Кәрменовтің төрт томдығы жарық көрді
21.05.2019
2130
0

15 мамыр күні Ұлттық кітапханада белгілі әнші Жәнібек Кәрменовтің төрт томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кешке мұрындық болған – «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымы. Кешке ақындар Нұрлан Оразалин, Маралтай Райымбекұлы, әншілер Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман және әншінің замандастары, зиялы қауым өкілдері, әншінің жұбайы, әнші мұрасының жанашыры Тоты Тұрсынханова мен ұл-қыздары қатысты.

Кітаптың тұсауын арнайы Нұрлан Оразалин мен Тоты ханым кесіп, көпшілікке таратты. Кеш тізгінін қолына алған белгілі жыршы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіп жинақтың шығуына Алматы қаласы әкімдігінің қолдау білдіргенін айтты.
Кеште ақын Нұрлан Оразалин сөз алып, замандасы хақында қызықты естеліктер айта келіп: «Алғаш Жәкеңнің атын естіп, өзін көрмекке іздеп барған болатынбыз. Сонда қол алысып, бізге дұрыс жауап қата қоймады. Сондағысы он жеті жасар жас баланың бізге сынай қарап тұрған тұрпаты екен… Жәнібектің әндері қазақ халқы барда ешқашан өлмек емес, өшпек емес», – деп сөзін қорытындылады. Рамазан Стамғазиев «Ойламаңдар, жігіттер» әнін орындап, кештің көрігін кіргізді. Маралтай Райымбекұлы сөз алып, жылы лебізін білдіріп, жырдан шашу шашты. Еркін Шүкіман: «Араға уақыт салып Жәнібек Кәрменовтің әндері қайта түлеп, жаңадан табылып жатқан жайы бар. Жақында ғана Амангелді Ермегияев маған ағамыздың даусы басылған таспаны берді. Міне, осындай шаралар арқылы жаңа әндері жаңғырып, келесі жинағы бес том болып шығады деп үміттенемін»,– деді. Кеш соңында жас әнші Сәулежан Тағзия ән салса, әншінің ұлы, белгілі журналист Шаһ-Кәрім Кәрменов әкесі жайлы сырлы сөзін жеткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір