«ТОҚСАН ТҮРЛІ ӘН САЛАТЫН» «ГӘККУ»
03.06.2019
1431
0

Қазір көшеде де, автобуста да құлағына құлаққап киген жастарды көп көреміз. Музыка тыңдап тұратындары айтпаса да түсінікті. Кейбірінің бүкіл әлемді ұмытып, елтіп кететіні соншалық, құлаққаптың өзін «жарып» өтіп жатқан дыбыстарға еріксіз құлақ түресіз. Сондайда бүгінгі жас буынның көбіне «Гәкку ТВ» телеарнасынан берілетін әндерді тыңдайтынын байқаймын. Ал, қазақ және орыс тілдерінде «тек отандық контент таратушы тұңғыш музыкалық телеарнаның» деңгейі өз атына сай ма ? Қазақтың інжу-маржан әндерінің бірінің атауын иеленген «Гәкку» көптің көңілінен шығып жүр ме?

Телеарна халыққа, негізінен, музыкалық, ақпараттық және сауықтық бағдарламаларды ұсынады. Солардың бірі «Еп-ескі» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, Қазақстан эстрадасының «алтын қорына» енген әндердің жиынтығы. Бұлары – құптарлық қадам. Көрермен «Еп-ескіні» көріп, өткенге деген сағынышын басады. Бір кездері құмары қанғанша тыңдаған сүйікті әндерімен қайта қауышады. Өмірден өткен әншілерді құрметпен еске алады.
Ал, «Шындығын айтсақ» – «Если честно» бағдарламасында телеарнаның бас продюсері Тимур Балымбетов студияға шақырған қонағымен сыр-сұхбат құрады. Жүргізушінің кімді де болсын алдын-ала «зерттеп», сұрақтарын мұқият дайындап алатыны байқалады. Кейіпкерін сөйлете һәм тыңдай біледі, жан-дүниесін ашуға ұмтылады. Әлеуметтік желілерде де осы бағдарлама мен оның жүргізушісі жөнінде оң пікірлер жиі айтылады.
Кезекті «Follow Wars» жобасында студияға келген өнер адамы ұялы телефоннан оқу арқылы ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерден іріктеп, дайындап қойған өзіне қатысты пікірлерге жауап беруі керек. Бұл бағдарламаның бір шығарылымын көріп-ақ, бізде пікір білдіру мәдениеті өте төмен деңгейде екеніне тағы бір көз жеткізесіз. Шығармашылығынан бұрын біреудің сырт келбеті, жеке өмірі туралы кекесінге, айыптауға толы пікірлер бірінен бірі өтеді. Ұйымдастырушылар да әдейі «ерекшелерін» таңдап алатын сыңайлы. Сорақысы сол, тең жартысы әдепсіз сөздерге толы. Әнші-әртістердің бірі ондай сөздерге мән бермей, өткізіп жібереді, енді бірі тарс еткізіп оқи салады. Бағдарлама шығарушылары ондайда техникалық жолдармен сөзді естіртпеуге тырысады. Әйтсе де, бәрін титрден көріп отырған соң, одан келіп-кетер пайда, кәні?! Кейде қайсыбір әншілердің жауабы дөрекілігі жағынан пікірден де асып түсіп жатады. Әйтеуір, былапыт сөз қолданбайтынына шүкір дейсің. Тағы бір қынжылтатыны – шақырған қонақтарын бағдарламаның басынан аяғына дейін көрерменге көрінбей бақылап отыратын, ара-арасында үн қатып, сөйлеп қалатын ұйымдастырушылардың бей-берекет күлкісі. Ал, мұнда, экранның ар жағындағы сізді ызалы күлкі қысып отырады.
Келесі «Жап-жаңа» айдарымен жаңа әндерге түсірілген бейнебаяндар көрсетіледі. Расымен, мұндағы әндердің сөзі де, бейнебаяндары да «жаңа». «Жап-жаңа» «Гәкку» «тоқсан түрлі ән салады».
Мысалы, бұрын бойжеткендер бозбалаларға:
Жүрек деген сезім ғой, сезіміме
Сезіммен кел, болмаса
мазалама, –
деп назданушы еді.
Қазіргі бойжеткендер:
Оның сезімдерімен ойнама!
Сені кешіреді деп ойлама!
Егер ойларың болса жай ғана,
на, на,
Онда ерікпе! –
деп турасын айтады. Сенбесеңіз, Зируза дейтін жас әншінің «Ерікпе» дейтін әнін тыңдап көріңіз.
Ғашық жігіт сүйген қызын:
Нұр ойнап көзіңде,
Уәделі кезіңде
Кешікпей келем деп ең,
Мен тұрмын елеңдеумен, –
дей әндете күтумен сабырын сарқатын.
Бүгінгі арулар жігіттерді:
Карамель,
Тілімнің ұшында карамель,
Түнімен ала бер, бері кел,
Түнімен түнейді перілер, –
деп, еш қымсынбай өздері шақыратын болды. Арасында жиі тыныс алып, әнге «сиқырлы» өң береді. Кім десеңіз, ол – Кәмшат Жолдыбаева…

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір