ЖАҚАЙ КЕМПІРДІҢ СӘУЕГЕЙЛІГІ: НАЙЗАҒАЙДЫҢ ЖАЛЫНА ҚАРЫН ШАШЫ БАЙЛАНҒАН БАЛА
15.03.2019
687
0

Тұрсынғазы Әлпейісов


«Алыс таулар», «Көкшұбардың тұяғы», «Жоңғардың соңғы қашқыны» сияқты төрт жеке кітаптың авторы Тұрсынғазы Әлпейісов – өмірден ерте кеткен жазушылардың бірі. Биыл марқұмның туғанына жетпіс жыл толып отыр. Елуінші жылдардың ішінде әкесі арғы бетте қалып, өзі туған-туыстарымен бергі бетке өтіп кеткен тағдырлы азамат еді.
1974 жылы Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінің комсомолдық жұмыстар факультетіне тыңдаушылыққа қабылданған. Содан кейін Панфилов аудандық комсомол комитетінің Бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы орталық комитетінің жауапты қызметкері болған. Елімізде нарық басталған жылдары белгілі кәсіпкер атанды. Сол қат-қабат жұмыстардың арасында жүріп те қолынан қаламы түспеген ардақты азаматты еске алу мақсатында төмендегі деректі әңгімесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан


(әңгіме)

Көп жылқының арасындағы қара айғыр мен құла биеден туған қарагер құлынның болмыс-бітімі адам сұқтанатындай әдемі-ақ. Көз ұясының айналасы мен жіптіктей сирақтарының, сауырының етек тұстарын саржағал түк басқан, өңге денесін тұтастай дерлік күмістей қара қылшық қаптаған сол жануар – Жылқы жылы малшылар көктеуде отырғанда Қызылеспенің шығысындағы әр жерден момақан төбелері сопаң етіп көрі­ніп қалып жататын үстіртте туды. Шарасында оралып, тұншығып қала жаздаған бейшараны жылқышы Молдахмет тірілтіп алды. Көк көтеріле сол құлыншақ тез аяқ­та­нып, қатарға ілігіп те кеткен. Сүтке тойын­даған өзге құлындармен қосылып, тау жақтан ескен самалға қарсы ойнақ салып, дала төсін дүбірлетіп шапқылайтын да жүретін. Күлтеленген құйрығын көкке тіккен бойы көп жылқыны айнала шапқы­лап, бірде мойнын әнтек көтеріп, қос та­науы­ның буы бұрқырап, жылқының ана шетінде жүрсе, бірде мойнын ішіне қайыра мөңки шауып, теріскен түбінен абайсызда «пыр» етіп ұшқан бозторғайдан үркіп, жалт бұрылып, қалың малдың мына шетіне жету­ші еді.
Жаңағы үстіртті тіліп өтетін қасқа жол өр­лей келе осы төңіректегі ел жайлайтын Бел­жайлауға жетіп тіреледі. Түстігін ақ­сеңгір құздар қоршап, терістігінде аршалы, шыршалы биік шоқылар батыстан шы­ғысқа қарай жөңкіле көшкен өркеш-өркеш таулардың екі ортасындағы масатыдай құлпырған алып аңғар – сол Белжайлау. Алқаптың ортасында жамырай аққан Аяқ­саз­дың өзені оны екіге жарып тастаған. Көкторғындай құлпырған сол жазықтан мал түгілі адам аяғына бататындай түйір тас таппайсың. Жылқышы Молдахмет теріскей жоталарына аршалы, қарағайлы орманы тырмыса өскен, бетегелі, бүлдіргенді Қы­зыл­қия жайлауын мекендейді.
Батыста алапат соғыс жүріп жатыр де­ме­сең, елдің көңілін мереке жайлайтын кез – осы жазғы жайлау уақыты. Соғыс бастал­ғаннан бір жыл кейін туған қарагер құлын жаз бойы көк жайлауда емін-еркін жайылып, төбе-төбеде ойнақ сала жүріп, күзге дейін көздің жауын алардай жұмырланып, ширап барып ойға түсті. Келер жылы қара­гер тай қолға үйретіле келе, онан соң құнан шыға тіптен жұтынып, күні ертеңгі сәй­гүлік­тің дене бітімі айқын аңғарыла баста­ған­дай еді. Жал-құйрығы күзелген қарагер­дің болмыс-бітімінде, жүріс-тұрысы мен мінезінде басқа малға ұқсай бермейтіндей белгі бар екенін сырткөз байқамай қалатын.
Жылқы біткен кейде шашырай, кейде ұйы­са жайылса, анау бір шетте, өзге малдан озың­қырап барып саяқ жайылуды қалай­тын­дай. Шөп басын шалып жеп, аршалы беткейге тырмыса жайылып бара жатқан қалың малдың алдында кішкентай қара но­қат көрсең, соны қарагер деп біле бер. Оны қойып, суатқа келгендегі мінезі де өзгелерден оқшауланып тұратын. Қалың нөпір етекке құлай келе өзен суына бас қойғанда, қарагер жағалауда басын шұлғып, шыбындап тұрып алады. Өзен арнасы малдан босағанда барып, ағынға қарсы жү­ре мөлдір суды мейірі қана, сүзіп ішеді. Со­сын жағалаудағы құм аралас малта тастарды тұяғымен тарпып-тарпып жіберіп, ақ көбік шашқан өзен суына аунайды кеп. Дүр сілкініп судан шыққан жануардың бітімін тілмен айтып жеткізу қиын. Мүлік­тей сұлу қарагердің денесіндегі қылшығы күннің күміс сәулесімен шағылысып, көз ұялта жарқырап кетеді. Ұзын да сом, сіңірлі сирағы төңкерілген кеседей құйма тұяққа әдемі жарасып, құндыздай қара қылшық пен қоңыр сары түк аралас шашағы тал-талданып, желектей желкілдейді. Жасынан ерен туған жануардың шақпақ еті бөлекте­ніп, жаясы да жазықтала бастаған. Жаңағы сом сирақтары үсті серке санға ауысқан күйі жазық жаяға ұласып кетеді. Шығыңқы біт­кен кеудесінің қос тіреуішіндей көрінген алдыңғы екі аяғы бір-бірінен алшақ жатса, артқы аяқтарының бітімі – талтақ. Жуан да, жіңішке де емес, сәл иіңкі келген мойнына біткен тәует басының сағағындағы қос жұдырық еркін сыйып кететін ойығы шүу жүйріктің бір белгісіндей. Қамыстың қия­ғындай сүйірлеу құлағының ұшын саржағал түк қаптап барады. Қырым еті жоқ шүйделі де шықшытты бастағы талыстай танауын ұстаның көрігі дерсің. От шашыраған екі көзінің айналасын сояудай-сояудай ұзын кірпіктері басып тұр. Жаңағы ұзын да сәл иіңкі мойынға біткен күдірейген құлан жал жануарға ерекше бір айбат бітірген. Жадағай жауырын тұсының шоқтығы сәл биіктеу келеді де, құйымшаққа дейінгі белі сом темірдей бітеуленіп кетеді. Жіліншек­тері мен сирақтарын тарамысталған сіңір­лер торласа, шықшыты мен көзінің айналасынан білеуленген күре тамырлары танауға қарай тарамдалып жатыр…

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір