Таупістелі тағылымы: «Шерхан мен Насыр бауында»
08.05.2019
1069
0

Түркістан топырағы ежелден шежіреге бай, қойнауынан тарих сырларын ақтарған киелі де қасиеті мекен. Осынау байтақ өлкеге, соның ішінде Арыстан баб пен Отырар қаласына жыл сайын шетелдерден неше мыңдаған туристер ағылып келіп жатады. Бұл – «Рухани жаңғыру» аясындағы Түркістан облысының қайта түлеп, «Ұлы даланың жеті қырын» ұлықтаған еліміздің атын әйгілей түсетін нақты жайттардың бірі болса керек.

Үш жүздің ба­сы қосыл­ған Ордабасы жері, Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенесі һәм Қазығұрт тауы секілді тарихи мекендермен қатар Түркістан облысының тарихи жадқа бай мекенінің бірі – Түлкібас жері. Түркінің басы саналатын мекеннің табиғаты тұмса, ауасы жұпар. Бауыржан Момышұлы, Мекемтас Мырзахметұлы, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт секілді нар тұлғаларды тудырған бұл мекеннің де әр тасы тарих тереңінен тіл қататыны даусыз.
Сәуір айының соңғы аптасында Түркістан облысының Түлкібас ауданында халықаралық деңгейде әдеби басқосу жиыны болып өтті. Жиын «Таупістелі тағылымы – 2019: Шерхан мен Насыр бауында» деп аталды. Басқосуға құрметті азаматтар мен ардагерлер, біршама зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың арасында Түркия мен Өзбекстаннан келген меймандар да болды. «Шерхан мен Насыр» бауында бас қосқан қауым әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер қос тұлғаға құрмет білдірді. Сонымен қатар жиынға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жас ақын, жазушылар қатысып, өз әсерлерін ортаға салды. Түркінің басы болып саналатын киелі мекенде ұлттың қайнар бұлағы – әдебиет пен руханият әлемін дамытумен қатар жас ұрпақтың болашағы туралы ой қозғалып, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты тереңдете түсу турасында орнықты ойлар айтылып, келелі әңгіме қозғалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған келелі басқосу Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл сынды қа­рымды қаламгерлердің шығармашылығына арналды. «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры мен Түлкібас ауданы әкімдігі қолға алған бұл бастама Түркістан облысы әкімдігінен ерекше қолдау тапты. Басқосуда сөз алған белгілі жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт: « Бұл – Ыстықкөл форумы секілді, «Таупістелі тағылымы» да өзінің қолынан келгенше Түркі бірлігіне, Түркі әдебиетіне, Түркі руханиятына қарлығаштың қанатымен су тамызғандай кішкене үлес қосса деген мақсатымыздан құрылған жоба болатын. Шараның маңызы сол, бұл жиын Түркі халықтарының ежелден келе жатқан рухани бірлігін одан ары жалғастыруға бағытталған», – деді…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір