БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАП КЕТКЕН АҚЫН
22.03.2019
1381
0

Қанипа Бұғыбаеваның жырлары оқыған жанға қоңыр күздің беймарал таңын, көктемнің мамыражай шағын елестетер еді. Ақындықты атақ пен даңқ деп ойламаған, өзі қандай қарапайым өмір сүрсе, өлеңі де сондай шынайы шайыр жырларын оқыған сайын өмірдің аса бір мейірімді, шуақты мезеттерін еске аласыз. Аяулы ақынның жұрт көзіне көп түсе қоймаған жырларының бір парасын газет бетіне ұсынуды құп көрдік.


Қанипа БҰҒЫБАЕВА

Адасқан жапырақ

Бұл өмір… болар мәңгі кімге тұрақ,
Өксітіп, жылатады… жырлатып ап.
Басынан биік ағаш желге билеп,
Адасқан келеді ұшып бір жапырақ…

Еркелеп тұрған, туған айға жарық,
Көк орман көлеңкесін пайдаланып.
Бұлбұлдай үні біткен, күні біткен,
Ол енді қонады екен… қайда барып?

Басынан өткерместен жазын әлі,
(Ажалдың суық желі азынады.)
Сызығы алақанның сызығындай,
Жүзіне қандай тағдыр жазылады?..

Қанатын қарағай тұр… қанатқа ұрып,
Сағатын қанша қалды, санап біліп.
Дір еттім. Ескен желдің екпінімен
Адасқан жапыраққа қарап тұрып.

Сыбдырлы… сағынышпен көзімді ілем,
Жер – деген күтіп алар төзім… білем.
Ұқсаттым, уақыт желі қуалаған
Адасқан жапыраққа өзімді Мен…

Бір-бірін әлдилейді таңға тербеп,
Алғандай аспан-жерді жан мекендеп.
Еріксіз көкірегімді ұстай берем,
Жүрегім… сабағында
бар ма екен?- деп…

Әбділданың алма бағынан…

Күтпестен келіп-кет-деп шақырғанын,
Мен қалай, Алатауға жақындадым.
Жол түсіп, саяжайға, ойда жоқта,
Аралап жүрдім, бірде ақын бағын…

Алдымнан ашылғандай сырлы ғалам,
Ән бұлақ, келісімді сылдыраған.
Қызығып қарап едім, қызыл алма
Алаулап, «мені үзші» деп тұрды маған.

Ақынға кәрілік жоқ, арманы асыл,
Сезімге пісіп тұрған таңданасың.
Сілкілеп ертелі-кеш, ауық-ауық
Шайқайды шабыт желі алма ағашын.

Сағынған Қозыдай боп жыр Баянын,
Айтқандай махаббаттың тынбай әнін.
Алма ағаш бойларына сіңіріп бір
Алғандай жердің нәрін, Күн бояуын…

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір