ДАРА ДАУЫСТЫ ДИМАШ
29.03.2019
1184
0

Күні кеше, Наурыз мейрамында қазақтың атын күллі әлемге танытып жүрген Димаш (Құдайберген) Ресейдің бас сахнасы – Кремль сарайында екі күн жеке концертін берді. Соның алдында ғана АҚШ-тың «Әлем үздігі» байқауында төлтума талантымен, сирек кездесетін даусымен миллиардтарға таңдай қаққызғанын бәріміз білеміз. Алғашқы жарыс күнінен-ақ шашасына шаң жұқтырмас сәйгүлікше оза шапқан ол жеңіске бір-ақ қадам қалғанда жолын жас өрендерге беретінін айтып һәм жеңімпазға тиесілі бір миллион доллардан бас тартып, қазақы мәрттік дегеннен бейхабар америкалықтарды айран-асыр етті. Ал, біз, тілеулес ағайыны болмысы бекзат текті ұлдың бұл ірі қадамына бірауыздан ризашылықпен «Бәрекелді!» дестік.

Димаш… Сыр-сымбаты келіс­кен, ақыл, ой, білім, зерде, талант, қайрат, көркем мінез – бәрі-бәрі бір бойында жарасым тапқан қаршадай қазақ баласының есімі бүгінде шар­та­рапты шарлап жүр. Иә, оның азан шақырып қойған аты – Дінмұхам­мед. Алайда өзі бала күнінен жақын­дарының «Димаш» деп атағандарын қалапты. Көптің аузында жүрген «Димаш» деген сөз соншалықты «тіл­ге жеңіл, жүрекке жылы». Тіпті, еркелете, әндете айтуға сұра­нып тұрғандай. Аты ғана емес, заты да ән болып өрілген дарабоз ұланға түр­лі ұлт өкілдерінің тікесінен тік тұ­ра қошемет көрсетуінің сыры не­де? Оның дегдарлығының түп-тамы­ры қандай бастаудан нәр алды екен?
Ең алдымен, Димаш – «көгінен нұр төгілген, жерінен дүр, гүл өнген» киелі қазақ даласының перзенті. Ал, қазақ даласы қашанда таланттарға кенде болмаған. Солардың бірі һәм бірегейі – осы күндері «Азия хан­за­да­сына», «Ғарыштан келген балаға» айналып үлгерген Димаш Құдайбер­ген. Туып-өскен елін жан-жүрегімен құлай сүйген талантты тастүлегінің бойына жусан иісі аңқыған ұлан-байтақ даласы кеңдігін сый етіпті. Шырқағанда, алты қырдан асатын дауысы соның дәлелі емей, немене?!
Ал, шетел сахналарында өзге тілде шүлдірлемей, ана тілінде ғана сөйлеуі, осылайша халқының ме­рей­ін асырып, мәртебесін асқақта­т­уы қандай құрметке де лайық. Тың­дармандары қалт жібермей оқып отыратын әлеуметтік желілердегі жазбалары халқымыздың ғибратты сөздерімен, әсіресе, хакім Абайдың ой маржандарымен өрілуі Димаш­тың әдебиеттен де құралақан еместігін көрсетеді.
Әлем өнерінің азуын айға біле­ген мықтыларын тәнті етіп жүрген қа­зақ ұлы соншалық қарапайым. Мә­дениетті. Қашанда үлкенге құр­мет, кішіге ізет танытып тұрады. Терең­дей барсақ, осының бәрінің қайнар көзі Димаштың шыр етіп дүниеге келген күнінен бастау алған тәлім-тәрбиесінде жатыр. Оны сәби шағынан көкірегі қазына қос қария бағып-қағып жетілдірген. Бала Ди­маш жолында құрбан болуға даяр мейірбан атасы мен әжесінің сүйіс­пен­шілігін саумалдай тоя сімірді, осы­лайша, дүниеде мейірім мен махаб­баттан артық ештеңе жоқ еке­нін терең түйсінді. Көпті көрген ше­жіре қарттардың өнегеге толы аңыз-әңгімелерін тыңдап, ақыл сөздерін құлағына құйды, сөйтіп, тал бойына бар жақсыны жиды…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір