Ақжүректерім менің…
12.04.2019
319
0

…Кеше төрт жасар ұлым екеуміз үйіміздің жанындағы дүкенге барғанбыз. Әдеттегідей мұздатқыштан қалаған балмұздағымызды алдық. Кассаға қарай беттемек болғанымда, баламның тағы біреуін алып жатқанын байқадым. «Көп жеуге болмайды. Тамағың ауырады», – десем, «Мынау – бөпеге», – демесі бар ма?! Сөйтсем, жанымызда екі жастар шамасындағы кішкентай балақан тұр. Аузы ашылып, біздің қолымыздағы балмұздаққа қызығып қарап қалыпты. Ұлымның соны көріп те, сезіп те қоймай, бірден балапанды қуантуға ұмтылғанын көрмейсіз бе?! Елжіреп сала бердім…
…Иә, үлгі тұтар адамды алыстан іздеп керегі жоқ екен. Мен мейірімділікті балам­нан үйренемін.

ЖАҚСЫЛЫҚ

Махаббат бар жерде мейірім көктейді, жақсылық өркендейді. Жаратылыс мәнін дәл осылайша топшылауыма жол ашқан – өмір жолымда кезіккен Асыл, Азамат, Вася, Алина, Ирина есімді толып жатқан жақсы адамдар. «Сауап жинау», «жұмақтық болу» сықылды шектеулі ойлардан ада, ешқандай есепсіз, жай ғана махаббатпен жасалған жақсылықтар адамды қанаттандыра, ша­быт­тандыра түседі екен. Жақында сон­дай бір әсерлі оқиғаның куәсі болдым. Сыртқа баламды ойнатуға шыққанмын. Көп ұзамай есік алдына төгілген құм үстінде қызыкты ойын басталды да кетті. Үш дос – Рамазан, Әлихан және Ілияс ара-тұра бір-бірімен керісіп, іле қайта келісіп, ойындары қызуда. Бір кезде жандарына екі жастағы Зара келді. Қолында – үлкен балмұздақ. Келе бірден анасы сатып алып берген тәттіні үш доспен болісуге кірісті. Қалай дейсіз ғой? Балмұздақты әуелі өзі жалайды, сосын – достары, яғни, алма-кезек. Төртеуі де өзара бір-бірімен келісіп алғандай, тәтті балмұздақты тілімен жалай сала сықылықтап күле жөнеледі. Айнала лезде балалардың ештеңе тең келмейтін бал күлкісіне, шат күлкісіне толды да кетті. Титімдей ғана бөбек ешқандай себепсіз достарын қуантқан осынау тап-таза көрініске елжірей қарап тұрган өзім де кідірмей ойынға қосылдым. Тіпті, достарымнан еш қалыспай, анадай жерде кетіп бара жатқан сиырдың мөңірегенін айнытпай салғанымды қайтерсіз. Осылай­ша, күніміз ұмытылмастай боп өткен бәріміз үйімізге көңілді тарастық.
Ал, ертеңіне кішкентай жанның үлкен жүрегі тебі­рент­кен ерекше күйден жер бетіндегі барша жақсы адамға арнаған осы жазбам дүниеге келді.

БАТПЫРАУЫҚ

Жаз шыға күнде кешкісін далада оты­ратын әдетім бар. Бір жағынан, таза ауамен тыныстап, күндізгі тірліктен бой жазсам, екіншіден, үй маңында жүрген балалардың ойындарын қызықтап, қылық­тарына мәз боп күліп, арасында қосыла ойнап, бір сергіп қаламын (мен үшін ең тамаша демалыс). Сыртқа шықсам болғаны, олар да «тәтелеп» әңгімелерін айта жөнеледі. Негізінен, 2,5-5 жас арасындағы бүлдіршіндер. Өздері тапқыр, күнде, әйтеуір, неше түрлі ойын ойлап табады. Бүгін тіптен қызық болды. Бәрі үйлерінен бір-бір шұлық алып шығып, ішіне құм толтырды да, «қапшықтарын» иықтарына салып арқалап жүрді, бокс грушасы қылып жұдырықтарымен ұрғылады, доп етіп аяқтарымен тепті (Балалық шақ, неткен тәтті едің!)… Сәлден соң тағы бір жаңа ойынға кірісті. Кәдімгі целлофан қалтаның қолға ұстайтын жеріне жіп байлап, сосын оны жалауша сияқты жоғары көтеріп, жол үстінде әрлі-берлі жүгіре бастады. Өздерінше ойлап тапқан батпырауықтары. Оның үстіне, кешке аздаған жел де болған. Желге қарсы жүгіргенде қампиып шыға келетін қалтаның биікте қалқи тербелгенін көрсеңіз! Қызығып кеткен мен де өзіме бір «батпырауық» жасап алдым. Қалта неғұрлым жұқа болса, соғұрлым жоғары «ұшады» екен. Сондай-ақ, жіп орнына қандай да бір шүберектің жіңішке қиындысын байлаған дұрыс. Қолыңда мығым ұстайсың. Әп-сәтте мен де кішкентай достарыма қосылып, «батпырауығыммен» жол бойында жүгіре жөнелдім. Әне, көрші әжелер жүздеріне күлкі үйіріліп, сүйсіне қарап қалыпты. Бәлкім, іштей «шіркін-ай, аяғым ауырма­ғанда, мен де мына көңілді топтың ішінде желдей жүйткіп бара жатар ем-ау» деп тұрған болар… Ал, мен көйлегімнің етегі мен кекіл шашым желбіреп, шаттана күліп, желге қарсы жүгіріп барамын. Жүгіріп емес-ау, «ұшып» барамын. Жанымда – ақпейіл достарым. Қолымызда – арманымыздың аққанат құсы сынды «батпырауығымыз».
Е-he-hей, құшағыңды аш, көк аспан! Самға, самға, арман-батпырауығым!

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір