МЕНІҢ ФАРИЗАМ
12.04.2019
232
0

(естеліктен үзінді)

2014 жылдың 23 қаңтары. Мен үшін ең азалы күн болды. Сырласым болған, мұңдасым болған қайталанбайтын ақын, қайсар замандасым болған Фаризашымнан айырылдым. Сол күннің суығы да естен кетер емес. Өз мінезі де қатал еді-ау, күні де суық болды. Астанаға бардым, қоштастым. Аяғым жерді сезбеді, жүрегім ештеңе ұқпады. Құр сүлде болып қалғаным рас. Әбіш Кекілбаевтың сөйлегені есімде. Бірақ, мазмұнын пайымдауға шамам жетпепті. Мең-зең болып, көппен бірге соңғы асына бардым.

1961 жылы Оралдағы Сәкен Сейфуллин атын­дағы жалғыз қазақ мектебін бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Арманым журналист болу еді. Бірақ, ол кезде Н.С.Хрущев билеген кеңестік дәуірдің өз заңы болған. Екі жыл өндірісте еңбек етіп келмей, өмір тәжірибесі­нен өтпей, журналистика сияқты сирек мамандыққа қабылдамайтын. Университет құжаттарымды қайтарып берген соң, ойла­нып-толғанып, Қыздар педагогикалық инс­титутына бет алдым. Өйткені, ондағы жағдай маған қолайлы еді. Жатақханасы мен тамағы тегін оқу орны – әкем соғыс мүгедегі болып оралған мен үшін үлкен медеу екені рас.
Студенттік жырларым облыстық газет­тер­ге шығып жүрген «ақын қыз» атымды қа­лып­тастырып та үлгерді. Қазақ әдебиетінде ол кезде қалам ұстаған қыздар саусақпен санарлықтай аз болғандықтан, Алматы оқыр­мандарына алғашқы өлеңдеріммен таныс болдым. Институтты бітіретін жылы «Жазушы» баспасынан тұңғыш жинағым – «Өрімтал» жарық көрді. Оқырман қауым да, замандастарым да өте жылы қабылдаған кіп-кішкентай кітабым маған үлкен атақ әкелді. Ол кезде оқырман көп еді ғой…
Сол жылдары сонау кәрі Каспий жаға­сын­дағы Манаштың құмында туған Фариза­ның да қолына тиген «Өрімталға» ол да қатты қызықты. Қуанышы мен мұңы аралас хат­тары жетті алыстан. Ол кезде пәтер жалдап жүрген менің біраз хаттарым мен мектептен алған Ленин көсем бейнесі бар мақтау қағаз­дарым, онжылдықты бітірген кластастарым бар сурет альбомдары жоғалды. Архив керек деп ойланатын да кезім емес еді ғой…

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір