РУХЫ ҮНДЕС ҰЛАН ЖҰРТ
Қырымбек Көшербаев,
Қызылорда облысының әкімі
Жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласындағы баспадан қазақ ақындарының қырғыз тілінде «Ұлы дала үні» атты өлеңдер кітабы жарық көрді. Әлем ақыны Олжас Сүлейменов, қазақ поэзиясының тарландары Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушановтан бастап бүгінгі жастар шығармашылығын қамтыған жыр жинағы Қызылорда облысы әкімдігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша шығарылып отыр. Парасатты поэзия туындыларын қырғыз тіліне ақындар Бақтыгүл Чотурова, Қарбалас Бакиров тәржімалап, баспаға әзірледі.
Алатаудың алқымын күргейлеп қонған қос елдің тәмсіл-тарихы, тағдыр-таланы, ұлт болып қалыптасу дағдысы, қала берді, қайғы-қасіреті де тамырлас һәм тақылеттес. Тілі мен ділі болса да. Бір кездері сырт көз бауырлас-бәйкенің жекен-су, жазмыш болмысын бөліп-жармай-ақ, «қырғыз-қайсақ» деп үйірімен үкілей салған. Біраз уақыт тасқа да солай түскен. Әрине, ежелден бері еншілес ағайынды егіздей қосақтап, ғасырлар күймесіне қатар жегіп жатса, неге шүкіршілік етпеске, бабаларымыздың құшақ қауыштырып, анттасқан аманатына қылау түспегені ғой! Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлік даму үдерістері деміл-деміл өзгеріп, рухани-мәдени құндылықтардың қадір-қасиетін «басқаша» түсіндіру көзқарасы қылаң бергенде, қазақ-қырғыздың бұрынғыдан да бекем бірігіп, тату-тәтті ғұмыр кешуі аса маңызды. Сол жолда ынтамызды салып, ықыласымызды танытып, құда-жекжаттың жөні бөлек, «тонның ішкі бауындай» жандасып жатырмыз. Бұл ретте аталарымыздың жүріп өткен ізінде іркілген інжу-маржандар жарқ-жұрқ жанып, жүрегімізге жарық түсіреді.
Айналып келіп өткенге жүгінсек, мың жылдан астам тарихы бар, айыр қалпақ ағайынның маңдайын тигізіп, мінәжат ететін «Манас» жырын қазып зерттеп, алғаш рет Еуразия кеңістігіне шығарған қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың ғылыми тұжырымы, «бүкіл Шығыс әлемінде ісімен де, сөзімен де патшаға, бай-манаптарға қарсы шыққан екі ақын бар, бірі – қазақтың Махамбеті, бірі – қырғыздың Тоқтағұлы» деп дәйектеген академик Қажым Жұмалиевтің қанатты сөзі, Сүйінбай, Жамбыл бастаған айтыс ақындарының қырғыз шайырларымен шарпысып-қарпысқан шынайы достығы, отызда орда бұзған атақты жазушы Шыңғыс Айтматовқа Лениндік сыйлық алып беруге жанын сала жүгірген Мұхтар Әуезовтің әкелік қамқорлығы, тағдырлас, замандас, қазақ-қырғыз әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Аалы Тоқомбаевтың риясыз қарым-қатынасы, кейін «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс пен Зейнолла Қабдоловтың, Қалжан Нұрмахановтың, Тахауи Ахтановтың, Қалтай Мұхамеджановтың, Сейдахмет Бердіқұловтың, Асқар Сүлейменовтің, Шерхан Мұртазаның, Мұхтар Шахановтың, Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық байланысы ғана емес, жарасымды сыйластығы бауырлас жұрттың рухани тұтастығын айқындап тұрған жоқ па!
Біздің жерлестеріміз, Сыр бойының тума таланттары Қалжан Нұрмаханов пен Қалтай Мұхамеджановтың Шыңғыс Айтматовқа деген құрметі бөлекше болған. Қалекең мен Шықаңның бірлесіп туындатқан «Көктөбедегі кездесу» драмалық шығармасы тұңғыш рет М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрында қойылып, алтын қорға қосылды. Жол-жөнекей айта кетейік, қаламгер драматургиясының Монбланы – «Ана – Жер-Ана» спектаклі осы театрда жарты ғасырдан астам уақыт бойы үзбей көрсетіліп, талай рет халықаралық бәйгелерде маңдайы жарқырап шықты. Ұлы жазушының өзі бұл пьесасының қазақша нұсқасына тең келер дүние жоқ деп есептеген…
(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)