ДЕРЕКТІ ПРОЗАҒА ШОЛУ
«Биылғы жыл қорытындысына арналған әдеби жиынның өтетіні туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде алдын-ала жарияланғандықтан, Жазушылар одағының деректі проза қоржынына 30-дан астам автор өткен жылы жарық көрген кітаптарын тапсырған екен. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқтап, көркемдігін саралап, жетістігі мен кемшілігін кеңінен талдап, тоқталып жатуды уақыт көтермейтініндіктен, басты-бастылары туралы сөз қозғауды жөн көрдік», – дейді 2018 жылғы деректі проза бойынша баяндама жасаған жазушы Өтеш Қырғызбай.
Баяндамашы өз сөзін көрнекті жазушы-ғалым Мамытбек Қалдыбайдың «Мен қазақтың баласы» атты деректі романының ерекшелігін айтудан бастады.
«Халқымыздың ержүрек батыр ұлы, даңқты қолбасшы, әскери ғылымның білгірі Бауыржан Момышұлының болмыс-жаратылысы, шешендігі мен көсемдігі, ұлтжандылығы мен қайраткер-қайсарлығы, батыл да тік мінезділігін өмірлік деректермен әрлеп, тартымды да шебер жаза білуімен ерекшеленеді».
Келесі тоқталған кітабы – жазушылар Жәди Шәкенұлы мен Қайрат Айдарханұлының «Алтай алыптары» атты деректі хикаяттардың басын құраған кітабы.
«Алтай алыптары» «Алтайдың ар жағында өмір сүрген ұлтымыздың танымал балуандары туралы тың деректерді оқырманға ұсынуымен құнды».
Бұдан кейінгі сөз қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлының «Қазақ детективінің атасы» атанған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Тағдыр мен майдан» атты кітабы жайында өрбіді.
«Тағдыр мен майдан» – «ұлттық әдебиетімізде детектив жанрына тыңнан түрен салған жазушының өмірдегі шытырман оқиғаны шынайы тіршілікті шымыр да нанымды кестелеген шығармалары туралы ой өрбітеді».
Баяндамашы ендігі кезекте жазушы Дәулет Сейсенұлының «Нартұлға» сериясымен жарық көрген «Жәнібек Кәрменов» атты эссе, хикаяттар мен пъеса кітабы жөнінде айтты.
«Биылғы жылы туғанына 70 жыл толатын әйгілі сазгер, өнер зерттеушісі, белгілі жазушы Жәнібек Кәрменовтің өмір мен өнердегі жолынан нақтылы деректер келтіріп, сол шындық жайттардың шеңберінде көркемдік ой өрбітуімен есте қалады».
Сондай-ақ, «Жазушы Зәмзә Қоңырованың ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша жарық көрген «Жүрегімнің қалауы» атты публицистикалық мақалалар мен көркем очерктер жинағы да Ө.Қырғызбайдың назарынан тыс қалмады.
«Шыңғыс ханның өмірлік ұстанымы, ата-тегі, дініне байланысты тарихи деректерді салыстыра зерттеген «Шыңғыс хан – әлемдік тұлға» атты ғылыми-сараптамалық мақаласы және Мұстафа Шоқайдың екі томдық шығармалар жинағы туралы интеллектуалдық сұхбаты, өзге де оқырман көңілінен шыққан өткір мақалалары мен сыр-сұхбаттары тосын ой-ұсыныс айтуымен есте қалады».
Бұдан соң сөз болғаны – Жазушылар одағының мүшесі Баян Болатханова мен белгілі кардиохирург Асқар Рысбековтің жары, Халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Клара Бұланбайқызы екеуі құрастырған «Мың бір жүрек лүпілі» атты деректі әңгіме, сұхбат пен естелік кітабы…
(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)