Қазақ поэзиясының бүгінгі тынысы
Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы баяндаманы белгілі қаламгер Нұржан Қуантайұлы жасады.
Нұржан Қуантайұлы
Поэзия – бір болмыстың емес, мың болмыстың жиынтығы. Өйткені оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән сезім, қасиеттің бәрі бар. Сол себепті де Ромен Роллан: «Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін ой – оның сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі», – деп жазады. Былтыр қазақ поэзиясының әсерлі жырлары мерзімді баспасөзде де біршама жарияланды. Баспасөз беттерінде өлеңдері жиі көрінген Темірхан Медетбектің, Исраил Сапарбайдың, Иран-Ғайыптың, Зейнолла Тілеужановтың, Серік Ақсұңқарұлының, Тыныштықбек Әбдікәкімовтің, Ұлықбек Есдәулеттің, Аманхан Әлімнің, Қорғанбек Аманжолдың, Байбота Серікбайдың, Есенғали Раушановтың, Бауыржан Жақыптың, Гүлнәр Салықбайдың, Маралтай Райымбекұлының, Жарас Сәрсектің және т.б. ақындардың есімдерін ерекше атап өту ләзім. Қаламгерлердің жаңа жырлары өлеңсүйер оқырманға жақсы әсер қалдырғаны анық.
Енді Қазақстан Жазушылар одағына тапсырылған, 2018 жылы жарық көрген отыз шақты поэзиялық кітапқа үңіліп өтелік. Қазақ философиялық поэзиясының басында тұрған, ұлы ақын Шәкәрімнің «Иманым» атты жинағы «Арыс» баспасынан жарық көріпті. Есімізде, бұл кітап бұдан жиырма жыл бұрын осы атпен, осы форматпен шыққан еді, қалың оқырманның сұранысы бойынша қайта бір басылған сияқты.
Көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің «Өлке» баспасынан шыққан «Махамбет майданы» атты жинағы оқушысымен қауышты. Бұл кітапта Махамбеттей дауылпаз ақынның қилы тағдыры, ол ғұмыр кешкен аумалы-төкпелі уақыттың улы зардабы, шабылған ел, сабылған ердің шерменде өмірі шынайы суреттелген. Рафқаңның ақын көкірегінен құйылып түскен жыр жолдарын толқымай оқу мүмкін емес. Бауырын жазып шапқан ақынның терең ойлы, өр рухты жырлары ерекше сүйсіндіреді. Бұл кітабынан ақынның ширыққан ойлары, елге, жерге, туған халқына деген шынайы сезімдері Махамбет мінезі арқылы өлең болып өріліп, өзгелерден ерекшелендіріп тұр.
Жұлдыздайын жарқ етіп жайсаң сөнер,
Зұлымдыққа бұл қоғам қайдан шебер.
Сауыт киген ер қазақ не болады,
Қамыт киген өгізге айналса егер, –
деген шумақтармен «Махамбет майданы» еңбегінде ақын азаматтық пафоспен, шынайы тебіреніспен оқырманын бей-жай қалдырмайды. Ерлік пен елдікті жырлаған бұл кітап – былтырғы жылдың табысты шығармасы.
Көрнекті ақын Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз» атты жинағы сырлы, лирикалық жырларға толы екен. «Ой іздедім ылдидан, – Өтті даңқ бұрылмай» деп басталатын өлеңінде ақынның өзі:
Сап, сап, көңілім, сен аспа,
Саған сеніп келіп ем…
Тағдыр мені о баста
Табиғатқа теліген, –
деп өзі айтқанындай, оның табиғатпен астасқан, жыл мезгілдерінен тамшылаған тамаша, лирикалық өлеңдерінің мұңлы лебі, философиялық мазмұны орыстың ұлы ақыны Тютчевтің ерекше жырларымен үндескендей. Мысалы, ақын жастық шағын сағынады, қайран он сегізіне арнап былай деп жазады:
Қаздың қоңыр дауысына
Жаз жамырап көшкенде,
Солқыл соқпақ ағысында
Күз салқынын кешкенде,
Сені іздедім, жалғыз келдім
Қызыл қанат кештерге, –
Осы өлеңнің өзінен-ақ Нармахан Бегалыұлының қайталанбас, ғажайып ақын екенін сезінуге болады. Қыс та, күз де, жаз да болып сезімді селдеткен ақынның, ерінбей санап шықтық, осы жинақта елуге тарта өлеңі тек көктем мезгілімен сабақтасып жатыр екен, жастық шақ, махаббат, сағыныш сезімдерін жырлаған жырлардың бәрі – дәмі таңдайда қалатын, сыршыл, таза лирика. «Қызыл суда көктем ағып бара жатқанын» көрген ақын «қыстың соңғы ертегісі бәйшешектің бірте-бірте өріктің бұтағына көшіп» алғанын да байқап қояды.
Сәулелі сәуір,
Көкпеңбек
Көктем боп келдің.
Көптен-көп
Рақмет!
Жастық өткен жоқ,
Кеткен жоқ менен махаббат,
Мың алғыс, көктем көкпеңбек! –
деп жырлайды ақын. Лирикалық шумақтардың тал бойынан керемет образ, кестелі тіркестер мол ұшырасады. Мәселен:
Өмір – состав, бар салмағын көтерген
Қосылмайтын қос рельс біз енді.
немесе:
Көкжал теңіз арсылдап,
Жағалауға қуалайды ұйқыны.
Осы кітабын оқи отырып, үлкен ақынның үнемі ізденіс үстінде екенін байқадық, жылдар өткен сайын талғам ұстанымының биіктеген үстіне биіктей түскенін аңдадық. Нармахан Бегалыұлының әр өлеңінде сырлы әуез, күмбірлі сезім бар, жаңа өлеңдері жан сарайыңды ашады. Сөз жоқ, Нар-ағаңның жиырма екі баспатабақтан тұратын, «Жаз-жалбыз» атты, бұл жинағы – қазақ поэзиясының зор табысы.
Белгілі ақын Мырзан Кенжебайдың «Өттің, дүние» атты жыр жинағына кейінгі жылдары жазылған өлеңдері еніпті. Ақынның әбден кемеліне келген, қалыптасқан, толысқан шағындағы шығарған жыр кітабы арнайы атап өтуге тұрарлық. Шайыр өз жүрегінен өткізген сезімдерін, ойларын көркем, шынайы өрнектей отырып, замандастар өмірін, қоғамдық өзгерістер тынысын алға тартады.
Балбырап жатыр арқасы қызып тастың да,
Бір бұрым бұлақ бүлкілдеп шалғын астында.
Бұрым мен гүлдің жайылса исі ғаламға
Менің де жаным басқаны аңсамас мұнда.
Мырзан Кенжебайдың «Батихаға», «Арыздасу» сияқты көптеген өлеңдері адам жанын тебірентпей қоймайды. Жырларында терең ой, тәтті мұң қатар жүрген, нәзік сезімнің жыршысы азаматтық лирикаға да ат басын бұрып, ұлтымыздың басында үйіріліп тұрған үлкен проблемаларды сыншылдықпен көре біледі…
(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)