Төлен Әбдіктің кейіпкерлері
Олар өз биігін жыға танып жатпайды. Және ешкімнен пікір де, мақтау да күтпейді. Графинге құйылған шарапты мас болу үшін емес, тек іштегі тұтанған ойды тарқату үшін, сол ойды сана қабірінен алып шығып, тірілту үшін ішеді. Олар өздерінің деңгейінде әңгімелесетін адам іздейді. Қайшылыққа толы ойлардан азат болу үшін кейде көп сөйлейді. Шығарманы оқи отырып, бір ғажабы, олардың дауысын естуге болады. Жақыннан тамашалап тұруға да мүмкіндік туады. Олар өмірден өзін тапқысы келеді. Шексіздік канондарын санаға қондырып, уақытша тірліктен біржола безінгісі де бар. Олар – адамдармен иық тіресіп, әнтек қалт тоқтай қалып, әр пендеге сұрақ қойып, жауабын күтпестен асығыс қол бұлғап кете беретін жолаушылар. Ескі мәдениет пен жаңа мәдениеттің арасында Буриданның есегі секілді тұтығып қалатыны бар. Кейде күдік пен үмітсіздіктің салмағы жаншып, өз ойына өзі шырмалған Достоевскийдің қара магиялы кейіпкерлері секілді айдалада сенделіп жүреді. Кейде Толстой қарттай елгезектеніп, ғұмыр мәнін, адам өмірінің мәнін, жаратылыс мәнін жете түсінуге бар күшін салады. Олар және «философияны аспаннан жерге түсірген» Сократ секілді өзін танымаққа талпынған үздіксіз ізденіс үстіндегі жандар. Бай болу, бақуатты болу деген секілді дүниелер қарапайым пенделер үшін бақытқа ұмтылу жолындағы альфа мен омега секілді заңдылық болса, бұлар үшін «бір ғылымнан басқаның бәрі де кеселдей» көрінеді. Олар бодандық шідеріндегі бостандықты аңсаған бұлбұл даусындай үмітті, сергек және өз үмітінің ұшпаққа шығарарына өлердей сенеді.
…Жазушының басты нысаны – Адам және адам жаны. Адамның ішіндегі алуан мінез бен әртүрлі халді микроскоппен қарап, шашыраған инфузориялар хаосын тұтастырып жіберетін дүниелердің түбіне үңіле түседі. Сол арқылы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді.
Мұрат пен Дариғаның («Біз үшеу едік») тартысты пікірталасында Мұрат былай дейді: «Біз жаман әрекет жасаудан қорқамыз, өйткені заң бар. Ал жаман ойлаудан қорықпаймыз, өйткені ол ішімізде, сыртқа шықпаса болды деп есептейміз. Сонда жаман әрекет қайдан шығады? Жаман ойдан шығады. Ендеше, неге өмір жайлы, адам жайлы жақсы ойлауға тырыспаймыз?! Қорықсақ, жаман ойдан қорқайық…» Бұдан әрі адамзат баласы жаратылғаннан бергі итжығысқа түсіп келе жатқан мәселелердің криптограммасын қолға алады. Жазушы кейіпкерлері дүниеге селқос қарай алмайды. Не айтса да, жанын жеп, ой-санасын соңына дейін сығымдап сөйлейді…
Батырхан СӘРСЕНХАН
(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)