менің кемшілігім болса, кешіруге тырысыңдар…», – деген. Әлем әдебиетінің әулиесіне баланған Лев Толстой экспериментті сөз өнерінің қалыпты дамуы, туындыгердің классик ретінде қалыптасуының бір факторы ретінде қарастырған. «Сергий әкей», «Крейцер сонатасы», «Балдан соңы» секілді дүниелерінде орта ғасырлық неміс әдебиетінің нышаны жатыр. «Жексенбісінде» француз романтизмінің ықпалы байқалады. Толстой күнделіктерінде экспериментті «әсер» деп алған. Енді мынандай бір қызық нәрсені қараңыз. Жазушы повесть, әңгіме, пьесаларында қаншама «әсершіл» болса да «Соғыс пен бейбітшілікте» соншалықты ұстамды бола білді. Чехов Толстой туралы естелігінде: «Ол нағыз орыс жазу стилін, орыс жазу әдісін, орыс жазу мәнерін түзуге күш-қуаты жетті» деп сүйіспеншілікпен жазды. Енді дәл сол өлшемге мына қырынан келсек: «Біз экспериментке қаншалықты бара алдық? Қандай нәтижелерге жете алдық?Қазақи жазу үлгісін түздік пе?..».
Жазба әдебиетіміздің негізін қалаған Абай да экспериментке барған-ды. Хакім «Қара сөздерінің» формасы рухы жағынан Хафиз хамсаларына жақындығы бар екендігін айтсақ та жеткілікті. Шайырдың алғашқы тәжірибеге жол ашқаны әдебиетіміздің үлкен табысы болды. Абай пантеонындағы көптеген дүниелер қайталанбайды және ешкімде қайталай алмайды. Ал хакім аудармаларында пайдаланған нәзирагөйлік дәстүрі өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды… Әуезов шығармашылығынан да бірнеше мысал келтіруге болар. Мұхтар Омарханұлының «Көксерегі» Джек Лондонның «Ақ азу», Джеральд Дарреллдың «Аңдар қамалы», ағайынды Бернгард және Михаэль Гржимектердің «Серенгети өлмеуге тиіс», Эрнест Сетон-Томпсонның «Домино» сияқты туындыларының ықпалы байқалады. Алайда, Әуезовтің ерекшелігі – ол психологиялық параллельді пайдалана отырып, Табиғат өз дегенін істейтінін ап-айқын көрсетті.
Жазушы-фантаст Кобо Абэның «Құм құрсауындағы әйелі» әлем әдебиетінде жаңалық болды. Құм атты тылсым ғаламды жапон жазушысы оқырманға соншалықты нәзік, соншалықты ұғынықты, соншалықты жақын етіп аша білді. Қоңыздың сирек түрін іздеп жүрген ғалым құм құрсауының тұтқынына айналған әйелге жолығады. Екеуі таңертең үйдің шатырына жібектей сусып түскен құмды күні бойы тазалайды. Оның ғылымы енді жайына қалды. Ешқандай мән-маңызы жоқ тірлік. Құмды тазалай береді, тазалай береді. Абсурд. Дәл сол мағынасыз жұмыстан шаршағаны сондай, енді құм үйлеріне кіріп кетпеуін ғана тілейді. Адам өмірі табан астында өзгеріске түсе алатынын көрсеткен жазушының аталмыш туындысы көп тілге аударылып, көптеген қаламгердің сүйіп оқитын кітабына айналды. Біреулер ұнатпай, қабылдамай жатса, екіншілері сол іспеттес тәжірибеге барғысы келді.Бірақ ол қаншалықты сәтті шықты? Бұл да жазушы үшін ойландыратын дүние. Елуінші жылдары жазылған «Құм құрсауындағы әйел» жапон қоғамының рухани сұранысын қанағаттандыра алды. Бұл қазақша айтқанда, қаны тамған тақырып еді. Абэ соғыстан соңғы ұлттың психологиялық ахуалын, күйреген ішкі әлемінің күйзелісін, күйінішін айнытпай жеткізді. Авангардизм бағытында жазылған бұл роман реалды өмірді басқа қырынан көрсетуді көздеді. Бұдан шығатын қорытынды – эксперимент өз уақытында жасалу қажет. Және оқырман оны қомсынбай, көптен бері күткен дүние ретінде қабылдауға тиіс. Эксперимент форма, мазмұн, идея үштағанына тәуелді десек, қазақ прозасындағы тәжірибелер қаншалықты күтілді және өзін-өзі ақтады ма?.. Негізгі сұрақ осы. Жазушы шығармаға отырмас бұрын оны белгілі бір оқиға селт еткізу керек. Оралхан Бөкейдің «Қар қызының» сюжеті жергілікті аңыздың негізінде жазылғанымен, Абэнің әсері менмұндалайды. Құм мен қар, қалашық пен ауыл, әйел мен қыз секілді ұқсастықтарды тізбектей беруге болады. Бұндағы негізгі айтып өтетін дүние – жапон жазушысы жасаған экспериментті қайталау. «Құм құрсауындағы әйелдің» көтерген тақырыбы хаоста адамның өзін-өзі жоғалтуы болса, «Қар қызының» тақырыбы романтикалық көңіл-күй арқылы ауыл тұрмысын, ауыл адамының психологиясын, ауыл тыныс-тіршілігін беру еді. «Алтай өңіріне алпыс жылдан бері дәл осындай қалың қар жауғанын көрген жоқпыз», – деседі қариялар.Расында да, бас көтертпей жауғаны соншама, есіктің алды, қораның маңындағы қарды тазалап үлгере алмайсың. Ауыл-үйдің арасына күреп жалғыз аяқ жол салудың өзі азабы мол жұмыс» деп басталады повесть. Қар қызы мен Нұржан екеуінің линиясы, негізгі диалогы шығарма бойына қан жүгіртіп отыр. Уақытында бұл шығармада қазақ прозасы үшін жаңалық болды. Шығарма өзін қаншалықты ақтады? Сол деңгейде оқылды ма? Ал аталмыш шығарма бүгіндері қаншалықты сұраныста?
Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» мен «Оң қолы» аты өзгешелеу көрінгенімен, заты бір деуге болады. Туындының орталық тақырыбы – тұлға «менінің» екіге жарылып, бейсананың оянуы. Ал әлем психология антологиясында фрейдизм немесе «бейсананың үстемдік құруы» сияқты ғылыми жаңалық алпысыншы жылдары сурет, мүсін және сөз өнерінің негізгі қаруына айналғаны белгілі. «Парасат майданындағы» кейіпкердің өзіне-өзі хат жазуы, «Оң қолдағы» Алманың өзін-өзі өлтіруі сол кездері экспериментке баланды, оқылымды туындылардың қатарында болды.«Парасат майданы» повесі мен Чеховтың «№6 палатасы» сарындас болғанымен, өзгешелік бар. Ұстанымда. Айырмашылығы формада, ал жазушылық ұстанымы біреу – мораль, махаббат пен сүйіспеншілік, аяушылық пен аярлық, азап пен адалдық. Абэның тағы бір романы «Бөтен беті» де адам жанының екіге жарылып, беті химиялық затқа күйген күйеуі бетіне маска киюге мәжбүр болады. Келе-келе әлгі адам маскадан, яғни өзінен-өзі әйелін қызғана бастайды. Қаламгер кейіпкерді қоғамды бөтенсіп, ұлт келбетінің өзгеруін осындай бір биік дәрежеге көтере білді. Әбдіковтің «Парасат майданындағы» көп нәрсенің, оның ішінде кейіпкер атының да құпия түрде сақталғаны туындыға интрига қосқанымен, даму динамикасына, экспрессияна кері әсерін тигізді деп айта алмаймыз, бірақ белгілі бір деңгейде әсер еткені даусыз. Экспериментке барған қазақ қаламгерлерінен тағы бір жаңалық, тағы бір кесек дүние күтесің. Ал ол орын алмағанда қолыңдағы барыңды жоғалтқандай бір түсініксіз күй кешетінің жасырын емес. Ал Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» басында әңгіме болғаны, кейіннен автор оны пьесаға айналдырғаны оқырман хабардар болар. Шығарма сол кездері сұранып тұрған тақырып – Семей полигонының зардабына арналған-ды. Туындыда ауыл тіршілігі адамдардың кішігірім әлемі, олардың сыртқы дүниені түйсінуі арқылы беріледі. Шығармада психологиялық моменттер басым бола тұра жазушы оны белгілі бір реттілікпен беріп, пьеса өз тұтастығын жоймаған. Спектакль 1996 жылы сахналан­ғанын ескерсек, туындыда сол кездердегі қазақ әдебиетіне тән емес стиль, өзгеше өрнек бар. Туынды линиясы бас кейіпкер Ләйлә қыздың дүниені қабылдауы арқылы беріліп отырды. Жазушы образы сәтті шықты. Қыздың тән азабынан гөрі жан азабы алдыңғы планға өтіп, қазақ драмасындағы рух, адам тақырыбы өзгеше сипат алды.
Сартр мен Камю экзистен­циализмді өз романдарында қолданып, ол уақытында елеусіз әдеби оқиға болғаны даусыз. Жаңа дүниеге жаны құмар Батыс жазушылары бұны әдеби арсеналына енгізіп, барынша пайдалана бастады. Қос француз жазушысын оқыған қаламгерлер солармен «ауыра» бастады. «Құсық» пен «Қабырға», «Бөгде» мен «Обаға» ұқсас дүниелер жазғысы келді. Алайда, қайталау деуге келмес, соның көлеңкесіндегі бір дүние ретінде ғана көзге түсті.Бірақ эксперименттің негізі мақсаты – қайталау емес, тақырыпқа өзіне дейінгі авторлар қозғамаған қырынан келу, өздігінше құлпырту, өздігінше гүлдендіру, өздігінше ой орбитасын жасау. Сонда ғана ол сенің рухани меншігіңе айналып, сәтті эксперимент деңгейінде қала бермек.
Кез келген шағын дүниенің өзінен кең тыныс байқауға болады. Мәселен, Мадина Омарованың мөлтек әңгімелерінен сондай бір жылы леп сезіледі. «Ана ғұмыр» атты мөлтек романындағы тосын ой, өзгеше диалогтар, тартымды стилі, фреска сияқты бөлшек-бөлшек сана сынықтары шығармаға ерекше реңк беріп, бірін-бірі басқан эмоциялық бояуларды қанықтыра түседі. Автор қолданған диалогтардағы айтылмаған ой оқырманды қызықтыра, қызықтырғаннан бұрын әлгі жұтылған сөздерді дөп тауып, арғы тінін түсінуге итермелейді. Мадина Омарова кейіпкерлері бүгінгі тілмен сөйлейді. « – Қайдан жүрсің? – Үйде отырып жалығып кеттім. – Әке-шешең қалай? – Жақсы шығар. Оларға барған жоқпын. Өзің қалайсың? – Жаман емес. Кел, кір. Келгенің жақсы болды. Шай ішкім келіп отыр еді».
Қоғам, халық әдебиеттен алшақтағанын, қазақ өркениетіне технократия енгенін елеусіздеу детальдармен береді. Туынды қарапайымдылығымен тартымды. Бұл жазушы эксперименталды прозаға саналы түрде барғаны және өзгелерге ұқсағысы келмейтіні айтпаса да белгілі. «Қадір түні» әңгімесінде жазушы кейіпкердің жан-дүниесін қақ жарып, алдыңызға алып келгенде сүйсінбеске лажың қалмайды. Бұндай талпыныстан әлі ірі дүниені туатынына сеніміміз мол. Мұхтар Мағауинның «Камикадзе», «Құмырсқа-қырғын», «Қуыршақ», «Оралу» әңгімелерінде, «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып» хикаяттарында, «Жармақ» романында дәстүрлі емес прозадан қашып, экспериментке барғаны аңғарылады. Яғни жастар мен орта буынды былай қойғанда, қабырғалы қаламгерлердің өзі ой еркіндігі мен қалам бостандығын құп көретіні көңіл қуантады. 2003 жылы жазылған «Құмырсқа қырғын» әңгімесінде жазушы құмырсқа мен илеу символикасы арқылы көп дүниені аз сөзбен аңдатып үлгерді.
Әлем әдебиетінде эксперименталды проза, поэзия, драматургия – қалыпты құбылыс. Бәзбіреулер бұны қолды машықтандыру деп түсінсе, кейбіреулері тапталған жолдың жанынан соны соқпақ салу деп ұғынады. Дегенмен, тәжірибеге бару – әдебиеттің бүгінгі беталысын, талап-тілегін, сұранысын, бағыт-бағдарын бағамдау үшін аса қажет дүние. Эксперименттен кейін неге терең шығармаларды тудыра алмаудамыз? Неге? Йокнапатофаны (чикесо үндістерінің тілінде «өзен өз арнасынан асып, сай-салада ағып жатыр» деген мағынаны білдіреді) өзінің өмірлік тақырыбына айналдырған Нобель сыйлығының иегері, американ жазушысы Уильям Фолкнер бір сұхбатында: «Мен эксперименттен қашпадым, өйткені, ол айнымас қағидама айналды» деген екен. Қалай болғанда да аталмыш дүние әдебиеттің бір бөлшегі екені хақ. Ал ол бөлшекті алу сөз өнеріне зиянын тигізеді. Бірақ соңғы үмітіміз – Әдебиет!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір