КӨГІЛДІР САҒЫМ, ҚЫЗЫЛ БҰЛТ
09.09.2025
460
0

Болат ҮСЕНБАЕВ

ҰЛЫМА ҚҰЛАҚҚАҒЫС
Қайрат қайтты, балам-ау, күш кеміді,
Құрбылардың байлық пен құт – келіні.
Келін керек,
Немере ойнатайық,
Қалай сақтап қоя алам іште мұны.

Жүйрік уақыт – түйе емес шөгеретін,
Қазақпыз ұрпағымен көгеретін.
Менің ішім қылп етіп, сөз таппадым,
Құрдастарым мақтаса немересін.

Әлі жассың дейді жұрт жорта маған,
Қарт болдым алпысыңды орталаған.
Ерік берсең өзім-ақ құда түсем,
Достар көп құдалыққа қолқалаған.

Құдамен құшақтасып, қауқылдасып,
Сіз, бізбен өтсе деймін алтын уақыт.
Тағы да жасарар ем бірер жасқа,
Немере иіскесем мауқым басып.

Қай қызды күнім дедің, айым дедің,
Балам-ау, үйленуге дайын ба едің?
Шіреніп мына төрде жатпас па едік,
Біздерге әзірлесе шайын келін.

Деп жүрмін жігіт болды, ер жетті ұлым,
Келін қашан келер деп дөңбекшідім.
Мойныма немеремді мінгізіп ап,
«Ата!» деген келеді сөзді естігім.

ШЫНДЫҚ ҚАШЫП БАРАДЫ
Шындық қашып барады,
Қуып келеді қалың жұрт.
Жеткізетін түрі жоқ,
Қара терге малындық.

Жай қуа ма мына жұрт,
Айғайы бар, сүрең бар.
Зекіп, дауыс көтеріп,
«Ей, тоқта!» – деп ұрандар.

Шындық ғайып болады,
Бір көрсетіп өкшесін.
Тағы іздейміз жабылып,
Адастырып кеткесін.

Қашпас еді ол байғұс,
Бізден қорлық көп көрген.
Жалғандықтың ауласын,
Сыпырушы боп келген.

Өтірікке жол ашық,
Жалғандыққа төрде орын.
Сен де қашып кетер ең,
Көрсең оның көргенін.

ІШТЕГІ САЙТАН
Ішімде сайран салады,
Баяғыда енген сұм сайтан.
Көздері оттай жанады,
Қылығын оның кімге айтам.

Азғырып әуре мені ылғи,
Қылымсыр көзін ойнатып.
Нәпсімді билеп, жеңіп жүр,
Өкінтті бармақ шайнатып.
Қылығы тәтті бәтшағар,
Тіліме менің ер дейді.
Итеріп жолға оспадар,
Қашуға ерік бермейді.

Иектеп алып мені ылғи,
Айызы қанар азғырса.
Құбылып сәтте көңіл күй,
Қуана түстім мәз қылса.

Айналтып майлы ішекше,
Ішімде билік жүргізді.
Итеріп тұман, түнекке,
Ит қылып кейде үргізді.

Боламын әркез жаныңда,
Қызыққа батқын дейді ол.
Өмірден ләззат алуға,
Шараптан татқын дейді ол.

Ақ сайтан ба екен, белгісіз,
Көк сайтан ба екен, білмеймін.
Жай ғой бұл адам сенгісіз,
Ол күлмей, мен де күлмеймін.

Пәлекет зәремді ұшырған,
Түртпектеп, тыныш жатпайды ол.
Сайтанның жолы – шытырман,
Сол жолдан, Тәңір, сақтай гөр!

***
Күзге ұқсас алған демім де,
Күзге ұқсас кейпім, өңім де.
Қызықты шақтар жырақтап,
Уақыттың шаңы көмуде.

Жеңіліп уақыт – мықтыдан,
Жанардың жасы ытқыған.
Тұрғандай жүрек кебірсіп,
Айналам – боп-боз, құп-қуаң.

ЖУУ
Жас едік, бойда жалын көп,
Асықтық лаулап жануға.
Өлеңнің ептеп қамын жеп,
Талпындық қанаттануға.

Ақын боп біз де әжетке,
Жарап қалдық деп ойлаушы ек.
Бір өлең шықса газетке,
Бір апта жуып, тойлаушы ек.

Ол кезде жаппай жуыс көп,
Бақталастықтан ада едік.
Кететін едік туыс боп,
Соңымыздан елдің бәрі еріп.

Ақын ағалар ақиық,
Ұсынды шарап кесемен.
Дарынбыз дедік далиып,
Бес жылда жазып бес өлең.

Аманхан бастап, мен қостап,
Сандалдық сыраханада.
Бір-бірімізді қолпаштап,
Кездесуші едік күнара.

Өлеңді қолдан жасау жоқ,
Тұратын аңқып көктем, гүл.
Болса да тіпті ақау көп,
Сондағы жырлар мөп-мөлдір.

Бейкүнә кездер аңсатты,
Жаһұт жыр – жүрек қалауы.
Келмеске кеткен сол шақты,
Сағынып қалам шамалы.

ПЕНДЕШІЛІК
Көңілдің емі күлкі деп,
Шаттықтан шаштым шашуды.
Ол күн де өтті дүркіреп,
Екпіні лезде басылды.

Өмірдің бәрі той емес,
Ойлан деп аз-кем мұң берді.
Ұмыт та болды, көбі елес
Соңымда қалған күндердің.

Шықпақ боп биік белеске,
Кеудемнің шоғын үрледім.
Бақыт боп кейде елестер,
Жер басып тірі жүргенім.

Жүрмін деп қоям мен неге,
Оранбай үлде-бүлдеге.
Қанағат жоқ-ау пендеде,
Жетпей тұр ғой бірдеңе.

ӨТЕЖАН АҚЫННЫҢ АЙТҚАНЫ
(Қаз-қалпында)
Жыр жазбай-ақ табылады қорегің,
Өлеңді ойлап өртенбесін өзегің.
Көп қой, інім, қызмет те, кәсіп те,
Ақылың болса, ақын болма дер едім.

Ой кешумен ағартпағын самайды,
Өлең – өнер адастырған талайды.
Қаламы мен соратұғын саусағын,
Ақынды ел ақымаққа санайды.

Сенбе өлеңнің сиқырына арбаған,
Өлеңіңді оқитұғын бар ма адам?
Қалып қояр тиянағы табылмай,
Келеке ғып, таптап кетер кер заман.

Әуре болма жүрегіңді жаралап,
Ақындардың көретіні тек азап.
Жазғаныңды, сызғаныңды түсінер,
Жер бетінен табылмайды азамат.

Әуреленбе өлең іздеп, сөз қуып,
Көңілің үшін,
«Е» дей салар көз қылып.
Жалаң аяқ қалғаныңды білмейсің,
Кітабыңды шығарамын деп жүріп.

Түйеге ұқсап тікен жеген, тұз артқан,
Тәлтіректеп асарсың-ау Мұзарттан.
Табан ақың, маңдай терің өтелмес,
Ұйқы көрмей отырғаның ұзақ таң.

Азаптанба қан-сөліңді беріп сен,
Шатқаяқтап шабыт деген желікпен.
Нарық сенің өлеңіңді не қылсын,
Сөздің ақша болған кезін көріп пе ең?

Өлең жазбас ақыл-есі бүтіндер,
Шындықты айтсаң оқырманың
түтіп жер.
Арнау жазғыш ақындарды қолпаштап,
Патша сөздің бағасын да түсірді ел.

Ақылымды құлаққа ілген пенде кем,
Өлең жазып көрсін бұған сенбеген.
Өлеңімді жазам,
Жазам, сонан соң,
Қатыныма ғана оқимын мен деген.

ҚЫЗЫҚ – АДА, ҚЫЗ КЕТКЕН
Біз қандай ек бір кезде,
Құйылатын нұр көзге.
Елемеуші ек мұң барын,
Шалқып-тасып жүргенде.

Тірлік сонша сырғақ па,
Бағынбайтын ырғаққа.
Өкініші өткеннің
Жүрегімді сыздатпа!

Бармақ болғам бір жаққа,
Бір жақ қалды бір жақта.
Оты жанды тозақтың,
Қызықсақ та ұжмаққа.

Қызық – ада, қыз кеткен,
Алмасуда күз, көктем.
Табиғаттың заңы ма,
Жастық шақты іздеткен?!

КӨГІЛДІР САҒЫМ, ҚЫЗЫЛ БҰЛТ
Жастықтың шоғы сөніпті,
Қайғысыз күндер қалды артта.
Мұңдарын жамай беріпті,
Жүрекке түскен салмаққа.

Енді ізін жастық салмайды,
Қайғы жұт, қанша күңірен.
Жаныңды жұбата алмайды,
Болмайды оған бірі де ем.

Жас дәурен баста тұрмайды,
Қадірін кештеу ұғындық.
Шалғайдан қолын бұлғайды,
Көгілдір сағым, қызыл бұлт.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір