Бабаларымыз жиырма төрт амалды жатқа білген
22.03.2019
1072
0

Болат БОПАЙ:

Наурыз айы – жақсылықтың, қуаныштың, жаңа­рудың айы. Көктеммен ілесе келген мереке – жайна­ған өмірге, шат заманға бастайтыны анық. Жазушы-этнограф Болат Бопайұлы наурыз айының маңызы, осы айдағы ырым мен жорал­ғылар, ауа райы, амал туралы сұхбат барысында таным дерегі мол, қызғы­лық­ты әңгі­ме айтады.

– Халқымыз наурыз айын жыл­дың басы, көктемнің келуі деп есеп­тейді. Ендеше сұхбатымызды нау­рыз айының маңызы туралы әң­гіме­ден бастасақ…
– Күн мен түн теңеліп, Самар­қан­ның көк тасы жібитін осы ай – халқымыз үшін орны бөлек мезгіл. Осы кезде біздің бабалары­мыз малдың аузы көкке, жанның аузы аққа тиді деп қуанған. Сол үшін бұл мереке – салт пен дәс­түр­ге, наным мен сенімге, ырым мен әртүрлі жоралғыға толы ұлағатты мере­ке. Наурыз айында жеті дәм салып, көже жасап, ат бәйгесі, балуан, көкпар сияқты ұлттық спорттық ойындарымызды жаң­ғыр­тып, кейінгілерге ұлағаттап, ренжіскен адамдар татуласып, өкпе-реніш­те­рін кешіріп жатады. Осының бәрі баяғыдан бері келе жатқан ұлы ме­ре­кеде істелетін іс-әрекеттер. Жылдың басы қалай басталса, аяғы да солай болады деп ырым­­дайды. Наурыз мейрамы – ұлттың коды, рухы, ұлт мәдениетін өзгелерге таныстыратын көпір. Кешегі дәстүрімізден жаңылып, отарлық тұмшалаған жылдары осы мерекеден адасып қалып ек. Қазір міне қалпына келіп, жылда тойла­нып жатыр. Сол үшін біздің еліміз­дегі әртүрлі марапаттаулар, шен беру, сыйлау сияқты шараларды нау­рыз мейрамында өткізсе, бұл мерекенің қадірі бөлек болар еді.
– Бұрынғы кезде Қыдыр ата жер­ге түседі деп 21 наурыз күні түн­де үйге қос шырақ жағып қояды деп естуші ек…
– Дұрыс айтасың. Халықтың танымы бойынша, Қыдыр қонған үйге бақ дариды, Қыдыр аралап кеткен мал өседі, тоғай көбейеді деп айтады. Бұрыннан келе жатқан салт бойынша, көже жасаған үйге ел болып келіп, көжеден ауыз тие­ді. Сол үйдегі адамдар келген қонақ­тардан бата алуға асығады. Ал, қыстық амалдарға байланысты ақпан, тоқпан, зымыстан деген кейіп­керлеріміз бар. Осыны ха­лық­қа кең түсіндіру үшін, сах­налық шығармалар ретінде жасап, елге, ұрпаққа ұғындыру керек.
– Бұрын наурыз мерекесі күні халық таңмен таласа тұрады екен. Осының жөні қалай?
– Бұл – таңмен ерте тұрған адам Қыдыр атаның келгенін өз көзімен көре алады деген сенімнен пайда болған. Әдеттегі күннің өзінде де қазақтар ерте тұрып, тір­шілік істейтін болған. Бірақ күн мен түн, хан мен қараша теңелген наурыз мерекесі күні маңдайын күнге сүйгізіп, әдемі киініп, жа­рық нұрды қарсы алған. Тіпті, сыр­мақ, кілем, киім-кешектерді сыртына қаратып, жайып қояды. Осылай істесе олар да қуанады дегені ғой.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір