Өлім мен өмір
29.03.2019
3191
0

Омар Жәлелұлы

«Өмір, өмір!» дейміз бәріміз өзеуреп, өмірге сондай құштармыз, өмірді сонша жақсы көреміз. Бірақ өмірдің өлімге тікелей қатысы бар екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Өмір тек өлім арқылы ғана ашылып, шырайы кіретіні қаперімізге енбейді. «Өлім бұл өмірдің қазынасы», – дейді Мартин Хайдеггер. Хайдеггерден де бұрын қазақ: «Өмірдің қадірін өліп, көрде жатқан біледі» деп айтып кетіпті.

Егер біз өлердей қорқатын өлім өмірдің қазынасы болса, онша жаман нәрсе емес екен ғой деген ойға қаласың. Егер бәрін кесіп-пішіп, ай-шайға қарамай, әке-көке дегеніңе пысқырмай алып кететін өлім болмаса, мына тіршілік не болар еді? Ханға да, қараға да тиесілі болғандықтан болар, бәлкім, мына өмірдегі титтей де болса әділеттіліктің сақталып тұрғаны. Егер адам баласы өзі ұмтылғандай өлмейтін болса не болар еді? Елестетудің өзі қорқынышты. Тіршілік деп аталатын аз ғана өмірде біз бір-бірімізге қандай қиянат жасамаймыз? Дана бабаларымыз «Жа­сай берсе ер азады, ер азған соң ел азады» депті. «Кәрі өлсе Құ­дай­дың бір рақметі» депті. Ал түсініп көр енді қазақты, шамаң жетсе. Біреулер ойлағандай өлімді мақтап, өмірді жерден алып, жерге салып отырған ешкім жоқ. Керісінше, адам баласының осы өмірге өлу үшін келетінін есіне салғанды жөн көреміз. Бабаларымыз ұмытпасын деп бұл сөзді тасқа қашап жазып кетіпті. «Адам баласы өлу үшін туған». Осы тіршіліктің темірдей қағидасын бір сәтке де естен шығармауды бұйырады. «Аяғы жаман төрді бүлдіреді, аузы жаман елді бүлдіреді». Жаман ауыз – жаман ойлайтын, өзінің өлу үшін туғанын ұмытып қалып, аузына келгенін сөйлеп, тіршілік айдынын ластап жүрген ғапыл адам. Абай бұл жайлы ескертеді:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
Өлім. Өлім қорқынышы адамның аяғын тұсайды, адымын аштырмайды. Қазіргі қазақ күнде өледі (мүмкіндіктерінен айырылады), өйткені өлімнен қорқады. Ездігінен. Бабаларымыз бір-ақ рет өлген. «Өзекті ерге бір өлім». Айтарын айтып, жаса­рын жасап барып өлген. Біз «боталы түйе секілді қорадан шыға алмай өліп жатырмыз». Мүмкіндіктерімізді жүзеге асыра алмай бостан-босқа өліп жатырмыз. Нобельді араб әлемінде тұңғыш алған жазушы Нагиб Махфуз өзінің «Біздің көшенің тұрғын­дары» атты романында былай дейді: «Ей, қаланың тұрғындары! Өлімнен қорқуды доғарыңдар. Доғармайынша шынайы өмір сүре алмайсыңдар». Шынайы өмір. Ештеңеден қорықпай, жалтақтамай ойыңдағыңды айту, көлгірсімеу. Тар заманның қыспағында қалған Мұқағалидың өзі осы шынайы өмір сүріп, бар мүмкіндіктерін жүзеге асырған рух иелерін аңсайды:
…Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!
Абай әйгілі «Сегіз аяғында»: «Үкімет – зорлық» депті. Үкіметтің табиғатын айтып отыр. Үкіметтің өзінің логикасы бар, өзінің мақсаты бар. Өз мақсатына жетер жолда ол өзінің бар ресурстарын сарқа пайдаланады. Осы жолда жеке тұлға тұншығып «өліп кетуі» (ашылмай қалуы) мүмкін. Сондықтан жеке тұлғаны бұл қорлықтан өлім ғана құтқарады. Содан да өз заманының қалыбына сыймаған алып Абай: «Өлім бар да қорлық жоқ» деп бір-ақ кесім айтады. «Шал мен теңізімен» әлемге әйгілі болған Эрнест Хэмингуей: «Адамды өлтіріп тастауға болады, бірақ жеңе алмайсың», – деп, Абайдың ойын ашықтай түседі. Өлім – бұл жерде – адамды барлық адамға лайық емес қорлықтан, зорлық-зомбылықтан құтқарушы, азат етуші. Ал өлім қорқынышын жеңе алмаған адам өмір бойы қорлықта, зорлық-зомбылықта өмір сүреді. Ондай ит өмірдің құны қанша?
Еріксіз түсер ылдидан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Тізерлеп өмір сүргеннен,
Көсіліп жатар көр артық.
Бабалардың асқақ философиясы. Мүлтіксіз дүниетанымы. Адам мүмкіндігін шектемейтін ғажайып өмір сүру салты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір