МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҚТАШЫСЫ
12.04.2019
1031
0

Шет елдердегі қазақ әдебиеті, соның ішінде моңғолиядағы қазақтардың ауыз және жазба әдебиетінің туып, қалыптасуы, дамуы туралы сөз болғанда көрнекті әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлының ғылыми еңбектерін айналып өте алмаймыз. Олай болса, бүгінгі сөзіміз тарапта ерен еңбек сіңірген, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Қабидаш Қалиасқарұлына арналмақ.

Қабидаш Қалиасқарұлының ғылым жолы 1963 жылдардан басталады.
Ұлттық әдебиетіміздің шет жерде шашырап кеткен, шашылып қалған, социалистік реализмге тоғытылып, ленинизм ілімімен сақадай сай қаруланған заманда қанды қол қоғамның алақанына «мынау менің көмбем, ұлттық мұрам, байлығым» деп жайып салу дегеніңіз оққа кеудесін тосқандай ерлік еді.
Осындай өлермен жанкештіліктің нәти­жесінде 1969 жылы астыртын саяси, ашық рухани, пәрменді психологиялық соққы, қысым, кедергілерді көре жүріп, көкейкесті арманына қол жеткізді. Қазақ фольклоры, халық ауыз әдебиетін жинақтап, зерттеп, қазақ әдебиет тарихына қомақты үлесі қос­ты. Қабидаш Қалиасқарұлының «Баян Өлгий қазақтарының халық ауыз әдебиеті» атты еңбегі жарық көреді. Ұмыт болып бара жатқан, ескі көздердің көкейінде ғана сақталған, жаңарып хатқа түспеген халық ақындарының қаншама інжу-маржандары жарқырап қайта оралды. Олар: Тауданбек Қабанұлы (1830-1908), Төлебай Бөжекұлы (1858-1924), Мешел Қожекеұлы (1858-1928), Ақыт Үлімжіұлы (1966-1939), Отарбай ақын (1882-1953), Нәжікеш Таңқайұлы (1885-1953), Оңашыбай Ірбітұлы (1892-1953), Бұрқасын Тауданбекқызы (1905-1968) қатарлы халық ақындары еді. Бұл Қабидаш Қалиасқарұлының қазақ фольклоры, халық ауыз әдебиетін жинақтап, қазақ әдебиет тарихына қосқан қомақты үлесі.
Ардақты қазақ халқының бағзы за­­ман­нан бері сақталып келе жатқан фольклорының тартымды бір тармағы, бай мұрасы, драмалық әрі театрлық өнері – айтыс. Халық ауыз әдебиетінің осы бір ұтқыр да ұтымды жанрының Моңғолиядағы дамуы мен оның өміршең қызметінің өсуіне өзі мұрындық бола жүріп, Қ.Қалиасқарұлы 1981 жылы «Айтыстың қыры мен қызметі» атты зерттеу мақаласын жазды. Қабаңның «Жомартұлы Тоқтамұрат – айтысқа соңғы он жыл бойы араласып келе жатқан ақын» деуінен айтыс өнерінің Баян-Өлгейде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының өзінде дәуірлеп тұрғанынан хабар береді. Осы еңбегін кейінгі монографияларында толықтырып, байытты. Қабаң «көркем айтыс жасаудың» қыр-сырын, тәсіл-әдісін, әуен-сазын, өлең шумағын, ұйқас-ырғағын, аспап-құралын, айтыскер ақынының ма­қамын, мақсат-мүддесін, тапқырлық қуа­тын, білім деңгейін, үлгі-өнегесін же­ріне жеткізе жіктеп-жіліктеп, «бүгінгі ай­тыс ақынының алдында әдебиетшінің, ақынның, жаңа заман құрлысшысының қоғам алдындағы жауапты міндеті тұғанын» шегелей айтып, «айтыстың барлық қыры мен сырына, иіріміне жан-жақты ғылыми анализ жасап, өте үлкен жұмыс атқарды» (Сейіт Қасқабасов)…

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
ақын-жазушы,
филология ғылымдарының кандидаты

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір