Тұрсын, перінің қызы және мен
24.10.2015
1469
0
imagesРахымжан ОТАРБАЕВ

(қаз-қалпында)

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұй­қым қашады. Көретінім қоздап жанып, қо­ламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шы­ғар күннің шуағына шомылып, баяғы қы­зыл алтындай балқитын иен шағылдың ішін­де жүремін. Алдымды әлдебір елес­тер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Ал­­қымым іседі. Даусым қарлығады. Құ­ла­ғыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен дей­мін.

***

Қыр жайлап қонған үш үй едік. Қы­ры­мыз шағыр мен жусанға бөккен қоңыр­лық. Ара-арасында шөккен нардай боп сұ­лап жататын аспа-түспе шағылдар. Таң­ғы шық қалың түссе беті жол-жол боп жен­тектеледі. Оқушының сия тамбаған жа­зу дәптеріндей еді.
Шағылдың орта шеніндегі тақырлау тұс­ты көздеп кеп құдық қазылатын. Асып кет­се кісі бойы қол созым.Тұс-тұстан кү­міс инедей жылтырап аққан судың мөл­дір­лігі керім. Сімірсең көкірегіңді ашады. Таң­ғы ауасы тынысы бардың бәріне дәру-тін.
Иә, бар-жоғы үш үй едік. Дайыр шал мен Уәсила кемпір және бойжеткен қызы Тұр­сын. Шал момындықтан шөккен түйе­ге міне алмас. Басындағы жиегі ақжем та­қиясына қос құлағының ұшын қыстыра киіп отыратын. Уәсила — адуын қара кем­пір. Секпіл бет сары қыз оған өгей. Шал­дың бұрынғы кемпірінен қалған қарға.
Адуын қара кемпірді долылық қысса Тұр­сынға күн жоқ. Қашан көрсең де нан жа­барда ұн елеп, елек көзінен өтпей қал­ған ақбас құртты домалатып отырғаны. Ал қолтығына қап қыстырып, тезек тере шық­са, өз-өзінен нұрланып қайтатын.
Әке-шешем ылғи да алыс сапарда. Ерік өзімде. Ертеңді-кеш екі көршіні еркін жағалаймын. Әсіресе, Зәйдаш шешеме үйірмін. Кіндігінен жарылған толық кейуана. Теңселе басып жүргенде кішкене киіз үйі қалшылдап кететіндей көрінетін. Оның да үкілеп отырғаны – жалғыз қыз. Ай­дар таққыш жұрт – Перуша десетін. Шын атын ұмытыппын. Қиылған қасы, әдемі қыр мұрыны. Жаңа жауған жас қардай ақтығы. Ал, дөңгелене біткен қара көзде …үнемі балқып, маздап жатар бір тылсым бар-ды. Әй, бұл адам нәсілі емес деген қаңқу рас та шығар.
Зәйдаш шешем қызының төбесінен құс ұшырмайды.
– Өзім таптым. Семіз қатынның бойына бала біткені біліне ме? Әрі толғағым жоқ. Осы жұрт та.., – деп сөз аяғын жұта қоя­тын.
Жұрт көңілі – таразы. Есе жібере ме?
– Байдан жастай қалған. Осы маңда ұш­қан қарғадан басқа жан иесі жоқ. Ер­кек мекіренбеген байғұс қайдан жерік бо­ла қойсын. Перінің қызы да, – деген сөз ай­наланы желді күндей ұйтқытады.
Десе дегендей. Қаншама сұлу болса да тілсіз әрі құлақсыз еді. Тек анда-санда қылдай нәзік дауыспен уілдеп қана жы­лай­ды десетін. Сол кемістігін өзі де елең қылмайтын сынды. Жүздескен жерде ал­­дымен жымиятын. Сосын басын оң иы­ғына сәл құлатып, көзін ашып-жұмар-ды. Үнемі балқып, маздап жатар әлгі тылсым күллі сұрағыңа үнсіз жауап беретін.
– Зәйдаш кешкі ақ пен қызылдың ара­сында құдықтан су тартыпты. Қараса жа­нындағы шағылдың етегінде осы қыз ша­шы жалбырап ойнап жүр дейді. Тілін кә­лимаға келтіріп, шелегін тастай қашқан екен. Ізінен еріп, соңынан қалмапты. Үйі­не бірге келіпті. Пері көшетін кез ғой. Үйі­­рінен адасып қалған да, – деп отыратын Дайыр шал әуес көрген келім-кетім­ге.
– Таза перінікі емес, – дер еді Уәсила кем­пір шалына көзін оқтап. – Әкесі қазақ шы­ғар. Перінің қыз-қатыны біздің еркек­тер­ден тұқым алуға құмар десетін. Содан туған да. Баға алмаған соң тастап кеткен.
– Пәлесінен аулақ! – дейді осы әңгіме ай­тылған сайын момын байғұс өзінің ол іс­ке қатысы жоқтығын қайта-қайта сез­ді­ріп.
Екі бойжеткен жақын құрбы да емес, бір-бірін жат та көрмейтін. Тұрсын қолы қалт етсе ескі матаның жібін сабақтап суы­рып, кесте тоқыр. Кестені қолға алса баяу ән бастайтын. Ондайда Перуша жа­ны­на кеп алдымен жымиятын. Сосын ба­­сын оң иығына сәл құлатып, көзін ашып-жұмар-ды.
540919_1775042788_________________ 540919_1699721753_imagesКөре қалса Уәсила кемпір: – Өнбес іс­ті өне­ге қылуын! Осылар қатын боп, қа­зан ұс­тап жарытпас. Кеше тезек қораның ау­­зын жаппапты. Бүгін бұзауды жамыратты. Саууға барсам енесін қақтап еміп тұр. Қой, бұл қаншықты, қой, – деп қаралай тұ­­лан тұтар. Соны күткендей кішкене киіз үйін қалшылдатып Зәйдаш шешем де шы­ғар.
– Әй, қарғанба! Шәй қатықсыз қалған кү­нің бар ма осы? Ертеңді-кеш сүтті бұ­лақ­тай ағызып отырсың. Кім ішіп жатыр соны? Бұзау емсе – несібесі. О, несі-
ай! – деп қайырар. Көрші кемпірдің көңіліне ке­лер демейді. Теңселе басып сол үйге бет­тейді. – Қуырдағың пісті ме? Таң ат­қа­лы нәр сызбадым. Ыстылай әкеле ғой. Әлгі Дайыр қайда?
Кешкі шәй баппен ұзақ ішіледі. Тас­құ­ман жыңғыл шоғына бауыр төсеп, түкірік атып тұрар. Қойны-қоныштарын қуалаған ағыл-тегіл тер алуан әңгімені айдап шы­ға­рар. Күндізгі томаға-тұйықтық жайына қалар. Әйтеуір бір аталары он екі қанат киіз үй тігіпті. Уығын ат үстінде жүріп бай­лап­ты. Әйтеуір бір аталары бәстесіп самаурынды қағаз ақшамен қайнатыпты. Әйтеуір бір аталары… Шығандап кеткен әуе­зе ақыры былтыр қайымай қалған сары інгенге де жетіп әреңдеп жығылар. Он­дайда Дайыр шал: – Баяғы заман бол­са. Орынбор мен Тұзтөбенің жылқысын үйірлеп айдап әкелетін. Жері шүйгін. Көк майса. Сойса қазысы табан шығар ма еді? – деп бір желпініп қалар.
– Ибай, барымта неңді алған. Былтыр сиыр­дың шикі жапасына тайып жығылып, то­бығыңды шығарып алғансың. Қой, тыныш отыр, – деген кемпірі түскірдің сөзін ес­тіп барып есін жияр.
Ай табағы аспанда дөңгеленіп, тас тө­беде тұрып алар. Суық сәулесін себелер. Ондайда шөккен нардай боп сұлап жа­татын аспа-түспе шағылдар да байыз та­бар. Лүп еткен жел де тыншып, айналаны ұйыған жым-жырт тыныштық басар. Ан­нан-мұннан секек қағып қосаяқ қана жү­гіретін. Түнгі салқынмен екі бойжеткен ша­ғыл басына көтеріледі. Қосаяқ қуып жа­рысады. Жәй ермек үшін. Секек қақ­қан неме жеткізе қоя ма? Сынық сүйем құй­рығымен алдап жөңкиді кеп. Бор­пыл­дақ құмға тобықтан батып алдымен Тұр­сын алқынады. Қиқулап шауып мен де бол­дырамын. Тек Перуша ғана табаны құм баспай көз алдымызда есіп бара жа­тады. Көрініп-жоғалып тұңғиыққа бата бе­реді. Содан ізім-қайым! Үміт үздіріп ба­рып ай астында еркін қалқып, қанатсыз қа­лықтап оралатын.
Бір күні таңертең:
– Ибай, мынау әлгі Сандыбайдың жү­гір­мегі ме? Кәдімгі сиыршы, – деген Зәй­даш шешемнің самбырлаған даусынан оян­дым. – Әрмиден келдім дейсің бе? Киі­­мін қарай гөр. Сымдай тартылып тұр. Әс­­кер мұндайларды адам қылмай жібере ме?
Әлдекім қымсына күледі. Есік көзіне жү­гіре шықтым. Кәдімгі – Жігер. Өңірін-дегі өңшең жез көз ұялтады. Тіпті, жез түй­месі де жарқырап тұр. Екі бойжеткен де соларды қызықтап әлек. Қыр адамына бәрі таңсық. Алақан жүгіртіп сипай ма-ау. Жұрт­тың соңынан басындағы жиегі ақ­жем тақиясына қос құлағының ұшын қыс­тыра киіп Дайыр шал да жетеді.
– Балама батамды берем, – деп жете бере алақанын кең жаяды.
– Қайдағы бата? Жұрт кетерде берер еді. Бұл әскерден келіп тұр. Алжымасаң ішкен асың бойыңа жұқпай ма? – деп Уә­сила кемпір қаралай шаршап қалады.
– Е, аман-есен жүрсін де…
Жігер шыжыған шілдеде де әскер киі­мін тастар болмады. Картузы қоқырайып құдық басынан шықпайды. Аңдығаны екі апам. Алма-кезек су алуға келгенде жұ­ғы­сып қалуға құмар. Сосын үлкендерге қа­расын көрсетпей шөккен нардай боп сұ­лап жатқан шағылдардың ара-арасына сіңіп жоғалар.
Перушаның маған дегенде ықыласы бө­лек-тін. Жапан даладағы жалғыздығын менімен толтырғандай еді. Тілсіз сөйлесер ек. Ол да көп сырын айтатын. Үнсіз жы­миы­­сымен. Үнемі балқып, маздап жатар көзқарасымен. Мен де біраз әңгіменің бұ­рау басын шалатынмын. Ойша. Кей тұ­сын ыммен. Дауыстап айтсам кемістігін әшкерелеп тұрғандай көрінетін…
– Қай апаң жақсы? – дер келесі жолы келгенінде менен сол Сандыбайдың жү­гір­мегі.
– Екеуі де, – деймін бойым аттың те­бін­гі­сіне жетпей тұрып.
– Сонда да.
– Перуша.
Сосын қолыма бір сом ақша қысты­ра­ды.
– Менен сәлем де!
Айта алмадым. Бірақ ол бәрін сезді. Жы­миып кеп құшағына ап, бетімнен сүй­ген. Ерні тиген жер өртеніп бара жатты.
Апта айналмай жатып Жігер қолыма та­ғы бір сарықұлақты қыстырады.
– Перушаға сәлем айт. Мына тәпішкіні апа­рып берші. Сыйлығым. – Оралған қа­ғаз­ды қойныма тыққыштайды.
Жылжып кішкене киіз үйге беттеймін. Ал­дымнан иінағашқа екі шелегін іліп Тұр­сын шығады. Бәрін көріп-білген де. Жүзі қызарып, секпілі бетінде қалқып тұр.
– Жігер не деді?
– Ештеңе.
– Шыныңды айт. Қойныңа тыққан не нәрсе?
– Тәпішкі.
– Маған ба?
– Жоқ.
– Бере ғой. Перуша бәрібір ондайды тү­сін­бейді. Мә, мынаны ал, – деп бір уыс кәм­пит ұсынады. – Жеп көрші, дәмі кере­мет…
Сол күні Перушаға жоламай қойдым.
Келесі де Тұрсынға деп берген күміс сыр­ғасын Перушаға ұсындым. Ықылассыз алған.
Сөйтіп, көрші апаларымды алма-ке­зек сата бердім. Сандыбайдың жүгірмегі бі­реуін алып кетсе, оңай олжадан қағы­ла­тынымды білдім. Маған деген екі жақ­тың да зәрулігі мектепте сабақ бастал­ған­ша жалғаса берсе дейм. Арғы жағын кө­рер өздері…
Күміс сырғаны Зәйдаш шешем құла­ғы­на тақты. Күмістелген шашымен кере­мет­тей үйлесіп тұрды.
Перуша содан бастап өзгере берді. Ша­шы жалбырап ойнап жүрді дейтін ша­ғыл­ға кеп, батар күннің бояқ сәулесіне қа­рап мұңға шоматын. Әлдекімдерді күт­кен­дей… Әлдекімдердің елесіне за­рық­қандай…
Тұрсын сол тәпішкісі түскірді тезек қо­раның түкпіріне тыққан. Уәсила кемпір та­уып алыпты.
– Қаншық мұны кім берді?! Неге жа­сы­расың? – деп қызын құдық басына дейін қуып жүріп сабаған. – Байға қаш­қа­лы жүрмін де? Зар күйіңе жеткен екен­сің. Көрсетейін саған!
– Әй, тоқтат! Жетімекті неге сонша ба­­сы­насың, – деп алдарынан теңселе ба­­сып Зәйдаш шешем шыққан. – Осыдан бар ғой…
– Азғырып жүрген әлгі Сандыбайдың жү­гірмегі. Оңбаған неме! Құтыла алмай отырсаң бер өз періңді!
– Тіліңді тарта сөйле! Ал, берем. Алтын асықтай бала. О, несі-ай!
Құдық басындағы даудың мәнін ұқпа­ған Дайыр шал: – Батамды берем, – деп жат­ты.
Сол түні Тұрсын апам Жігердің атының артына мінгесіп кетіпті. Көрші ауылға келін боп түсіпті. Тақасы қисайған ескі төп­лиін құдық басына лақтырып кеткен. Іші­не құм толтырып, қайық қып шағылда жүздіріп ойнап жүрдім. Кешқұрым Перуша су алуға шыққан. Бос шелегі иығында тер­беледі. Әдеттегідей жымимады. Басын оң иығына сәл құлатып, көзін ашып-жұмбады да. Тек үнемі балқып, маздап жататын жанарын маған тіктеп аз тұрды да, жанымнан өтіп жүре берді.
Тілі барлардың қулық-сұмдығын тү­сін­бей қойды-ау, жазған.

***

Түнімен үзіліп-жалғанып түс еніп, ұй­қым қашады. Көретінім қоздап жанып, қоламтасы қалған балалық шағым-дағы. Шығар күннің шуағына шомылып, баяғы қызыл алтындай балқитын иен шағылдың ішінде жүремін. Алдымды әлдебір елес­тер кес-кестейді. Жөн таппай адасамын кеп. Жоқ жерден бойымды ұят буады. Ал­қымым іседі. Даусым қарлығады. Құ­лағыма алыстан талып жеткен сыбызғы үні келеді. Сыңсып жылаған қыз екен дей­мін… Жыласа жылаған шығар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір