Асқар СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ «АПАРАҒЫ»
15.03.2019
1755
0

(Рәбиға Сыздықовамен әңгіме)

Рәбиға Сыздықованың есіміне бұрыннан қанық едім. Ал, университет бітіріп,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа кірген соң (2017 жылы), ол кісіні жақыннан таныдым. Себебі, Рәбиға апай мен жұмыс істеген Грамматика бөлімінде бірнеше жыл меңгеруші болыпты. Сол жердегі шәкірттері мен тіл ғалымдары апай туралы аңызға бергісіз әңгімелерді үнемі айтып отыратын. Сөйтіп жүргенде абыз ғалыммен жүздесудің орайы туды. Тағдыры да, талғамы да, жаратылысы да бөлек тұлғамен алғаш кездескенде сөзді неден бастасам екен деген ойдың жетегімен, міне, үйіне де келіп қалыппын.

АСҚАР МЕН ОРАЛХАН КЕЛГЕНДЕ…

– …Енді саған Асқар Сүлейменов ту­ралы есімде қалғанын айтайын. Бір күні үйімізге қасына Оралхан Бөкеев пен тағы бір жігітті ертіп Асқар келді. Асқар мен Оралхан екеуі де талантты жазушы­лар ғой. Асқар кіре сала үйімізді думанға бөлеп, саңғырлап сөйлей жөнелді. Жол­дасым қарсы алып жатып, алдымен Оралханға бұрылып: «Мы­нау – менің інім, бір жердің тумасы­мыз, Алтайдың Орал­ханы», – деп таныстырды. Сосын маған бұрылып: «Рекең – Асқардың апайы», – дей бергенде, Асқар Сүлей­менов сөзді жұлып алып: «Ке­ші­ріңіз, Шаха, Рекең бізге апай ғана емес, апарақ болады», – деді. Сонда айтпақшы болғаны, өзі сияқ­ты жас жазушылардың рухани апасы дегені ғой. Бәріміз бірге күлдік. Ол екеуі менің жолдасым Шахан Му­синмен жақсы араласатын дос еді. Сол күні небір жақсы әңгімелер, ойлар, ұлт ісі туралы жобалар, көзқарастар айтыл­ды. Содан бастап Асқар мені қай жерден көрсе де «Менің апарағым келе жатыр» деп құша­ғын жайып, жайдары аман­дасатын.
Бір күні есікті біреу қақты. Ашсам, Асқар Сүлейменов екен. «Апарақ-ау, қатты қуанып тұрмын. Мен ата атандым, ата атандым! Жаңа ғана жиенім өмірге келді. Сасқанымнан қайтерімді білмей, тізгін ұшымен осында жеттім. Қуаны­шымды бірінші апарағыма жеткізейін деп келдім», – деді де, өз анасына айтуға жүгіріп кетіп қалды. Асқарды содан кейін кезіктірмедім. Кейін қайтыс бол­ғанын естігенімде қатты жабырқадым.


Біздің сөз:
Асқар Сүлейменов туралы әркім әртүрлі естеліктер айтып, адамдық тұлғасын, кісілік келбетін, жазушылық шеберлігін еске алып жатады. Көбінің ойы бір арнаға тоғысады: Асқар Сүлейменов – дегдар қаламгер. Рәбиға Сыздықовамен екеуара әңгіме барысында да белгілі ғалым Асқар жайлы ойда қалғандарын айтты. Сол себепті осы жазбаның тақырыбын А.Сүлейменовке қатысты етіп қойдық. Білікті тілтанушы мен талантты жазушының арасында кереметтей сыйластық болғанын кейінгі буын біле жүрсін дер едік.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір