Режиссер пьесадан форма таба алуы керек
03.06.2019
770
0

Әділет Ақанов:

   Жуырда Алматыда Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының гастрольдік сапары өтті. Төрт күнге созылған іс-сапар барысында театр ұжымы Ғ.Ештанаев пен Р.Ыбыраеваның «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай» тарихи драмасын, Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясын», К.Гальдонидің «Венециялық егіздер» комедиясын, Р.Отарбаевтың «Ғасыр қасіреті» драмасын және Ә.Байболдың «Жеті ойыншықтың жеңісі» ертегісін көрермен назарына ұсынды. Театрдың бас режиссері Әділет Ақановпен Ж.Аймауытов театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.

– Әділет, Алматыға қош келдіңіздер! Жиырма жылдан астам уақыттан кейін алматылық көрерменмен қайта қауышып отырсыздар. 30 жылға жуық тарихы бар, Ерсайын Тәпенов негізін қалаған театрдың бұл сапары театрсүйер қауымға, өнер мен мәдениеттің қазанында қайнап жүрген талғампаз көрерменге  қандай жаңалық әкелді? Сонымен қатар, гастрольдік қойылымдарға қысқаша шолу жасай кетсеңіз.

– Армысыздар! Бірден біздің гастрольдік іс-сапар туралы сұрақ қойып отырсыз. Төрт күндік сапарымыз өз мәресіне жетті. Гастрольдік сапарымызды қорытындылаған Карло Гальдонидың «Венециялық егіздер» спектаклінің қойылғанына бір жарым айға жуық уақыт болды, яғни, сиясы әлі кеппеген. Қойылымның режиссері – көптеген фестивальдерде жүлделі орындардан көрініп жүрген режиссер ағамыз, алдыңғы буын өкілі Батырбек Шамбетов. Б.Шамбетовты арнайы Петропавл қаласынан шақырып, бірнеше пьесаларды ұсынған болатынбыз. Ол кісінің шешімімен дель-арте комедиясына жататын «Венециялық егіздер» атты  музыкалық шығарма жарыққа шықты. Сапардың алғашқы күнінде көрерменге ұсынылған «Әбілмансұр. Абылай. Сабалақ» спектаклі театр ұжымы үшін өте ыстық туынды. Себебі, бұл қойылымды қазақ театрының реформаторы десем артық айтқандық емес, режиссер Жанат Хаджиев сахналаған. «Ғашықтар хикаясы» өзім сахналаған алғашқы спектакльдің бірі. Бұл спектакльдің өзіндік көрермені бар, кассалық қойылым. Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» пьеасының негізінде режиссер Ержан Қауланов «Ғасыр қасіреті» деген туындыны жасады. Ал, жас драматург Әлібек Байболға біздің тараптан ұсыныс тастап, екі жақтан ақылдаса келе Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының негізінде балаларға арнап «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымын сахналадық. Аталған мақаланың маңызы, мәні жасы үлкендерге түсінікті. Ал, мектеп жасындағы балалардың мақалада көрсетілген тарауларды тереңнен ұғынулары үшін, дәріптеу мақсатымен аталмыш қойылымды шығардық.

Осыдан екі ай бұрын театрымызға белгілі театр сыншысы Еркін Жуасбекті шақырғанбыз. Ол кісі репертуардағы қойылымдардың ішінен он спектакльді көріп, кәсіби көзқарасын білдіріп, сыни пікір мен  ескертпелер жасады. Біз өз тарапымыздан сол пікірлерді назарда ұстап, бұл сапарға тыңғылықты дайындалдық десем болады.

  Бұл гастрольдік сапардың маңызына тоқталсам, біздің ұжым 22 жылдан кейін алматылық көрерменнің алдында өнер көрсетіп отыр. 22 жыл дегенді көп адам қате түсініп, сонша уақыт сыртқа шықпаған деген пікірде қалып жатыр екен. Олай емес, театр шетелде де, республиканың басқа да қалаларында болып, өнер көрсеткен. Тек мәдениеттің ошағы — Алматыға келмегеніне 22 жыл болған. Бұл шаһардың көрерменінің талғампаз екені баршамызға аян. Сол себепті, біз ең алдымен өз деңгейімізді көріп, біздің жасап жатқан жұмысымыз, бағытымыз қай дәрежеде екенін нақтыласақ, алда үлкен-үлкен сахналардан өнер көрсетіп жатсақ, нені ескеруіміз керек деген сияқты сұрақтарға жауап алып, бір сөзбен театрсүйер қауымға есеп беруге және өз шама-шарқымызды бақылауға келдік. Қойылған әрбір спектакль өз көрерменін тапты деген ойдамыз.

Әңгімеміз көрермен тақырыбымен жалғасып отырғандықтан, осы сұрақты қоюды жөн көріп отырмын. Бүгінде театрдан гөрі киноның көрермені көп екені баршамызға мәлім.  Өнер саласында жүрген яки театрдың адам өміріндегі маңызын, мәнін ұғынатын адам үшін бұл «тірі организмнің» орны ерекше. Ал, бұрын-соңды театрға келмеген жасөспірімдер үшін, тағы сол сияқты жандарды театр несімен баурап алуы керек? Бүгінгі театр көрерменді несімен қызықтыра алады?

Қазір кино да қалып барады. Интернет бәрінен озып тұр. Кейде адамды еркінен тыс болсын, саналы түрде болсын тұрмыс билеп кетеді. Тұрмыстық уайым-қайғы басқан кейбір адамдар үшін комедиялық бағыттағы фильмдерді көріп, бір сәт болсын сергіп қайту тиімді шығар бәлкім. Театрдың қалыптасқан көрермені болмаса, көпшілік қауымның киноға жиі баратыны жасырын емес. Бірақ, айналып келгенде түбінде барлығы театрға келетін болады. Түп тамырға оралады. Себебі, театрдан адам катарсис алады. Ол міндетті түрде. Өзім режиссура саласының маманы болғандықтан, көрерменге де, өнертанушы мамандарға да түсінікті, сапалы қойылымым арқылы көрерменді тарта аламын деп ойлаймын. Режиссер пьесаны формаға салмау керек, пьесадан форма таба алуы керек. Кезіндегі Жанат ағаларымыздың Бекежанды ақтап алуы, пьесадан форма таба білу ұғымына дәлел бола алады. Құлдырау – сенің болашағыңның       жарқын болуы үшін керек болғандықтан, қателесуден, сүрініп кетуден қорықпау керек. Өз ретімен, еңбекпен, ізденіспен ары қарай дами берсе, кез келген режиссер сапалы қойылымдары арқылы театрға көрермен тарта алады, қызықтыра алады деп есептеймін. Шығармашылық еркіндікте техникалық құрам мен актерлік труппаның, спектакль үшін жұмыс істейтін өзге де мамандардың басын біріктіре отырып, қойылымның жарыққа шығуына жағдай жасау, бұл театр басшысының ең бірінші міндеті деп ойлаймын.

Біз әртүрлі театр фестивальдері мен осындай гастрольдік сапарлар барысында республиканың әр аймағында орналасқан театрлардың хал-ахуалынан хабар алып, шығармашылық келбетін бағамдап жүрміз. Кейбір театрлардың үлкен өнер бәйгесіне қатысу үшін әкелген қойылымдары сын көтермей жататыны жалған емес. Өзіңіз облыстық театрда қызмет етіп жүргеніңізге үш жыл болыпты. Осы уақыт аралығында облыстық театрлардың тыныс-тіршілігін саралай алдыңыз ба? Қандай пікір білдіресіз?

– Бүгінде облыстық театрлардың басым бөлігі қарқынды дамып жатыр. Спектакльдері де көркемдік сапасы жағынан көңіл қуантады. Қазіргі уақытта көпшіліктің аузында жүрген театрлардың бірі – С.Мұқанов театры. Ол театрда жұмыс істейтін жас режиссер Фархат Молдағали үнемі ізденіс үстінде. Оның ізденісі қайдан туындады? Фархат Мәскеу қаласына барып білім алып, тәжірибе жинап келді. Өзі қызмет істейтін облыстың басшылары оған жағдай жасап, мүмкіндік туғызды. Бізде қазірше ондай жағдай жасалмаған. Болашақта қолдау болып жатса, өз қазаныңда қайнай бермей, шетелдерге шығып, көріп, біліп, ізденіп келуге әрине, дайынбыз. Ал, енді фестивальдерге келетін қойылымдардың кейбірі сын көтермейді деп отырсыз. Оның бірден-бір себебі, актерлік құрамның тұрақтамауы. Мысалы, актерлерді рольге бекітіп үлкен спектакль дайындайсың. Ол жап-жақсы қойылып жүреді. Актер үш жыл жұмыс істейді. Сосын Алматыға, Нұр-Сұлтанға ауысып кетеді. Себебі, үйі де, күйі де көңіл қуантпайды. Жағдай жасалмайды демеймін, барынша жатақханамен қамтып, басқа да жағдайларды ескеріп, қолдау  көрсетіледі. Бірақ, тұрақты пәтердің болмауы жас таланттардың басқа жаққа ауысып кетуіне ықпал етуде. Біздің театрдағы негізгі мәселелердің бірі де осы – актердің тұрақтамауы. Жалпы, біздің театр басқа да режиссерлерді шақырып, спектакль сахналауға, тың идеяларды жүзеге асыруға ниетті, қашан да дайын.

– Ж.Аймауытов театры жас мамандармен толығып  жаңа бір кезеңге аяқ басқандай көрінеді. Жуырда Ерлік Жуасбек көркемдік жетекші болып тағайындалды. Жаңадан барған мамандар театрға қандай өзгерістер енгізуде?

Театрдың құрылғанына келер жылы 30 жыл толады. Ерсайын ағамыз негізін қалап, 20 жыл басқарған театр ол кісінің жетекшілігі кезінде біраз асуларды асып, жетістіктерге жетті. Бүгінде театрдың аға буынына айналған аға-апайларымыздан құралған шығармашылық топ жұмыла еңбек етіп, 30 жыл тарихты артқа тастап отыр. Шыны керек, Ерсайын аға кеткеннен кейін театр біраз құлдыраған екен. Ол кісінің театрға деген махаббаты ерекше. Таңғы тоғыздан арасына бір сағат үзіліс жасап түнге дейін жұмыс істейтін кездері көп болған екен. Ол кісіден кейін Бекболат Оқасов көркемдік жетекші болды. Ол кісі Жанат Хаджиев, Әлімбек Оразбеков сынды режиссерлерді шақырып, жақсы қойылымдардың шығуына себепкер болған. Сол жылдары Мұхтар Байжұманов Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына келіп, маған ұсыныс жасап, Павлодар театрына шақырды. Өзімнің ұстазым Жанат аға Хаджиевпен ақылдаса келе, осы театрдың шақыруын қабыл алдым. Менен кейін де театр жас мамандармен толығып жатыр. Біз қазір мүмкіндігінше классикалық шығармаларды қарап, ізденіс үстінде жүрміз. Театрға жаңа басшылықтың келуі – театр менеджментінің жолға қойылуына әсер етті. Жаңашылдық бар.

– Репертуарларыңыз театрдың музыкалы деген атауына жауап бере ала ма? Театрдың облыстық мәдениет басқармасына қарауы репертуардың түзілуіне, құрылымына әсер ете ме?

– Менің ойымша, жауап береді. Бізде «Айман-Шолпан», «Ханума», «Аршын мал алаң», «Венециялық егіздер», жақында қойылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты музыкалық қойылымдар бар. Бізде әр театр маусымына алты қойылым жоспарланады. Оның екеуі балалар қойылымы. Көркемдік кеңестің талқылауына өзіміз тараптан пьесаларды ұсынып, талдап, талқылаймыз. Сол арқылы бекітіліп, қойылымға дайындықты бастаймыз. Бір сөзбен, театрдың мәдениет басқармасына қарауы ешқандай кері әсерін тигізбейді.

– Балаларға арналған қойылымдар қандай мәселелерді қамтиды?     

Бағана айтқанымдай, бізде жылына балаларға арналған екі қойылым сахналанады. Келіп, спектакль көріп, бірге қуанып, бірге билеп, ән айтатын кішкентай көрермендердің біз үшін орны бөлек. Күн сайын өзгеріс болып жатқан 21 ғасырда робот, ұялы телефондар, технологиялық жетістіктер сахнадағы бүгінгі күн балаларының бейнесін қалыптастырып отыр. «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты қойылымда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген тарауларға сәйкес келетін кейіпкерлер мен тартыс туғызу мақсатында роботтарды қостық. Балаларға арналған қойылымдардың қай-қайсысы болсын, тәрбиелік мәні бар шығармалар деп есептеймін. Алдағы уақытта қуыршақтармен байланыстырып, қуыршақ театрының режиссерін шақырып, арнайы маман алдырып (бізде қуыршақ театрының артистері де қызмет істейді) балаларға арнап қызықты бір қойылым жасасақ деген жоспарымыз бар.

  Біздің болашақтағы көрермендеріміз бүгін ертегіге келіп отырған балалар болғандықтан, біз олардың санасында театрға деген жақсы, жылы ой қалыптастырығымыз келеді.

«Жастар жылынан» не күтесіз? Жоспарларыңыз қандай?

– Бірінші мақсатым – үлкен өнер додасына, фестивальге қатысу. У.Шекспирдің «Лир патшасын» моноспектакль ретінде бастап жатырмын. Пьесаны қысқартып, формасы жағынан жұмыстарды реттеп қойдық. Алдағы уақытта бар ынта-жігерімізбен кірісеміз. «Жастар жылы» жаңа мүмкіндіктер туғызады деп сенемін. Мен және бірге жұмыс істеп жүрген жас буын театр атты әлемнің есігін айқара ашып, осы саланың өркендеуіне сәл де болса үлес қоссақ, мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.

 Әңгімелескен

Гүлзия Сәдуақас

 

ПІКІР ҚОСУ