БАТЫРДЫҢ КЕСЕНЕСІНДЕ БОЛҒАН ӘҢГІМЕ
Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінде жеті-сегіз адам тарих жайлы әңгімелесіп отырғанбыз. Үстімізге үш-төрт қария кіріп келді. Құран оқылып, амандық-саулық сұрасқан соң ақсақалдардың үлкені:
– Біз – Қоңырқұлжа сұлтанның тұсында Ақ патша Ақмолаға Қазаннан көшіріп әкеліп, бұл жақтағы қазақтарға ислам дінін үйреткен әулеттің ұрпағымыз. Жерсінбеген біраз туыстарымыз кейін көшіп кетіпті. Ал біз тұрып қалыппыз, – деп әңгіме бастады.
Бұл сөз құлағымда бар. Ақсақалға дөрекілеу сұрақ қойдым.
– Сонда, Сіздер татарсыздар ма, қожасыздар ма? Қожалар өздерін: «Арабтармыз», «Пайғамбардың ұрпағымыз», – дейді ғой?
– Татармыз, – деді ақсақалдардың үлкені. – «Қожа» деп барлық дін таратушыларды атайды. Әртүрлі нәсіл мен рудан тұратын топ жиналып, Хожент қаласынан дін үйреніп, жан-жаққа аттаныпты. Содан осы «Хожент» кейін қожаға айналыпты. Қожаның екінші мағынасы – «үйретуші» деген сөз. Біз сол Қоңырқұлжа тұсынан, тіпті, одан да бұрын Арқадағы қазаққа дін үйретіп келеміз.
Қонақтарымның осы сөзі қып-қызыл өтірік. Арқада екі жарым ғасырдай тұрып, Жетісу мен шығысқа қарай көшіп кеткен найман мен абақ керейге, осы өлкеде тұрақтап қалған ашамайлы керей мен арғынға татарлар Ислам дінін таратқан емес. Бұл тақырыпты біршама зерттегенмін. Алдымен ақсақалға қарсы шықпай-ақ қояйын деп бір түйдім де, іле үндемей қалсам, қазақтың есесі кететінін ескеріп, сөз суырдым:
– «Арқадағы қазаққа татарлар Ислам дінін үйретуге келді» дегендеріңіз түбірімен жалған.
– Е, неге? Неге жалған? Сенен бірінші рет естіп тұрмыз! – десті қариялар.
Байқаймын, сөзімді жаратпай қалды. Алайда, алдында кеңес құрып отырған жұрт ынта танытты.
– Сіздер ары кетсе, 1822 жылдары немесе Ақмола әскери бекінісі құрылған 1832 жылы келіп, қоныстандыңыздар. Солай ма? – деп мен сөзімді жалғадым.
– Рас, солай.
– Ол кезде Арқада тұрып жатқан арғын, найман, керей рулары, алды 350 жылдай бұрын Самарқан, Бұхара, Хиуа, Нұрата, Түркістан, Сырдария бойынан көшіп келген еді. Бұған дәлел найманның түп атасы Өкіреш Шал – Самарқанда, Төлегетай – Сыр бойында жерленген. Өкіреш Шал, мөлшері ХІІІ-ХІV ғасырларда, Төлегетай ХV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар. Бұл найман жайлы.
Енді мына деректерге қараңыздар. Арғын, найман, керей Шыңғыс ханның ұрпақтары шайбанидтер билік жүргізген Бұхара, Самарқан, Нұрата, Түркістан, Сырдың жоғары жағына ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында орналасып алды. Бұл – бұлтартпас тарихи факт. Өсіп, өнді. Бұл қандай өлке еді? Ислам дінінің өркендеп, қанат жайған аймағы емес пе еді? Найманның Ұлы атасы Өкіреш Шалдың моласы Самарқаннан отыз шақырым жерде. Төлегетай баба Сырдың бойында тынымдаған дедік.
Арғынға келейік. Бұхар жыраудың елі Бұхар туғанда ХVІІ ғасырдың ортасында Бұхараны мекендегенін профессор А.Сейдімбеков, Қанжығалы Бөгенбай батырдың елі осы кездерде бүгінгі Түркістан облысындағы Сайрам ауданындағы Бөген өзенінің бойын мекендегенін профессор Ж.Артықбаев, Қаз дауысты Қазыбектің Түркістан – Сыр өңірінде туғанын профессор Марданов пен әйгілі бидің ұрпақтары, ғалымдар анықтап жазып жүр. Бұл дау тудырмайды. Жоңғар шапқыншылығының алдында Абай елі – тобықтылардың Сыр бойындағы Шиеліні мекендегені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Міне, арғындардың Арқаға орналасқанға дейінгі атамекендері. Найман да, арғын да сол кездегі қазақ арасындағы Ислам дінінің кіндігінде отыр. Исламнан әбден сусындап, бойына сіңірген ел.
Камал Әбдірахман,
Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы
(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)
ПІКІРЛЕР12