ҚАЗАҚ пен ЖАПОН ЖАЗУШЫСЫ ЕКІ ДҮНИЕНІ ҚАЛАЙ ПАЙЫМДАДЫ?
21.05.2019
1189
0

Өмір мен өлім. Жазмыш, тағдыр. О дүние мен бұ дүние. Ғылым осы мәселені жазушылар­дың еншісіне қалдырға­лы қашан. Физика ғылымындағы квант теориясы бойынша фәни мен бақи екі бөлек эфир. Әрине, тірі мен өлі екі эфирде тұрғандық­тан, бір-бірін көрмейді, тілдеспейді. Ғылым осыдан артық жарытып ештеңе айтпайды. Ары қарай мұнымен өнер, әдебиет, дін, философия саласы айналыссын деп бізге ысыра салатындай көрінеді.

Мәселе осыдан басталса керек. Талай аңыз-әпсана, діни қиссалар жазылған шығар. Бірақ, дәл қазіргі заман жазушыларының туындыларынан екі дүниедегі жандардың яғни, өлі мен тірінің тілдескенін өте сирек кездестіріп жатамыз.
Өткен жылы жапон жазушыла­рының таңдаулы әңгімелерінің жинағы қолыма түсті. Соның ішінен Асаи Риоу деген бір атақты қаламгердің «Шоқтай қызыл белбеу» деген әңгімесі өте тосын көрінді. Бір деммен қазақшаға аударып та тастадым. Жазушы әңгімесін психологиялық күрделі шытырман оқиғамен өрнектеп, барынша қызықты баяндайды. Бала кезінен атастырылған сүйген жігітін жылдар бойы сағына күткен қыздың о дүниеге аттанып кеткенін білген соң, күйеу жігіт Хэйжи уақыт пен кеңістіктен тыс өзгеше әлемге (трансқа) душар болады.
Эзотерика ғылымы бойынша, о дүниеге аттанған адамның тәнінде тіршілік белгісі тоқтағанымен, 40 күнге дейін ментальдық және астральдық денелері бойынан толық шығып үлгермейді. Осыны негізге алған жапон жазушысы қыз бен жігіттің арасында «байланыс» орнатып, жігіттің трансқа түкенін әңгіме желісіне арқау етеді. Әңгімеде автордың «жігіт асығып жетіп келгенде қыздың бір ай бұрын ғана дүниеден өткенін» нақтылауы да кездейсоқтық емес.
Қайғыдан қан жұтқан Хэйжидің сағына сарғайған ғашығымен ғарыштық байланысы күрделі бола түседі. Негізі, қыздың өзі де сағы­ныштың салдарынан науқасқа ұшырап, құса боп қайтыс болған еді. Күйеу жігіттің «өзгеше әлемде» жүрген кезде қалыңдығының түнде оған туған сіңілісінің кейпіне еніп, елес боп келуінен оқиға ширыға түседі.
О дүниедегі қыздың аруағы сүйген жігітіне қосылғанда ғана жаны жай табатынын, сіңлісінің физикалық тәні арқылы өз дауысымен хабардар етеді. Жаратушыға жалбарынған ақ адал тілегін сіңірген шоқтай жанатын қызыл белбеудің және атастырылған қыздың тұңғиық тереңіндегі сентиментальдық сезімінің құдіреттілігін жапондық жазушы Асаи Риоу оқырман көңіліне қонымды етіп, әсерлі бейнелейді. Мұндағы оқиға тек қос ғашықтың балдай тәтті өмірін ғана бейнелейді.
Жапон халқының ауыз әдебиетінде «ерэй» яғни, «күңгірт», «көмескі» деген мағына беретін аруақтардың көркем образы ежелден бар көрінеді. Оның мәні ой-санасы өшкінделген, шіріген дегенге келіп саяды. Жапондар да қытайлардағыдай немесе Батыс әдебиеттерінде суреттелетіндей аруақтар о дүниеге барған соң жандары жай тауып, мамыражай күй кешеді деп есептейді. Қысқасы, көркем образ сомдаудың аталмыш тәсілі әлем әдебиетінде біршама кең тараған. Бұл жайында сәл кейінірек айтармыз…

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
жазушы

(Толық нұсқасын газеттің №20 (3654) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір