БИЛІК ПЕН ӘДЕБИЕТ
29.03.2019
1382
0

Әдебиет – өз дәуірінің айнасы. Қоғамның қалтарыс-бұлтарысы, рухани құндылығы, пенде баласының өмір жолы мен ой әлеміндегі сансыз ағындар, адам болмысының мың қатпарлы құпиясы – киелі сөз өнерінің мәңгілік тақырыбы. Әрине, әр дәуір әдебиетін парақ­тасаңыз, сол кезеңдегі билік иелері мен қоғамдық формацияның, күңгірт те тылсым оқиғалардың, дәуір көшін бастаған тұлғалар шешімінің, қанымызда тулаған тарихи жадтың ізін байқайсыз. Әдебиет пен билік бір қарағанда бір-бірімен қатыссыз екі әлем секілді көрінгенімен, бірінің ықпалы екіншісіне жүретін тұтас кезеңдер де өткен. Әдебиет саяси жүйенің идеологиясына айналған, нені жазу, нені жазбау қажеттігі жоғарыдан бақыланған кезді де білеміз. Біз газетіміздің бүгінгі санында билік пен әдебиет арасындағы тарихи байланыстар мен оның негізі, өзгермелі қоғамдық формацияның әдебиет әлеміне жасар әсері, Қазақ билігінің жаңа дәуір әдебиетін дамытуға қандай ықпалы боларын жазушы Несіпбек Дәутай­ұлынан, ақын, сыншы Ардақ Нұрғазы­ұлынан, ақын Еділбек Дүйсеннен сұрап көрдік.

– Әдебиет пен билік арасындағы өзара байланыс, тарихи сабақтас­тық дегенде қандай оқиғалар есіңіз­ге түседі?

Н.ДӘУТАЙҰЛЫ:
– Менің есіме бір­ден ақ патшаның «орыс тари­хын ақын А.С.Пушкин жаз­сын» дегені оралады. И.Сталин зама­нын­да ше?.. Иосиф Вис­сар­ио­но­­вич М.Шолоховтан: «Меле­хов­ты партия­ға қашан өткізесің?» – деп сұра­ғанда, жазушы: «Әлі әзір көн­діре алмай жүрмін», – депті ғой… Би­ліктің әдебиетке ықпалы, әсері осындай байланыс арқылы болға­ны жөн шығар. Төл әдебиеті­мізде Д.Қонаев І.Есенберлинді «Жазу­шы» баспасының басшы­лығына қойып, оның шығарма­шылық тағдырына жол ашып берген. Со­сын Кремльдің өндіріс, ауыл ша­руа­шылығы тақырыбы дейтін арнайы қаулысымен «Өрде» іс­петті көркемдіктен жұрдай кітап­­тар қаптап шығып жатты. Жазу­шылар одағының Пленум­дарына озат қойшылар, дихандар шақы­рылған оқиғалар да болды. Ол кезең­дер әдебиетке кері әсерін тигізбесе, өркендеткен жоқ.

А.НҰРҒАЗЫҰЛЫ:
– Бізде әде­биет пен билікті қарсы қоятын әдет, түсінік бар. Ол кешегі өте сая­силанған қоғамнан қалған тү­сінік. Негізі, әдебиет пен биліктің илей­тіні – бір терінің пұшпағы. Еке­уі де адам, қоғам, мемлекеттің сали­қалы өмір сүруіне қызмет ету­ге жаралған. Адамзат қоғамы алға басып, адам бойында парасат­тылық биіктеген сайын, осы түсі­нік тұғырға қона­ды. Айталық, Кең­ес кезінде билік ақын-жазу­шы­лар­ға шоқпар үйі­ріп, нені жа­зып, нені жазбауға жол көрсететін, бүгін билік ешкімге «мынаны жаз, мы­наны жазба» демейді. Мұның өзі біздің қоғам­ның жабайылықтан тағы бір қадам алыстап, дұрыс ба­ғыт­қа бет алып келе жатқанын аң­ғартады. Билік азаматтардың ар-намысын, бос­тан­дығын, ақыл-ойын, көзқара­сын, ұстанымын сыйла­са, өзін мәде­ниетті, парасат­ты ұстаса, жабайылыққа бармаса, әдебиет онымен тыныстас, тағ­дыр­лас өмір сүреді. Әдебиет, өнер өркендесе, ол өзге жұрт алдында биліктің де мәртебесін көтеріп, десін асырады. Меніңше, әдебиет пен билік өз ісімен, өзіне тән мін­дет­пен айна­лысуы тиіс, асыра сіл­темеуі керек. Қайта, әдебиетті одақ­тас, тағдыр­лас көруі тиіс. Әде­биетке, әдеби қауымға жо­ғары­дан «жөн сілте­мей», тең тұ­рып мәміле жасауға бой үйретуі керек. Сонда әдебиет дамиды, өр­кендейді. Себебі, басы­байлы құл­дық санадағы тәуелді адам әдебиет жасай алмайды. Жасаса да, ол негізінен саяси­лан­ған әде­биет деңгейінен ары аспай­ды. Әде­биет – қоғамның айнасы, ол сенің, қоғамның, биліктің жа­байы­лықтан қаншалық алыс еке­нін әйгілеп тұрады. Биліктің әдебиетпен қатынасы оның дең­гейін, біліктілігін, парасат­тылы­ғын әйгілейді. Сондықтан, мә­се­ле­нің тетігі билікте. Қандай билік болса, соның деңгейінде әдебиет болады.

Е.ДҮЙСЕН:
– Әлбетте, бір мемлекетте, бір заңға бағынған бір қоғам ішінде өмір сүріп жатқан­дықтан, билік өкілдері мен әде­биет­шілер (олар да бейресми билік өкілдері деп қараңыз) өзара бай­ланысы тарих беттерінде көптеп кездесетіні айт­паса да түсінікті. «Тарихи сабақ­тастық» дегеніңіздің өзі қызық дүние. Едігені, Ноғайлы әміршісі Темір бидің жанындағы Шалкиіз­ді, Асан Қайғы, Марғасқа жырау­лар­ды, Есім хан тұсындағы талай тағдырлы оқиғаларды хан­мен бірге басынан өткерген Жием­бетті, Бұқар жырауларды, әрісі – Әлішер Науаи, Жүсіп Баласағұн мен бес рет министр бол­ған Гетёні, берісі – Салтыков-Щедринді, үш жыл бойы болыс болған Абайды, Әбіш Кекілбаев пен Олжас Сүлей­меновті, Төлен Әбдікті есімізге түсіруге әбден бо­ла­ды. Бұл тізімге енбей қалып қойған қаншама классиктер бар. Тізім жасау да мақсат емес. Егер мақсат болса, осы тізімге қарама-қарсы ұзын-сонар жазушылар көшін де тізбе­леп жазуға әбден болады. Бұл жерде айтпағымыз – біздің қазіргі БАҚ беттерін кезіп жүрген «Ақын-жазушының бұрын­ғы рөлі халық­ты билікке жақындастыру, бітісті­ру болған» деген сөздер турасында. Бірақ сол шіркін жазғышбектердің «жұпар­лы» таңдайына «билікті халыққа жақындастыру» деген тіркес түс­кен емес. Себебі оның тарих сах­на­сында ілеуде бір кезігетінінен де шығар. Әйтеуір, осы екі мақсаттың бірін ұстын етіп қаншама қалам­герлер қауымы шығармашылығын тастап кетті, тоқырауға ұшырады, өз биігінен әп сәтте түсіп қалды, бар­лық сана­лы ғұмырын сол мақсат жолында құрбандыққа шалды. Бірақ, солар­дың бәрінің де ішінде орындал­маған арманы мен «әттеген-айы», миын мүжіген уайы­мы кетті. Ал, қазір жыраулар кезіндегідей емес, халық пен би­лік­тің арасы мүлдем ажырап тын­ған уақыт. Екінің бірін таңдасаң, біріне жаусың. Екеуі де түбіңе жетпей тынбайды.

Әзірлеген Т.ТАҢЖАРЫҚ

(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір