Өз орнына қою керек күнді алып!
23.04.2019
205
0

Айбек Ережеп

Өмір жанарындағы өлшемдер

I

Ай сәулесі көктен құлап түскенде,
салмағынан шатыры үйдің зар қақты,
Түн жапырақ жайып,
жеміс піскенде,
Түп жусанға зіл қара жер толғатты.
Жұлдыз біткен қанат қақты жымиып,
Көлеңкесі көлге сүңгіп су-су боп.
Самал сырын тыңдап қалған түн ұйып,
Тереземде ілінгендей бұл сурет.
Ақша бұлттар жұмақ жайлы түс көріп,
Ұйықтап жатқан арулардың күймесі.
қолымдағы қауырсыным құс болып,
айдыныңа қона қал да, билеші!…


Бекжан ЕРЖІГІТ

Хор қызы

Дауылсыз түнде әсерленіп жыр-дастаннан,
Қиялға еліктім жанарымды алмай
жас талдан.
Жан ерітетін үніме жібіп хор қызы,
Аз ғана сәтке асығып кепті аспаннан.

Күбірлеп күлді
Түсіне алмадым сөздерін,
Жанына жеттім, текке тұруға төзбедім.
Тәтті жырымнан тапжылмай қалып
кенеттен
Тік қарамады кірпікпен қымтап көздерін.

Дастанды үзбедім, таң атуына таман шақ
Көкке ұшты кенет, жанардан жасым
тамар сәт,
Сағынамын деп жаңбырын төкті
жерге әсем
Қимай қуып ем, бұлттардан қойды
қамал сап.

Бейнесін аңсап беймаза еттім сананы,
Бақ-берекемнің соқырға айналды жанары!
Күтумен оны талай дастанды тауыстым
Жамалының бір жібімей қойды қабағы.

Кеткенін ойлап жегідей жанды жеп тынам,
Көркем көңілді қаптап қалыпты көк тұман,
Ақ жауын жауса, астынан шықпай апталап,
Хор қызы мені сағынған екен деп тұрам…


Абзал Сүлейменов

Қарға көмілген естелік

Қай жылдан бері тұрғаны белгісіз
Бетон дуалдағы суреттерге қарап,
Еріксіз өткенді еске алдық…

Үскірік аяздың жазды күні сезілетініндей,
Ысқырған желдің жайдары күні
сезілетініндей,
Қарға көмілген ескі көліктегі шалдың
тыныштығын –
Тек сағат тілінің дыбысы ғана бұзады.

Кешеден жеткен әннің 
Көп қабатты үйлердің ауласында әуелегенін,
Кешеден жеткен елестің
Көп қабатты үйлерді аралап кеткенін көріп,
Еріксіз өткенді еске алдық,
Басымызды терезеге сүйеп…


Нұрлан ӘБДІКӘРІМ

* * *

– Таразға көктем келмейтін болды
– Келмейтін болды ол, неге?
– Келетін уақыты келгені кашан?!
Кетпеген әлем гүлдене.
Аяз жүр әлі шымшыма кылық
Суықтығымен сыр бере.
Тараздан қыстың кеткені қашан?!
Жауып тұр кар ма, бірдеңе…!
Адамдар қарды сүймейтін болды!
– Сүймейтін болды, не үшін?
– Қара жер менен солай болыпты
Бүгінгі күнгі келісім.
– «Жер үсті күнді сағынған», – дейді?!
– «Сағынған», – дейді, естідім.
«Сондықтан қара жамылған», – дейді.
…Бәрі де бәлкім кеш бүгін.
– Тіпті
аспанға күн де шықпайтын болды!
– Шықпайтын болды, ол неге?
– Мұңдарға ұксас жер жасырып
Төніп тұр бұлт па, бірдеңе…!
«Адамзат қайғы шегіп жүр»,- дейді.
Бұзады сол тек шырқымды.
Оларға қайғы еншілеп жатқан
Мезгіл ғой мынау – біртүрлі.
– …Көктем уакыты. Алапат аяз.
Беймәлім осы күндері.
Таразда қазір қай мезгіл өзі?
– Білмеймін оны.
Білгенім –
Таразға көктем келмейтін болды!
– Келмейтін болды о, неге?
Келгені қыс та, көктем де емес
Бесінші мезгіл ме, бірдеңе?!


Ержан Жұмабек

МЕН ӨЗІҢМЕН…

Бұлақ көзін ашқызғысы келеді,
Асау толқын тас бұзғысы келеді.
Ақтарылып ақ жаңбырмен селдеткен,
Аспан мауқын басқызғысы келеді.
Ерке Ертіс сәл тасқысы келеді.
(Бәле етекке жармасқысы келеді.)
Ақын жаны табиғаттың сиқырлы,
Сыр-пернесін дәл басқысы келеді.
Біреу тәтті қиялына ереді,
Біреу ән-күй тыңдағысы келеді.
Бауырына келіп кеткен әр жанға,
Барқытбел қол бұлғағысы келеді…
Жұлдыздарын түн жаққысы келеді,
Ғашық жүрек үн қатқысы келеді.
Өз әуенін таңырқатып бұлбұлға,
Қара торғай тыңдатқысы келеді…
Бақ
Беймәлім кімге көңіл бөледі,
Көбелекке гүлге қону – керегі.
Байрақ биік желбіреуді көздейді,
Мен өзіңмен бірге болғым келеді.
Бәрін тастап кетейікші бір жаққа…

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір