ҮМБЕКЕҢСІЗ ЖЫЛ ӨТТІ
«Бір сөзіне қарасаң,
Аға айтқан ақыл секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
«Средняя дальность» секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
Тұтқиыл дауыл секілді.
Бір сөзіне қарасаң,
Туған ауылың секілді.
Мінезіне қарасаң,
Қарындасың секілді.
Ерлігіне қарасаң,
Барымташы секілді…
Айтып-айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі –
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы!»
Қаламдас інісі Үмбетбай Уайдин «50» атты қырға шыққанда әйдік ағасы Оспанхан Әубәкіров той үстінде осылайша толғанып, жиналған бәріміздің ойымызды оқып отырғандай болып еді… Сол жайдарман сәттен бір жылдан соң Осекеңіміз оралмас сапарға аттанып кетті. Жоқтап қала бердік. Үмбекең:
Мәз боп жүріп мәйекті ойларына,
Мәз боп жүріп достардың тойларында,
Аңқау ақын:
ажал – сұм, дүние – жалған,
осынша опасыз деп ойлады ма?! –
деді, өзі де егіліп, бәрімізді де егілтіп…
Солайша өкінішті жыр жазған Үмбекеңді жер бесігіне бөлегенімізге жыл толды. Отбасы, туған-туысқандары, жерлестері, үлкен-кіші қаламдастары, барша оқырмандары мұңая еске алып жүрміз-ау… 1970 жылдан танысым, жолдасым, сырласым, досым болған құдайы бір құрдасым Үмбеке-ай, қарт «Ғаббеңді» баладай жетімсіретіп кеттің ғой…
Парасатты Үмбекеңнің өмір жолы, шығармашылық бел-белестері әмбеге аян, нәрлі әзіл-сықақ әңгіме-өлеңдерінің, адамгершілік жайындағы тебіреністерінің жинақтары қолымызда. Қарапайым, байсалды бейнесі көз алдымызда, жұмсақ үні құлағымызда.
Үмбекең жазушы ғана емес, ұстаз да еді. Алматыда Абай атындағы №2 мектеп-интернат бар. Дарынды балаларға арналған, қазақ тілі мен әдебиетін кең көлемде оқытатын республикалық білім ордасы. Іргетасы қаланғанына 60 жыл. Үмбекең сол мектепте журналшы мамандығы бойынша жиырма жыл шамасы дәріс оқыды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіміздің журналшылар факультетінде оншақты жыл сабақ берді.
Директор Роза Ербозымқызы Сексенова басқаратын мектеп-интернат ұжымы Үмбекеңнің өмірден озғанына бір жыл болғанына арнап жиын өткізді. Үмбекеңнің өнегелі өмірі әңгімеленді. Шақырылған меймандар естелік айтты. Шәкірттер ән салып, би билеп, күй тартып, Үмбекеңнің өлеңдерін, өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Ұжымның «Қалдырған ізің мәңгілік» («Үмбетбай Уайдаұлының ұстаздық рухына арнаймыз») атты жинақ шығарып, «Үмбетбай Уайдаұлының кабинетін» ашып, аяулы ұстаз әруағын ардақтағанына куә болдық.
Роза Айбозымқызының алғысөзімен ашылған жинақта осы мектепте ұзақ жыл мұғалім болған танымал педагог, Қазақстанға Еңбек сіңірген қызметкер Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, басқа бірнеше мұғалімнің Үмбекең жайында жылы лебіздері, кітаптары туралы пікірлері, шәкірттердің өлеңдері бар. 10-сынып оқушысы Молдахан Еркежанның «Уайдин – ұстаз» өлеңіндегі:
«…Сөз-ісіңіз есімізде сақталар,
Үмітіңіз болашақта ақталар.
Тәрбие алған ізбасарлар бүгінгі
Сіздей ұстаз бейнесімен мақтанар», –
деген жолдар маған шәкірттер қауымының сағыныш сазындай әсер етті.
«Біздің үйдің комменданты – Мариям», – деп жырлаған Үмбекеңнің зайыбы, осы мектепте мұғалім болған, ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін «Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің озаты» атағы берілген Мариям Алданова мектеп-интернат ұжымына өзінің, бала-немерелерінің атынан ыстық ықыласты алғыс айтып, қазақ ғұрпын сақтай, жоқтау жырын оқыды.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ