АЛЛА ЕЛШІН АЛМАТЫҒА ОРАЛДЫ
08.03.2019
1448
0

Әлеуметтік желіде бір білгіш бала чешеннің бе, әлде ингуштің бе, әйтеуір тау халқының қыздарына біткен сұлулыққа тамсанып отырды. Сірә, интернеттен әлдебір дерекке кездесіп қап, соның соңына түсіп алса керек, білгішіміз әлемжелідегі әңгімені қыздыра келіп: «Қазақта осындай сұлу қыздар бар ма?» – деп көлденең сауал тастады. Баланың ойынша, қазақ қыздарына «стандартты» сұлулық жетіспейді екен. Бұны оқыған біз «пәлі» деппіз білгіштің білместігіне налып. Себебі, қазақтың қас сұлулары қалыпқа сыймайды. Олардың көз тұнатын көркем келбетін жартыкеш өлшемдермен қарап, бағалаудың өзі қате. Өйткені, қазақта бәденді әйел баласына қатысты сипаттаулардың түрі көп: аққұба, бидай өңді, ашаң жүзді, қызыл шырайлы,т.б. Тіпті, қараның өзінен қазақ сұлулық көріп, «қараторының әдемісі» дейді. Бұның бәрі қазақ әлемінде өмір сүріп келе жатқан қазаққа түсінікті жайт, белгілі әңгіме. Бірақ, Алла Елшін туралы білетініміз аз, аз ғана емес, ол жайында мүлде естімеген едік десек те болады. Қазақ аруларының қатарында Алланың да есімі аталуы керек. Ал, сонда Алла Елшін (Ильчун) дегеніміз кім?

«…Әлдебір мейрамханада ыдыс-аяқ жуып жүрген қызды даңқты модель атануды армандайтын құрбысы Кристиан Диордың Сән үйіне ертіп барады».
Алла Елшін жайындағы әңгіме, міне, осылай басталады. Теміржолшы-инженер мамандығын игеріп, Түріксібтің құрылысына қатысқан бай баласы Қуанқал Алматыдан Харбин қаласына іссапармен барады да, сонда тұрып қалады. Харбиннің ол кезде Ресей империясына қараған кезі болса керек, осы қалада Қуанқал орыс қызы Татьянамен танысады. Татьяна опера әншісі екен. Екі жас шаңырақ көтеріп шаттыққа бөленіп жатқан тұста Ресейде Қазан төңкерісінің қара дауылы тұрып, Қуанқал Совет жансыздарының қолына түседі. Бір сөзде Қуанқал Сталиннің азапты лагерлерінде – Қарлагта қайтыс болады, бір сөзде ол әйелімен, жөргектегі қызы Алламен Францияға жер ауады. Одан әрі қарай Парижді дүр сілкіндірген Алланың ата-анасы турасында дерек жоқ. Сән тарихын зерттеп жүрген орыс жазушысына бетінің әрі қайтып, қартайған шағында жолыққан Алланың өзі де әке-шешесі жайында тіс жарып ештеңе айтпапты.
Иә, сөйтіп, жуып жүрген ыдыс-аяғын тастай салып, Диордың Сән үйіне әншейін бара салған Алла ертеңінде маэстроның музасына айналып шыға келеді де, есігін Елшін ашқанға дейін елеусіз болған Кристиан Диордың да жұлдызы жанып сала береді. Еуропалық сұлулардың «стандартына» сыймайтын Алланың «бетің бар, жүзің бар» демей айтып жіберетін турашыл өр мінезіне де, кіділігі мен тәкаппарлығына да көлденең тұрмай, көне беретін Диор оны «Менің музам» деп атайды. Расында, арулардың астанасы – Парижге Алла Елшін сұлулықтың жаңа, тосын сипатын, мөлдір музасын сыйласа керек. Ол өз есіміне сай Еуропаға әйел келбетінің бөтен, бөгде болмысын әйгілі етті. Алла – исламға дейінгі Шығыс халықтарында Аллат есімді әйел-Құдай дегенді, көне грек тілінде «ешкімге ұқсамайтын», «тосын» деген сөзді білдіреді екен. Ешкімге ұқсамайтын Алла Елшін еуропалық сәнқойлар мен сән әлемін сүйетіндерді өзінің қыпша белімен де таң қалдырыпты. Әдетте белдің жіңішкелігі бәлекейдей сұлуда 60 см. болса, Алла Елшін ішінен белдемше тартпай-ақ, 46-47 см.мен жүре берген…және 20 жыл. Ол Кристиан Диордың Сән үйінде 20 жыл қызмет етеді. Сол 20 жылда қайран ару тал бойына бір мін жұқтырмаған екен…

Д.ҚАСЕНҰЛЫ

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір