«АЛТЫН ТАҚ» – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ КӨРКЕМ ШЕЖІРЕСІ
22.03.2019
1712
0

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты көркем фильм жарық көрді. Фильм режиссері – Рүстем Әбдірәшев. Қазақ хандығының құрылу кезеңі, әуелгі тақ таластық пен бақ таластық туралы толғайтын жобаның «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты алғашқы бастауы осыдан екі жыл бұрын көрсетілген. Бұл фильм Керей мен Жәнібек хандардың хандық құрып, ірге кеңейту, мемлекеттің босағасын бекемдеу барысын таспалаған. «Алтын тақ» – қазақ хандығының көркем шежіресі. Көрсетілімі енді басталған фильмнің шығармашылық ұжымымен жолығып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.


Рүстем Әбдірәшев:

«Біз шынында да мың өліп, мың тірілген елміз»

– Әуелі киноңыздың көрсетілімге жол тартқанымен құттықтаймын! Фильм өз көңіліңізден шықты ма?
– Шығармашылық адамы болғасын өз ісіңе ешқашан жүз пайыз көңілің толмайды. Кино ақталғанды түсінбейтін өнер. Мінезіңнің арқасында, күш-жігердің арқасында алып шығасың. Көрерменге сенің қандай жағдайда жасағаның, қандай қиындық көргенің қызық емес, онда олардың шаруасы жоқ. Көрермен өз билетін алып, өзі қалаған киносын көргісі келеді. Шынын айту керек, қазақ киносы соңғы жылдары даму үстінде. «Қазақ хандығы» бірінші маусымнан елдің назарында. Қазір кино бітіп жатқанмен, сериалдың жұмысы әлі жасалуда. Сериалдың өзінің де тынысы бөлек. Көбі Түріктердің «Ер Тұғырыл» фильмін мысалға келтіріп жатады. Ашығын айтсақ, ол телеспектакль іспеттес. Аздап киноның элементтері бар. Ал біздікін ауыз толтырып көп сериалы телевизонды кинофильм деп айтуға болады. Яғни, екі аяғынан тік тұрған үлкен жоба жасалды. Егеменді елдігіміздің арқасында, бірлігіміздің арқасында осындай дүниелер өмірге келді. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп айтуға болады. Ұлттың әкелері болған Жәнібек пен Керей, шын мәнінде, елдің негізін қалаған биік хандар. Біз, расында да, мың өліп, мың тірілген елміз. Әр дәуірдің аласапыран оқиғаларының бәрін ғылыми негіздерге сүйеніп, барынша шынайы беруге тырыстық.
– Түсірілім алаңында болған қызықты оқиға есіңізде ме?
– Тарихи фильмдер жасаған кезде, әдетте, туларды, байрақтарды түсірген кезде, олардың желдей желпіп, әдемі болып тұруы өте қиын. Кейде жел соқпай қалған кезде желдеткіш арқылы жасанды жолмен желбіретуге тура келеді. Қиналып жатамыз. Қаншама әскердің байрағының бәрін желбірету қиын. Ал осы фильмде, бір қызығы, біздің көтерген байрақтардың бәрі де күнмен таласа желбіреп, көзге шоқтай басылып тұрды. Осыған өзім таң қалдым. Түсірілім жоқта жай ғана қимылсыз тұрған байрақтардың түсірілім басталған сәтте желмен таласа желбірей жөнелгенін көріп шынында, ішім жылып, таңданысымды жасыра алмадым. Бұл да бір тылсымның бар екенінің дәлелі.
– Жыраулардың жырлары, жалпы сөз өнері сіздерге көп көмектескен секілді.
– Әкелеріміз тілдің тағдырын, ұлттың тағдырын ту етіп көтеріп өтті. Біз соны барынша жалғастыру үстіндеміз. Осы фильмді бастаған кезде Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин ағаларымыздың еңбектерін қайталап оқып шығуға тура келді. Біз жыршы-жыраулардың тағдырын зерттеу арқылы киноға көп материал таптық. Деректерді рухани тірілтуге көп көмек етті деп айта аламыз. Бізге ескі замандардан деректі фильмдер де, сапалы фотолар да қалған жоқ. Бірақ сол сөз өнерінің күші арқылы біз бұл фильмге көп тұздық таптық.
– Фильмнің аясында біршама ізденіске барғаныңыз білінеді.
– Рухани байлық реттелсе, қалған байлықтың бәрі орнына келеді. Егер адамның жаны кедей болса, ол ешқашан байымайды. Байлық-дәулет жұғысты болу үшін ол адам терең білімді болу керек. Әуезов: «Білім бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы» дейді. Біз білімді болашақтың дәуіріне қарай келе жатырмыз. Ұрпақ қайтадан жаңғыра түсуде. Әдет-ғұрып, дәстүр бәрі жаңарады, түлейді. Міне, наурыз да тойланып отыр. «Ұлыстың ұлы күні» деп жатады. Мен «Ұлы ұлыстың ұлы күні» деп айтар едім. «Ұлы ұлыс» деп отырғанымыз – Алтын Орда. Алтын Орданың тарихи атауы – Ұлы ұлыс.

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір