АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА
12.04.2019
2943
0

«Алаш алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп басталатын қария сөзді көп естідік. Оны қазақы отбасында тәрбиеленген, шежіре жаттаған кез келген бала кішкене кезінде естіп өскені белгілі. Ендеше, «Алаш» кім? «Алты алашқа» кімдер жатпақ? Бұл көптен елдің көкейінде жүрген сұрақ.

Шежіре дегеннің иделогия екенін ескер­сек, әу баста осы құрылымды ойлап тапқан саясаткерлер мен шежірешілер нендей мақсат жолында болды? Алдымен «Алаш» сөзіне келсек, қазақта «Атамыз алаш, керегеміз ағаш, түбіміз түркі, түлігіміз жылқы» делінетін қа­нат­ты сөз де бар. Бұл сөздің тым ескі заманның таным-түсінігіне барып тірелетіні белгілі. Қазақтың кейінгі шежірешілері, бұл түсініктен ажырап қалғаннан кейін, әуелгі тамыр үзілген соң, түсіне алмаған сөзін көрші халықтарға теліп беретін бір жаман әдет тапқан. «Алаш» сөзін қалмақ сөзі дейтін тарихшылардың сөзі содан шыққан. Әлихан Бөкейхан Шәкерім Құдайбердіұлының шежіресіне жазған сынында мұны ескерткен. «Алаш – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен қоятын жөні бар емес пе», – дейді Әлихан Бөкейхан.
Ежелгі шежіре жырлар мен аңыздар, көне тарихшылар бұл «Алаш» сөзін айналып өт­пеген. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Алашы деп Моғұлс­тан ханы Ахметті қалмақтар ата­ды», – десе, Қадырғали Жалайыр: «Алаш мыңы болды. Алаш мыңы екі сан, қатаған мы­ңы екі сан еді», – дейді. Жазушы Мұхтар Мағауин осының негізінде сегіз сан алаш ұғы­мын шы­ға­рып жүр. Ал қытайдағы қазақ шежі­реші Нұрболат Оспанұлы Алашты қытайдың Таң династиясы тұсында жасаған, 530-610 жылдар аралығында өмір сүрген тарихи тұлға деп есептейді.
Бүгінгі ғылымда «Алаш елі», «Ала тулы Алаш жұрты» туралы екі түрлі ғылыми түсінік орныққан. Атақты мифолог Серікбол Қон­дыбай «Ала, алағ, алаш, алшын» сөздерінің бәрі «алау, от» сөзінен «жарқырау, алаулау» түсіні­гінен туған дейді. Ал белгілі этнограф Жамбыл Артықбай бізге көрші Ноғай, Баш­құрт­тың жыл­қыны «Алаша» дейтінін негізге алып, «Алаш елі» – «жылқышы жұрты, Қамбар атаның елі» дегенді білдіреді дейді. Белгілі мәдениет­танушы Таласбек Әсемқұлов­тың қазақта жорық атын «алаша ат» дейтіні туралы жазғаны бар…

Ербол АЛШЫНБАЙҰЛЫ

(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір