АҚЫҚ ОЙДЫҢ АҚЫНЫ ЯКИ «БЕС МЕЗГІЛДІҢ БЕДЕРІ»
02.05.2019
139
0

«Айлы түннен сүт еміп…» таң – дүниеге тамсану ақынға берілген сый. Шын құдіреттен құлаған шым-шым әуендер дүбі – дала дауысымен еңіреп келердегі бір дүние – өлең! Емін-еркін самғап жеткен құсни жырдың ел есіне ұя салар тұсында, «уһілеген» әр жүректің дірілін сезгендей боласың. Содан кейін өзіңді иемденген бұла күшке қарай мұңлы көзіңді жайып тұрып, «…ақынға тағы бір күн ғұмыр берші…» деп жалбарынғандайсың.

Ең бастысы – өлең жауған кештің кеспірі жұққан бозғылт іңірді, «…ақ жүзіне нұр жұққан…» ана кейіпіндегі барқыт түнді, тезек жаққан ақ үйдің теңдессіз сүгіретін елестетесің.
…Апам жапқан таба нан,
Ұқсап кетті Айға әлгі,
Шоғы көкке тараған,
Жұлдыздарға айналды… –
Қазыбек Исаның өз үні. Бұл поэзиядағы ақық ойдың жұғыны!? Мүмкін оны тағы да өлең өрісіндегі бір қисында «рифма» дей­тін ұғымға тіркеуге болады. Ғасырлар бойы үздіксіз бүткілұлттық әлемге айналған осы бір қазақы ып – ыстық ырғақтан түрлі мазмұндар өнеді. Қарапайым рәміз секілді құйма теңеулерден құдіретті лептер еседі. Оқыр­мандар ақындарды шеберлігіне сай – «ешкімге ұқсамау» деген жағынан қарай алмайтын деңгейде емес қазір. Биік талғам да қалыптасқан. Алайда, Қазыбек Исаның өлеңдеріндегі бейғажайып сызбаларды басқа тілді оқырмандар өз тілінде оқыса – ұлттық өлеңнің түрлі бояулары тағы бір белеске өте шығар ма еді!?
Осындай тосын реңді жырлардың белгілі бір таптаурын қағидаттардан аттап өтуі – (transcendentalis) жаһандық жаңғыруы тек бүгін ғана ізденіс аймағында тұрған жоқ. Кезінде Қытай жауһарларын әлемге таңбалаған Дү Фү (712-770) секілді ұлы ғұла­малардың үні басқа болса да, бояулары көшпелі қауым біздікінен онша өзгеше болмаған. Қазыбектің өлеңдерінен тәңірге ұшатын көшпелі тылсым табиғилық реңі бізге етене жаттаулы болса да, басқаға тіптен соны.
…Тұманды күн. Түнеріңкі ол дағы,
Тасырқатар тастақ жолдың тоңғағы… –
Қазыбек өзіне жолыққан мұң мен қуаныштың бәрін көшпелі өркениеттің сұлба сүгіреттеріне байлайды.
Қарап отырып осы «тоңғақ» сөзінің қолданысына риза боласың. Жол бойындағы әсірекүлгін реңнің әйдік шырқауы – өлеңде осылай зерленген. Ұшпалы ұйқас емес, қарлығаштың ұясы секілді жып-жылы шебер жасалған бедер.
Бірақ, мен мұнда қандай бір қалып пен жаттанды үлгі туралы айтып отырған жоқпын. Өлеңдегі ешкімге бой бермейтін арын мен екпіннің бірі екіншісімен нақты байланыста болуы шарт емес. Ауада қалықтаған бұлттардың мұң болып көрінуі – оны көкірек көзімен көре білер ақеспе хас таланты бар ақын Елміз.
Біз. Зәуде кейбір әлетте бей тылсыммен тілдесуші, ерекше жан нәзіктігімен ұштаса келетін сәтті саз шумақтары арқылы дарқан даламен сырласа алар қасиет қонған дарын иелерінің түп ортасында осы Қазыбектер жүр.
Шөліркеген байтақ алап, шыр айнала жан біткеннің аңқасына бірдеңе жетпей тұрғанда ұмай дала көгінен ұлпа аңсаған дүниеге жыр бұршақтары нәр болып жауады.
…Кең дүниеге кеберсіген ерніме,
Ұлпа ұшқындар қонбай жатып ериді… –
деген бір тосын жолдар тура сезімге оралады. Алтайдың ақиық иінді асқарларынан хабаршыға қайырылатын қайран тамшылар сынды. Табиғатпен табиғатша ымдасу!!! Түн мен таңның түйіскен жиегіндегі үлбір шуақтың өлең болып келер һәм жымдасу тұсы осы аралық. Ақынның әлемі басқа ғаламның бір үзігіндей дара. Ақын тек ол, өз әлемінің ғана ықтиярында өмір сүреді…

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір