Қызыл көйлек… Бүгін оны кимедім
22.05.2019
2001
0

Назира БЕРДАЛЫ

Сәлем, бала Нәзираш!
Қалай сенің жағдайың?
Қоңыр шашың – алтын ғой,
Тақылдап тұр таңдайың.
Болашағың жарқын ғой,
Жарқырап тұр маңдайың…

Сәлем, бала Нәзираш!
Сәлем, менің сүйкімдім!
Бетіңдегі ұяшық…
Тәттісін-ай күлкіңнің!
Қалмаған ба есіңде,
Қай арманға ұмтылдың?
Қалмаған ба жұрнағы
Қарлығаштай тұрқыңның,
Кеудемдегі қастерлім,
Қалайша сен ұмытылдың?!

Қара жолға қараумен,
Күндер, айды санаумен
Күтуші едің ағаңды,
Ағаң қайда, келді ме?
Сыйлық әкеп берді ме?
Кеудемдегі асылым,
Керек саған енді не?

Кел, ойнайық, Нәзираш,
Жалғыздықтан жабықпа.
Құшағыма ене ғой,
Келе қойшы, қамықпа!
Дүние сұлу емес пе,
Бәрі қызық емес пе?
Соны тағы анықта.

Құшақтап ап қозыңды,
Жүгір, ғажап әлемге!
Мені көрсең ересек,
Қорықпастан «сәлем» де.

…Жүгері өскен тым биік
Жасыл бақша қандай-ды!
Қол-аяғым өзіме
Бағынбастан самғайды.
Кіп-кішкентай Нәзираш,
Кеудемдегі Нәзираш,
Маған жырын арнайды…

Досым еді…
Мені де 
Енді ол дос қып таңдайды.
Сәлем, бала Нәзираш!

* * *

Ең жақын досым, 
Сырымды барлық білетін 
Ең жақын досым,
Кемшілігіме күлетін.
Ең жақын досым, 
Менімен бірге жылайтын 
Ең жақын досым, 
Хәлімді күнде сұрайтын. 
Ең жақын досым, 
Туғалы бері дос мемен (менімен)
Көбелек қуып, 
Онымен ойнап өскен ем. 
Ең жақын досым, 
Қимайтын мені күдікке, 
Екеуміз ғашық болып ек
Жалғыз жігітке. 
Ең жақын досым, 
Алдыңда неге ақталам? 
Сен ғанасың ғой, себебі 
мені сатпаған. 
Ең жақын досым, 
Қатемді барлық кешірген, 
Ең жақын досым, 
Өшірген емес, өсірген! 
Ең жақын досым, 
Еһ, досым, саған таңғалам! 
Ең жақын досым 
Қарап тұр маған айнадан…

***

Бақыт па, досым, күлгенің?…
Бақыт қой, кейде, тұнжырау. 
Дүрсілін тыңдап кеуденің,
Досыңмен бірге шын жылау.

Бақытсыз болмай, бақ қайда? 
Демеймін «мұңды жатсындым».
Жанға айта алмаған шақтарда, 
Сырымды саған тапсырдым, 
Сырыңды маған тапсырдың.

Көз жасы болмай, күлкі жоқ…
Ұқпасаң қайтем? Ұқсаң – ұқ!
Құлыпы бар да, кілті жоқ, 
Жүрегім менің – сырсандық.

Сырыңды жанға сатпаспын, 
Хабарсыз кетсем, кеш, досым!
Жансарайыңның қақпасын 
Кірлетпесінші, бес досың. 

Бес күндік мына жалғанда 
Бес жолдас, иә, табылар. 
ЖОЛдостан, жолдан қосылған, 
Бұрынғы достың мәні бар. 

Жолдаспен сенің жолың бір, 
Шын доспен…онда – бәрі бар!
…Кезім көп сені сағынар. 

Білдірмей, бәлкім, жүрсем де, 
Көзіме тұнды шық қанша…
Амал дос – малың шыққанша, 
Адал дос – жаның шыққанша.

Бақыт па, сірә, күлгенің? 
Бақыт қой, кейде, тұнжырау. 
Дүрсілін тыңдап кеуденің, 
Досыңмен бірге шын жылау…

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір