Уызына жарыған ұрпақ ұлағатты
02.05.2019
1044
0

Арасанбай Естенов

Әдеби жыл қорытын­дысында балалар әдебиеті бойынша баяндама жасаған Арасанбай Естенов баяндамасын әдебиет кеңістігіндегі балаларға арнап жазылған шығармалардың маңыздылығына біршама тоқта­лудан бастады.

«Көркем әдебиетті көпшілікке ортақ ұстаз деп алсақ, балалар әдебиеті – сол көркем әдебиеттің уызы. Ұлттық салт-санамыз бен ата дәстүріміздің, халықтық педа­гогикамыздың уызына жары­ған толыққанды жас ұрпақты тәр­бие­леудегі балалар әдебиетінің атқарар рөлі айрықша екені бар­шамызға жақсы мәлім. Бесік жырынан бастау алатын тәрбие арқауы жұмбақ, жаңылтпаш, ер­тегі,тақпақ, «Момынбайдың Кө­шегі, Мойнының кірі бес елі» (Ө.Тұрманжанов) секілді мазақтама өлең болып жалғаса береді. Жаман қылықтардан жирендіретін осындай өлең жолдарын жаттап өскен баланың бөтен әдеттен бойын аулақ ұстап, тазалық, адалдық, имандылық сияқты жақсы қасиеттерге жа­қын болып өсері заңды да. Мұны кітаппен, әдебиетпен тәрбие­лен­ген біздің буын өкілдері жақсы біледі».
Арасанбай Естенов мырза одан ары балалар әдебиетнің бүгінгі шет қалып жатқан өзекті мәселелері жөнінде сөз қозғады.
«Осындай тәрбиелік мәні зор балалар әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы қандай дегенге келсек, көкейде қордаланып қалған түйткілдер де аз емес. Ретімен айтар болсақ, жыл сайын (2006-2008 жж.) өтіп тұратын «Астана – Бәйтерек» атты балалар әдебиетінің барлық жанрын кеңінен қамтитын тамаша конкурс болған еді. Өкінішке қарай, ғұмыры өте қысқа болды. Одан кейін он шақты жыл бойы өткізіліп келген Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің де қазақ балалар әдебиетіне қосқан үлесі аз болған жоқ. Балалар әдебиетіне оннан астам жаңа есімдер келіп, материалдық ынталандырудың арқасында конкурсқа катысушылар саны молая түсті. Бәйге алған шығармалар орыс тіліне аударылып, екі тілде шыққан «Кәусар бұлақ», «Чистый родник» атты кітап мектеп кітапханаларына тегін таратылды. Бірақ бұл игі бастама да он жылдан арыға бармай үзіліп қалды. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Балауса» конкурсының да жариялануынан жабылуы тез болып, екі-үш жылдан аса алған жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан ұйымдастырылған «Рух» конкурсы да бір жылт өтті де, ғайып болды. Әзірге қалғаны «Алтын қалам» конкурсы ғана. Мұнда балалар шығармаларына арналған бір ғана аталым (номинация) бар. Оған да тәуба. Әрине, мүмкіндік болып жатса, мұндай игілікті іс-шараларды үзбей жалғастыра беру абзал болар еді».
Баяндамашы бүгінде балалар әдебиетіне едәуір үлес қосып жүрген авторлардың тізімін атап, өсіп келе жатқан біршама жас қанаттардың барын айтты.
«Алайда, «әдебиетті ардың ісі» деп білетін қаламгерлеріміз конкурс тоқтап қалды деп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Жазып жатыр, жазғандарын «Ұлан», «Балдырған», «Жыл он екі ай», «Айгөлек», «Балабек» сияқты балалар басылымдарында жариялау үстінде. Қазақ балалар әдебиетіне қал-қадерлерінше үлес қосып келеді. Мұндай қаламгерлер қатарында Нұрхан Жанаев, Әли Ысқабай, Тұрдақын Жексенбай, Оразбай Байбақов, Тілеуғазы Бейсембек, Шәкен Күмісбайұлы, Серікбай Оспанов, Көмек Ыбраев, Ақылбек Шаяхмет, Жақсыгүл Қалжанова, Бақыт Исаева сынды көптеген ақын-жазушыларымыз бар. Жас талаптарымыз да өсіп келеді».
Баяндамашы балаларға арналған кітап санының жетіс­пеу­шілігі жөнінде өз пікірін ортаға салды. Оның пікірінше, бала­ларға арналған кітап жазатын қаламгерлер кітаптарын өз қаржыларына шығаруға мәжбүр…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір