ҚЫРДЫҢ ҚЫЗЫ, ҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ ӨЗІМ – мен!
08.03.2019
1167
0

Гүлзира Серғазы

Қаратөбем –
қасиеттім, киелім!
Топырағыңа тәу етіп, бас иемін.
Жат жұрттық боп,
жырақ жайлап кетсем де
Мен өзіңді баяғыша сүйемін.

Кіндік қаным тамған сенің құмыңды,
Құлағымда қалған бесік жырыңды
Бәрін, бәрін…
кетсем егер ұмытып,
Мен өзіме кешірем бе мұнымды?!

Қаратөбе –
бәйтерек ел мәуелі!
Мен – жапырағың
жайқалдырған тау елі.
Туған жерді сағынғанда жүректі
Елжіретер «Жаймақоңыр» әуені.

Ахау, Айдай!
«Ақ Айдай» мен «Көк Айдай» –
Саралжыннан соққан саумал самалдай!
Қазағымды мұңлық-зарлық сазымен
Тебірендірген кім бар
Мұхит бабамдай?!

Бұлбұл да өзі,
дүлдүл де өзі – Ғарекем!
Топырағына тартып туған нар екен!
Көк түндігін түріп салған даусына
Бүгіндері күллі қазақ зар екен.

Ғалымдықта бір ғұлама –
Қажым бар,
Шежірені тек Қажымша жазыңдар!
Сәбикөңіл Сағынғали сияқты
Ақындықтан ақы алған бар ұлдар!

Сорғалаған саз сүлейі –
Ескендір
«Әдемі-аулап» ән нөсерін төккен бір.
Ескендірдің саздарынан есілген
Ескірмейтін жастық сыры мөп-мөлдір.

Шолпан сынды
айтыстың бар саңлағы,
Мен сияқты шешен қыздар жан-жағы.
Ақын туған, батыр туған жатырдан
Айсұлудай
айдай ханым бар тағы!

Сенен өрген өнер қуған кіл өрен.
Құрманғазы –
көсемсөзде бір төрем.
Арман артып Алматыға жеткенмін
Алдыңғы лек жосып өткен жолменен.

Таудай-таудай ұл-қыз туған төбесің!
Бұл сөзіммен қайсыңның бар егесің?
Ел шетінде елегізіп жүрсем де
Еңсем биік, ес береді елесің!

Қырдың қызы,
құмның қызы өзім – мен!
Туған елді аңсауменен көз ілгем.
Жеңілсем тек нәзіктіктен жеңілгем,
Жығылғаным болған емес сөзімнен!

…Кең даламның шексіз-шетсіз таулары,
Алатау-шың –
– әркімнің де арманы.
Қаратөбем,
аласа сол төбеңде
Ар-ожданым биік тұрса болғаны!
Заман әлі,
адам әлі өзгерер…
Атың аңыз болатұғын кез келер.
Дүниені дүр сілкінтер дастанға
Құмкенттегі жазық далам дем берер!

Саф сағыныш кернеп асау жүрегін
Жылап өтер балаң барын біл,
Елім!
Ұядағы,
қиядағы ұлы елін
Жырлап өтер балаң барын біл,
Елім!
АСТАНАДА…

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір