Қазақ өз күш-қуатына ғана сенуі тиіс
24.10.2015
1205
0
539348_2084867404___________-__________11Айдос САРЫМ,
саясаттанушы
Дүниеде қазақтың қазақтан басқа ешқандай досы жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда ең алдымен қазақтың санын көбейту мәселесі алға шығады. Қазақтың санын көбейтудің бір жолы – қазақ диас­порасы. Одан кейін қазаққа тілеулес тілі мен діні, салты мен дәстүрі етене жақын түркі халықтары. Меніңше, одан басқа қазақ­тың туысы, жанашыры, шын мәнінде бізге көмектесуге пейілді халық жоқ.
Біздің қазақ осыны терең түсініп ал­са, ұлтымыз үшін өте тиімді қағидат болар еді. Көп жағдайда біздегі дін жолында жүрген азаматтар Сирияда жүр­ген адамдарды қазақтың бауырына ба­лайды, арабқа жақын жүргендер арабтарды да бауырымыз деп санап жүр, бұрынғы Кеңес өкіметінің тәсіліне салсақ, орыс ең жақын ағамыз болып шығады. Мұның бәрі мұсылмандық қа­ғи­даттар тұрғысынан қарайтын болсақ, жамағат, үмбет деген ұғымға саяды. Алайда, қазақтың ұлттық тұтастығына кел­генде мұның бәрі бекер әңгіме. Олай дейтінім, Сирияда жүрген бір азамат дүниеде қазақтың бар-жоғын біле ме, жоқ па, ол жағы екіталай немесе араб­тың бізге жаны аши ма, ашымай ма, ол да күмәнді. Орыстың ойын көзіміз көріп отыр. Бүгінгі жағдайда қазақ тек өзіне ғана сенуі тиіс, өзінің білімін, бірлігін ғана арқа тұтқаны жөн және өзінің күш-қуатын тек өз ішінен, тарихынан, өзінің іскерлігі мен ақыл-ойынан іздеу керек. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп жазған Абай бабамыз­дың «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ең­бе­гің мен ақылың екі жақтап», – деген сөзі бүгінгі қазақтың нық ұстанымы болса екен деймін.
Бір қарғанда біздің елде барлығы дұрыс сияқты болып көрінеді. Заңдары­мыз дұрыс жұмыс істеп тұрған сыңайлы, бірақ бір ғана әңгіме жетіспейді. Ол – шы­найы саясат. Біздің биліктің өзі қазаққа бір әңгіме, орысқа екінші әңгіме айтады. Бұл – үзілді-кесілді қате насихат. Мәселен мен осы күнге дейін Ангела Меркельдің немесе Владимир Путиннің орысқа бір әңгіме айтып, баш­құртқа екінші әңгіме айтып отырғанын кездестірген жоқпын. Немесе Меркель­дің, Камеронның, Дэн Сяопиннің айналайын қытайларым, тоқтай тұрыңдаршы мен мына қазақтар­мен бір әңгімені шешіп алайын дегенін немесе Камерон­ның біз ұлы ағылшында­р­мыз, қалған­дары былай болсын деген әңгімесін естіген жоқпын. Ұлттың да, мемлекеттің де әңгімесі бір болуы керек. Яғни, Қазақстанда қазақстандық ұлт деген жоқ, болуы мүмкін емес. Қа­зақ­­станда бір ғана ұлт бар, ол қазақ ұлты. Қазақ мемлекеті. Яғни бұл жердің иесі, киесі, тағдыры, тарихы, дәстүрі, тілі-діні бұл – қазақ. Қазақ болған соң қалғандарын осыған сай үйлестіру керек, оның тәсілі көп. Ал мәселені о бас­та­ жаңағыдай қойыртпақтатқаннан кейін, басқа ұлыс азаматтарының қазақ тілін үйренуге, қазақ тілін құрметтеуге деген шын ниетін өз қолымызбен өзіміз өлтіріп жатырмыз. Бүгінгі күні қоғамды екіге бөліп жатқан ұлтшылдар емес, биліктің өзі.
Кеше ғана қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық, бұл той әлі де жал­ға­сады деп отырмыз. Шынымды айтсам, еліміздің осынау ұлық меркесіне шын көңілмен қуанған орысты, украинды, немісті көрмедім. Мемлекеттік дәрежеде өткізіп жатқан соң, ең болмағанда қа­сымызда отырып, «Құтты болсын, бұл елдің байырғы тұрғыны болмасақ та, осы елде тұрып жатқандықтан, ол – біздің де мейрамымыз», – деген бір де бір өзге ұлт өкілін көрген жоқпын. Мұ­ның өзі көп нәрсені аңғартады. Біз өзі­міз­дің мемлекеттік этносаралық саяса­тымызбен өзге ұлт өкілдерінің мем­лекет алдындағы жауапкершілігін, парызын атүсті етіп, жойып жатқан сияқтымыз.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір