Тарихты әдебиетпен астастырған

Халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі Ілияс Есенберлин біздің Атбасарда дүниеге келгендігін, аса талантты жерлесіміз екендігін біз әрдайым мақтаныш тұтамыз. Артында сөз қалдырған әрі өз халқының тарихын қаузап жазып, қазақ әдебиетін аса құнды, мәңгілік өлмес шығармаларымен толықтырып, бай мұра қалдырған жазушының есімін асқақтату шаралары ел көлемінде жүріп жатқандығына қуанамыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді», – деп кемел жазушының қаламгерлік еңбегіне жоғары баға беруі Есенберлин жұлдызын биіктете түседі.
Бүгінгі және келер ұрпақ ендігі арада Есенберлин есімін әрдайым қастерлеп, шығармаларын оқып, терең меңгеріп, өз халқымыздың рухани нәрінен сусындап отыруға міндетті.
Ілияс Есенберлин 1915 жылы Атбасар қаласында дүниеге келген. Болашақ жазушының балалық шағы қиындықпен өткені белгілі. Өйткені, оның балалық және бозбалалық шағы қазақ халқының қайғылы да қиын кезеңіне тап келді. Жиырмасыншы ғасырдың Қазан төңкерісі, одан кейінгі азамат соғысы, 20-30 жылдардағы аштық пен түрлі әлеуметтік сілкіністер Есенберлиндердің де отбасын айналып өткен жоқ. Ілияс бес жасында жетім қалды. Анасының қазасынан кейін төрт бала, Ілиястың өзі және әпкесі Назым, Ілияс, інісі Раунак және әкесінің ертеректе қайтыс болып кеткен ағасының ұлы Ахметқали өгей әкеге қарап қалды. Жағдайлары қиын болды. Ашыққан, жалаңаш қалған кездері де аз болмады. Кейінірек өгей әкесінің қолындағы бұл тұрмыстарына да зар болып қалады. Өгей әке үйленіп кетеді. Әпкесі тұрмысқа шығады. Раунакты туыс ағайындарының бірі асырап алады. Ал тоғыз жасар Ілиясты балалар үйіне тапсырады. Бұл – 1924 жылдың қаңтар айы еді.
Балалар үйінде жетім бала Ілиястың қабілетінің жаңа қырлары ашылады. Ол қабырға газетіне өлеңдер жаза бастайды. Бұл оның әдеби шығармашылыққа жасаған алғашқы қадамы еді. Кейде балалар үйінің алдында отырып алып, ұзақ ойға шоматын. Бала күнінде естіген әңгімелері мен оның кейіпкерлері бірінен соң бірі көзінің алдынан өтіп жататын-ды. Байсалды да ойшыл бала тәрбиешілердің назарына бірден ілігеді. Өйткені, ол басқа балалардан өзінің өр мінезімен, тілазарлығымен ерекшеленген-ді. Бойына біткен қабілетімен таныла білген Ілияс төртінші сыныпты аяқтағаннан кейін Қызылорда қаласындағы көрнекі тәжірибелі мемлекеттік қамтудағы мектепке оқуға жіберіледі. Қызылордада үш жыл оқиды, жетінші сыныпты бітіреді. Содан кейін Қарсақпай қаласындағы аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі қызметіне орналасады. Көп ұзамай Алматының Тау-кен институтының даярлық курсына жолдама алады да, оқуға түсіп, студент атанады. Талантты жас институтта өз ортасына тез танылады. Соның бір айғағындай, студент Ілияс Есенберлин 1937 жылы Қазақ ССР-нің алғашқы Конституциясы қабылдаған І-ші төтенше съезінің делегаты болып сайланған болатын.
Кешегі Ұлы Отан соғысы басталғанда Ілияс Есенберлин де қолына қару алып, майдан даласынан табылды. 1942 жылдың қаңтарында Старая Русса маңындағы шайқаста капитан Есенберлин оң аяғынан ауыр жарақат алып, бір жылдай Кострамадағы госпитальда жатып емделеді де, 1943 жылы мүгедек болып елге оралады.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық-тағы алғашқы қадамын ең әуелі өлең жазудан бастаған-ды. Ақындық қадамы сәтсіз де болған жоқ. Есенберлиннің қаламынан туған жырлар мен поэмалар өз құндылығын күні бүгінге дейін жоймағандығын әдебиеттанушылар айтып та, жазып та жүр. Қаламы төселген Есенберлин кейін ондаған фильмдерге сценарийлер жазып, өзін драматургияда да сынап көреді. Қаламгердің «Таудағы шайқас» пьесасы көп жылдар бойы республикалық жасөспірімдер театрының сахнасында қойылып та жүрді. Бұл шығармашылық үлкен жолға түсудің алғашқы баспалдақтары еді. Есенберлиннің мақсаты – роман сынды кесек дүниелер жазу болатын. Алайда, 1950 жылы Ілияс Есенберлинге жала жабылып, он жылға сотталып кете барды. Қарақұм каналын салудың ауыр жұмысына жіберілді. Ол бұл азаптан Сталин қайтыс болғаннан соң, яғни 1953 жылы ақталып, босатылады. Есенберлинді өмірдің қатал сынағы да, ауыр тағдыры да талантты жанның жазуға, әдебиетке деген құштарлығын өшіре алмады.
«Көшпенділер» трилогиясын жазу 1945 жылдан бастап ойымда болды. 1960 жылы үш романды жазуға кірістім. Ұзақ дайындықтың себебі анық: тарихи материал автордан табандылық пен ұқыптылықты талап етеді», – деген өз естелігі жазушының өлмес шығармаларын жазуға ұзақ ойланып, үлкен ізденіспен кіріскенін айғақтайтын дәлел. Жасы ұлғайғанына қарамастан кейінгі жылдары Есенберлин жылына бір роман жазып отырған көрінеді. Жазушының алғашқы ірі романы «Хан Кене» 1969 жылы баспадан жарық көріп, өз оқырмандарының ойынан шықты. Бұл кітап қолға түспейтін құнды дүниеге, халқымыздың рухын көтерген шынайы асыл мұраға айналды.
Қазақтың арғы-бергі тарихын әдеби шығармаға арқау етудің тың жолын тұңғыш рет Ілияс Есенберлин салды. Әрине, қазақ тарихын жазғысы келген қаламгерлер болды, бірақ батылдықтары жетпеді. Өйткені, тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстандағы ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары» атты тарихи зерттеу еңбегінде Кенесары Қасымұлының Ресей патшалығына қарсы азаттық күресі туралы жазамын деп, 1952 жылы сотталып кетті. Түрмеге түскен, азап тартқан бұдан басқа да қазақ тарихшылары мен жазушылары аз болмады. Үрей билеген шақта көптеген жазушылардың мұндай тарихи тақырыпты қозғауға батылдары жете де бермеді. Міне, соған қарамастан Есенберлиннің «Хан Кене» деп роман жазуы – үлкен ерлік екені даусыз. Әрі Ілияс Есенберлин жай ғана батылдық көрсетіп қоймай, тарихи тақырыпқа ең алғаш сәтті қалам сілтеген жазушының бірі болды. Алайда, Ілияс Есенберлиннің «Хан Кене» романы қаламгердің өзін қуғынға түсірді.
Сол қудалаушылыққа қарамастан Ілияс Есенберлин 1971-1973 жылдары «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тағы да екі романын жарыққа шығарды. Бұлар тарихи трилогияны құраған еді. Жазушы бұл романдарында қазақ даласының ХV ғасырдан бастап, ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақ халқының Жоңғар, Қытай, Хиуа, Бұхар хандықтарымен және Ресей империясымен күрделі қарым-қатынастары жайлы тарихи деректердің бетін ашты. Қаламгердің бұл шығармалары Есенберлиннің нағыз жазушылық қарым-қабілеті мен шынай талантын айқындап берді. Жазушының «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алтын аттар оянады», «Маңғыстау майданы» мен «Өсиет», «Алыстағы аралдар», «Махаббат мейрамы» және «Аққу құстар қуанышы» романдары өз оқырмандарын дер кезінде таба білген дүниелер болды. 1979-83 жылдары «Алтын Орда» трилогиясын жазады. Бұл трилогия және «Алты басты Айдаһар» мен «Айдаһардың өлімі» романдары да Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде көтерілмеген мәселелерді қамтыған туындылар еді. Ал «Алтын аттар оянады», «Алтын құс» романдары әдемілікті, әсемдікті бейнелейді. Сол алтын ат та, алтын құс та 30 жыл өткен соң жаңа геральдикалық бейнелер нышаны ретінде пайдаланылды. Көшпелі өркениет кейпі ретінде жылқы, соның ішінде қазақы жылқының «қанаты» Қазақстан Республикасының Елтаңбасын айқындап тұрса, «алтын құс» дала қыраны ретінде еліміздің Көкбайрағын айбаттандырып тұр.
Жазушы Есенберлиннің тарихи романдары сол кездегі Қазақстанның кәсіби тарихшыларының қолынан келе қоймаған жүкті арқалады. Қаламгер кеңестік идеологияның шектеп қойған шеңберінен шығып, қазақ даласының өткен тарихи кезеңдері мен оқиғаларының және сол кездің тарихи тұлғаларының тұтас жылнамасын жасады. Дала көшпенділерінің мәдениеті мен экономикасын, өмір салты мен әдет-ғұрыптарын батыс елдері алғашқы қауымдастық дәуіріндегі тағылыққа сайып келгені жасырын емес еді. Ілияс Есенберлин өз романдарымен міне, осы көзқарасты тұтасымен өзгерткен жазушы болды.
«Ақын, тау-кен инженері Ілияс Есенберлин проза жазуды кештеу бастаса да, өз ғұмырында он жеті роман жазып үлгерді. Оның кітаптары әлемнің отыздан астам тілінде аударылып, жалпы саны тоғыз миллиондай тиражға жеткен. Әдеби сыншылардың болжауынша, Ілияс Есенберлиннің шығармалары қайта-қайта шығарылып, өзінің жағымды да, әсерлі күшін жоймады», – деп, әдебиет зерттеушісі Ахмет Дүйсембаев жазғандай, жазушының тарихи романдарының ішкі мәні Елбасымызды бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясымен ұштасып жатқандай.
Өзінің төл тарихына сусындап отырған туған халқын сол төл тарихымен табыстырған жазушы Ілияс Есенберлин жүрек талмасы сырқатына қарамастан Мәскеуге барып, өзінің «Алтын Орда» романына жабылған жаладан қорғауға барған сапары кезінде, 1983 жылдың 5-ші қазанда қайтыс болды. Биыл, яғни 2015 жылы аса талантты да дарынды жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына жүз жыл толып отыр. Осыған орай Ілияс Есенберлиннің өзі туған Атбасар қаласының орталық алаңына жазушының ескерткішін тұрғызу туралы мәселе көтеріп, халыққа сол жайында үндеу тастап едім, менің бұл бастамамды аудан әкімі А.Н.Никишов және аудандық мәслихаттың депутаттары бірден қолдап кетті. Арнайы есеп-шот аштық. Жазушының ескерткішін жасатуға арналған бұл есеп-шотқа ең бірінші болып аудандық мәслихат депутаттары алғашқы бір миллион теңге қаржы аударса, аудан әкімі де өзінің бір айлық жалақысын қосты. Ескерткішке қажетті қаржыны халық өз еріктерімен көтеріп әкетті. Осы орайда мемлекеттік және азаматтық, ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлеріне, мекемелер мен ұжымдарға, сонымен қатар «Аждар и К» серіктестігіне, «Қамқор Локомотив» акционерлік қоғамына, жекелеген кәсіпкерлер мен азаматтарға, ауылдық округтердің әкімдіктеріне шексіз алғысымызды білдіреміз.
Енді міне, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің ескерткіші оның өз туған қаласы Атбасардың орталық алаңына көрік беріп тұр. Қаламгердің музейі мәнді де сәнді қалпымен сыр шертеді. Ел мен елдіктің символы Есенберлинге деген өз жерлестерінің шынайы құрметі мен сүйіспеншіліктері мәңгі толастамайды.
Бағдат Борұмбаев,
Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы.