Хрущевке неге тағзым етесіңдер?
24.04.2019
959
0

Насыр ФАЗЫЛ

Қылышынан қаны сорғалаған Кеңестік саясат құрамындағы ұлттарды құлдық санада құрсаулауды басты мақсат тұтты.
Халықтың сорпа бетіне шығарларын Коммунистік партияның уысында ұстады. Зиялы қауымға айтқанын істетті, дегенін орындатты. Қияс тартқандарын қараңғы қапаста аяусыз жазалап, темір торлы лагерлерге айдады. Басқалардың еңсесін езу үшін «ұлтшыл» деген «серкелерді» атты.
Ұлттар идеологиясын жасаушылар да, сол идеологияны жүзеге асырушылар да халқы құрмет тұтар ақын-жазушылар екенін түйсінген билік басындағылар олардың шығармашылық қуатын да шектеп, тек тапсырыспен ғана «шабыттандырады» Кеңестік осы зұлымдық саясатты шығармасында әшкерелеген өзбектің классик жазушысы Насыр Фазылдың «Еске алсаң, көңіл жадырар» атты кітабынан шағын үзіндіні Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Кітапты белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы аударған Жалғасы алдағы сандарда жарияланады.

Тәуелсіздік – ұлтымыз үшін қол жеткен асқақ биіктік. Сол биіктен арқамызға көз салсақ, арғы-бер­гі тарихымыз көз алдымызға ай­на-қатесіз келіп тұра қалады: басы­мыз­ға киілген ноқта және сол ноқтаның жүгені «ағаларымыздың» қолында болатын. Сәлем берушілер біз едік те, «әлейкүм» айтатындар олар еді. Қаласа сәлеміңді алатын, қаламаса қолын бір сілтеп жүре беретін. Жәбір-жапаны біз шеккенімізбен, жақсы атақ олардікі. Әйтеуір солар­ға жақсақ болды. Сөзге тиек болып отырған өткен шақта «ағаларға» жағу үшін не қылмадық? Бір ға­на әдебиет саласын айтайық. Құ­лаш-құлаш мадақтар жаздық. Шық­қан Күнге теңедік, «халықтар ұйытқысы» деп қуандық. Жергілікті бұйрық берушілер – үкіметтегілер болса, оның бәрін атқарушылар, әрине, өз ақын-жазушыларымыз. Бұның бәрін бақылап отыратын Жоғарғы Кеңес болатын.
Егер есімнен шыға қоймаса, ең соңғы жазбалар 1963 жылғы Никита Хрущев дәуірінде жазылған екен. Әдетте жазбалар «менмін» деген ақындарымыздың қолы­мен Тәшкенде жазылып, Москвада ауда­рылып, оларға ұнаған жағ­дай­­да ғана өз газеттерімізде ба­сы­­латын. Бір жолы да солай бол­ды. Ғафур ака бастаған бір топ танымал ақындарымыз дайын қол­жазбаларын жолма-жол аудартып, орыс тілінде сөйлету үшін кеше кешке Москваға жол тартып, «Ук­раи­на» қонақүйіне жайғасқан бола­тын. Олардың ішінде Ғафур ака жақсы көретін, биязы, жуастау Мир­темір ака да бар.
Ғафур ака әдеттегідей ерте тұр­ып, төменгі қабатқа түсті. Ол жерде ешкім жоқ, тек киім тапсыратын гардероб қызметкері қалғыған қал­пында. Көшеге беттеді. Ауа аш­ық, жанға жайлы леп еседі. Бұл мей­манхана алдынан «Москва река» өзені ағып өтетін. Сондықтан да ауасы таза, мөлдір.
Ғафур ака қайта ішке кіргісі кел­меді. Өзен бойлап, таза ауа жұтқысы бар. Қонақүйдің оң қабатындағы әсем орындықтарда едәуір жасқа келіп қалған екі-үш кісі даурығысып әлденелер жайлы әңгіме айтып, тіптен бәстесіп жатқанға ұқсайды. Қолдарында газет. Ғафур аканың ойына «бұлар бас жазуды ерте бас­тап жіберген ішкіштер ме деген де ой келді. Бірақ бір нәрсенің болғаны анық. Өте анық. Артына қайтып, мейманхана алдындағы газет-журнал сататын дүкеншеге бұрылды. Жаңа түскен газеттерді сатушы тақтап қойып жатыр. Ғафур ака «Правда» мен «Известия» газе­тін алды да аулағырақ барып көз жүгіртті. Екі газеттің де алғашқы бетінде ірі әріптермен терілген «ин­формациялық хабар» деген та­қырыпқа көзі түскені сол еді, бойын белгісіз бір діріл биледі. Бұл қандай тітіркену екенін өзі де білмеді. Дұрыс қой! Алпауыт бір мемлекеттің басқарушысын масқара қылып орнынан босатып жатса! Тітіркен­бей қайтсын! Тітіркенудің де әр түрі болады. Адам қорқып қалғанда тітіркенеді, тұла бойын билей ал­май қалатыны бар. Ғафур ака­ның қолдары дірілдемегенімен, жанына бір ғажайып нұр құйылып, денесін жеңілдеткен қуаныш лебі байқалған. Бұл қуанышын ақын інілерімен бөлісуге төртінші қабат­қа тез көтеріліп, бөлмесіне кірді. Оян­ған бойда жуынып алса да, жуы­натын бөлмеге қайта-қайта кіріп, мұздай сумен жүзін шайды. Сүртінген соң дереу қолын теле­фон­ға созды. Ойына алғаш келген Миртемірдің нөмірін тере бастады…

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір