«Біздің дәуір»
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейінде ашылған бұл көрме Қазақстандағы жас суретшілердің шығармашылығымен таныстырады. Киіз басу, тоқыма, кесте, ши өру, қыш, батик, флористика және зергерлік өнер сияқты техникаларда орындалған бұл өнер түрі аса төзімділікті, зейінділікті және жоғары орындаушылық шеберлікті талап етеді. Көптеген жас суретшілер өздерінің шығармашылық жұмыстарында дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен өзіндік мәдениетіне жүгінеді.
Қазіргі таңда киіз басу өнері әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болып барады. Қолданбалы өнердің бұл түрі тамырын тереңнен алады. Киіздің көлемді формаларға эксперимент жасап көруге болатын кең декоративтік мүмкіндігі бар.
Қазақстанның қазіргі замандағы қолданбалы өнерінде гобеленнің алатын орны ерекше. Гобеленнің отаны – Франция болғанымен, қазақ ісмерлері үшін тоқыма өмірлік кәсіп болды. Тоқыма техникасының көпшілігін меңгерген олар тоқыма бұйымдарының тұрмысқа қажетті 20-дан аса түрін жасады. Жатық қол тоқыманың технологиясы негізінде жақсы дамыған гобелен заманауи өнерге оңай сіңісіп кетті.
Көрмеде Г.Оңғарова, Г.Жораева, А.Оразбаева, Г.Жұбаниязова, Ж.Табылдиева, А.Қуантаева, К.Жылыбаева, Б.Досжанов, Н.Баженова және тағы басқа суретшілердің киіз паннолары мен гобелендерімен танысасыз.
Өткен ғасырларда тұрмыстық бұйымдарды, түскиіздер мен киімдерді әрлеуде халықтық кесте өнері үлкен қызмет атқарды. Бүгінде де кестенің дәстүрлі техникалары жоғары көркемдік бұйымдарды жасауда қолданылады. Б.Зейнелхан дәстүрлі қазақ техникасында, біз кестемен орындалған декоративтік панносын ұсынып отыр.
Экспозицияда Б.Құсайынова мен И.Өзбекованың қыштан жасалған бұйымдар да орын алған. Кез келген қалыпқа оңай көнетін, иленген, жұмсақ саз балшық адамзат тарихында адаммен бірге жасасып келеді. Қыш осы күндері өзінің өзектілігін жоғалтпай, заманауи қолданбалы өнердің қызықты да өзгеше түріне айнала бастады.
Қазақ зергерлерінің озық шеберлігі заманауи зергерлік өнердің дамуының іргетасы болды. Ежелгі мифология мен өнер тақырыбын интерпретациялау әрі қалыптасқан халықтың төл стилін жалғастыру – зергерлік өнердегі басты көркемдік бағыттар. Б.Атыраубаев, Н.Әлиасқаров, Б.Молбаев әйелдер әшекейінің тамаша үлгілерін жасады.
Суретшілердің әрбір буыны өнерге қайталанбас әйтеуір бір жеке үлесін қосады. Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан өнері ұрпақтардың үзілмес байланысы мен өзінің болашаққа терезесінің ашық екенін көрсетіп, өз дамуының жаңа арнасына нық қадам басты. Сөйтіп, зор шығармашылық әлеуетін, жаңа ізденістері және жаңа ашылымдарын жария етті.
Заманауи қолданбалы өнердің көпқырлы палитрасы біздің заманымызға, біздің дәуірімізге серпін береді. Жас суретшілердің туындылары Қазақстан және шет ел мұражайлары мен жеке галереяларында лайықты орын алған.
Жас өнерпаздардың көрмесі 22 қыркүйекке дейін жалғаспақ.